19.12.2021
  308


Автор: Сафуан Шаймерденов

Жанар мен Данар

Бұдан бірер жыл бұрын біздің үйдің көршісінде апалы-сіңлілі қыз балалар тұрды. Үлкені — Жанар алтыншыда, кішісі — Данар төртіншіде оқиды. Олар біріне-бірі сондай ұқсас еді. Тіпті кейбір тосын адамдар Жанарды Данар деп, Данарды Жанар деп айыра алмай да қалатын. Бірақ күнде көріп, көрші отырған біздерге апалы-сіңлілердің өзгешелігі де көп. Жанар болса, сұңғақ бойлы сәнқой бала. Жасы он үште ғана болғанымен селдір өскен өлең шашын төбесіне қоқайтып, сәндеп тарайды. Үстінде шолақ тон, бұтында тар балақ шалбар. Қолында сәнді папка. Өстіп Жанар мектепке келеді. Дәл сонда танымаған адам болса, алтыншы кластың оқушысы емес, осы мектептің мұғалимасы шығар деп те қалар еді. Ал Данар болса, алыстан жақсы көре алмайды, сол себепті көзіне ақ кенерелі көзілдірік салып жүреді. Қалың қара шашын Жанар секілді қоқайтпайды да, екі бұрым етіп өріп, тізесіне түсіріп жібереді. Сәнді шолақ тоны да жоқ. Мектепке қара жағалы қызыл пальто киіп, қолына ақ жағал ескі, үлкен портфель ұстап келеді. Сонда ол танымайтын адамға төртінші кластың оқушысынан гөрі, әлдебір ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтін кішкене бойлы профессорға көбірек ұқсай қалатын-ды.


Содан болса керек, ауыл үйдегілер оларды еркелетіп кейде: «мұғалима апай», «көзілдірікті кішкене профессор», — деп те атайтын.


Осы «мұғалима апай» мен «көзілдірікті профессордың» басқалар біле бермейтін бір міні де бар еді. Мін дегенде тетелес өсіп келе жатқандықтан ба, Жанар мен Данар бірінің айтқанын екіншісі тыңдай бермейді.


Олар аулада жүріп доп ойнайды. Доп дегенің домалақ емес пе, секіріп, қарғып жүргенде қолыңнан шыға қашатын бір кезі болмай ма. Сондайда Жанар тауықтың қоразындай қоқия қалады да, екі жас үлкендігіне бағып барлыққан дауысымен:


— Данка, бар, алып кел деймін допты! — деп айқайлайды.


Бірақ кішірейетін Данар жоқ. Ақ кенерелі көзілдірігін бір қозғап қояды да:


— Керек болса, өзің барып әкел. Мен лақтырған жоқпын оны, — деп шіңкілдей жөнеледі.


Апалы-сіңлінің үйде де істейтіні осы.


— Данка, бүгін төсек-орынды сен жинайсың! — дейді Жанар ертемен көзін аша салысымен.


— Жинасаң өзің жина, мен кеше жинағанмын.


— Данка, бүгін сен дүкенге барып нан әкелесің.


— Әкелсең өзің әкел. Мен кеше барып әкелгенмін.


Күнде осы секілді мың түрлі жұмыс бар. Соның бәрінде де Жанар мен Данар: «Жоқ, сен барасың», «Жоқ мен емес, сен барасың!» — деп салғыласады да жатады.


Ақыры осы таластың аяғы барып жаманға соқты.


Бір күні Жанар мен Данардың ата-анасы: Мынаны ішіңдер, мынаны жейтін болыңдар. Ұрысып жүрмеңдер. Жатарда есіктің ілгегін салып жатыңдар. Біз кешірек ораламыз, — деп бір жерге қонаққа кетті.


— Жақсы, бәрін де орындаймыз, — деді Жанар мен Данар қосарланып. Сөйтті де екеуі сабақ дайындауға кірісті. Бір заманда қарны аша бастаған Жанар:


— Данка, шайды сен әкеп құясың! — деді дөрекілеу даусымен.


— Құйсаң, өзің құй, мен кеше құйғанмын, — деп Данар ерегісе кетті.


Тағы да біршама уақыт өтті.


— Данка, сен төсек саласың! — деді көзіне ұйқы тығыла бастаған Жанар.


— Салсаң өзің сал, мен кеше салғанмын.


Осы ерегіспен түннің бір уағы болды. Екеуі де шаршай бастады. Дайын тұрған шай да ішілмеді. Төсек те салынбады.


— Салмасаң салма, менің түгім де кетпейді, — деп Жанар диванға келіп қисайды.


— Менің де ештеңем кетпейді, — деп Данар кереуетке барып жантайды.


Көзі ұйқыға кетіп бара жатқан Жанар:


— Данка, бар есікті жап! — деп дауыстады.


— Неге мен жаппақпын. Өзің жап, — Данар бір аунап түсіп ұйқыға аттанды.


Ал есік болса ашық қалды.


Осыдан кейінгі уақиғаны біз ертеңіне білдік. Түнде иесіз қалған үйге ұрылар кіріп түсіпті де, дәлізде тұрған киім-кешектерді сыпырып кетіп отырған. Оның ішінде Жанардың қысқа тоны мен Данардың қызыл пальтосы да бар.


Осы оқиғадан кейін Жанар мен Данардың әке-шешесі балаларының теріс қылығынан ұялды да, кім білсін, басқа бір жаққа көшіп кетті.


Қазір олар қай жерде тұрады, мен оны анық біле де бермеймін. Сырт хабарға қарағанда Жанардың да, Данардың да есі кіріп қалыпты. Сол бір оқиғадан кейін бірін-бірі тыңдап жүретін де болыпты деседі.


Тегі, бұл хабар рас болса керек.


1960





Пікір жазу