19.12.2021
  201


Автор: Сафуан Шаймерденов

Бұл жала

Масаңбай екеуміз бір кезде бір артельде жұмыс істеген едік. Ол өзі Отан соғысының мүгедегі болатын. Бұл артельде мүгедектердің бетін ешкім қақпайтын еді. Әлі есімде, мейрам біткен оларға айырықша қуаныш әкелетін. Кәсіпшілер одағының жергілікті комитеті ақша шығарып, Масаңбайға, Масаңбай сияқты басқа да мүгедектерге бағалы сыйлықтар жасап тұратын.


Масаңбай бір мейрам қарсаңында жаңа үйге көшіп шыққан. Масаңбайға мүгедекке арналған машина да бергенбіз. Масаңбай мемлекеттен жәрдем де алып тұратын. Масаңбай...


Ие, соғыста қанын төгіп, бір аяғынан айырылып келген Масаңбайдан Отаны несін аяп қалды дейсің.


Бірақ Масаңбайдың қызба бір мінезі бар еді. Реті келсін келмесін «менің майданда қаным төгілген» - деп, тіпті балдағын ала жүгіретін кезі де, кейде қиястанып жұмысқа да шықпай ішіп қалатын кезі де болатын.


«Мұның қалай, Масаңбай, сомадай болып ұят қой», — деп, ұялтайын десең, «Контуженмін ғой, өзімді-өзім ұстай алмай қаламын» — деп кінәнің бәрін басқа бірдемеге аудара салатын. Ал артель коллективі Масаңбайдың сол мінезін кешіре беретін. «Қайтсын, қаны бұзылған, контужен ғой» — деп қоятындар да болатын.


Содан бері бірнеше жыл өтті.


Міне, ойда-жоқта сол Масаңбаймен кездесіп қалдым. Мен онымен көшеде кездестім. Көшеде болғанда да... Ие, несін жасырайын, Масаңбай көрінгенге қолын жайып, сызды тротуарда отыр екен. Бет-аузы көнектей, қасында бір бос шыны жатыр. Тұқыл аяғын балдағының үстіне салып көрінгеннің етегіне жармасады.


Мен оның қасына келдім.


— Әй, туған, құдай тілеуіңді берсін, бала-шағаңның игілігін көр. Қайыр садақа болса... — деп маған алақанын соза берді. Мен отан... ие, мен оған қолымды ұсындым. Масаңбай шошып қалды. Көзін ашты да маған тіке қарады. Танымаған түр білдірді де, теріс айналып кетті. Ілгері жүрдім. Құлағыма тағы да әлгі бір қарлыққан шерлі дауыс естілді.


— Құдай тілегіңді берсін, бала-шағаңның игілігін көр...


Ал менің көз алдыма Масаңбайдың жеңіс жылы туған, Жеңіс деген баласы елестеді. Арықша келген таңқы мұрын анасы елестеді.


Менің жан дүнием шайқалып кетті. Бес-он тиын бақыр үшін басқаға бала-шағасының игілігін тілеп, ал өзі игіліктен безіп кеткен Масаңбайдың осындай халге жетуіне кім кінәлі! Бетін қақпайтын, мейрам сайын бағалы сыйлық беріп жүретін баяғы кішкентай коллектив кінәлі ме? Әлде сол қамқорлықты көтере алмаған Масаңбайдың өзі айыпты ма?


Мен артельге бардым. Масаңбайдың үйінде де болдым. Артель адамдары ескі мүшесін көріп қуанысып қалды. Баяғы таныс та ыстық жүздер. Ұлы Отан соғысының баяғы өзім білетін мүгедектері. Тек солардың арасында Масаңбай ғана жоқ.


— Масаңбай ішіп кетті ғой, — деп бір мүгедек күрсініп қойды. — Жұмысқа жұмалап келмей қоятын болды. Содан соң жарымжандар үйіне тапсырып едік. Одан да кетіп қалыпты.


Елден ерек Масаңбайға не сойқан болған, апыр-ау?


Мен осы сұраққа жауап іздедім. Несін жасырайын, жазушы болмасам да Масаңбай жайында әңгіме жазғым келді, мүмкін сәтімен шығып жариялана қалса, Масаңбайға, Масаңбай сияқты азып кеткендерге ой салар. Райдан қайтарар. Бірақ қалай жазу керек? Неден бастау керек? Қалай аяқтау керек? Мұның бәрі мен сияқты «жазушыға» ана Масаңбай өмірінің өзіндей шешілмес жұмбақ сияқты болып көрінді.


Мен... ие, мен ақыл алайын деп сыншыға тарттым. Ол өзі облыстық газетте боратып мақалалар жазып жүретін, кездесе қалсаң: «Алматыдағы ана жазушы анадай, мына ақын мынадай» — деп әркімге бір ат қойып, айдар тағып жүретін атақты сыншы болатын.


Мен барғанда сыншы кезекті мақаласын жазып отыр екен. Көзілдірігін алып, көзін уқалады да, қаны қашқан аш өңін маған бұрды.


Мен Масаңбай жайын айта бастадым. Сыншы нұры тайған жансар көзін қабырғадағы бір нүктеге қадап қимылсыз тыңдады. Ашынған да, толқынған да жоқ. Құптағаны да, қарсы болғаны да байқалмады.


Сыншы менің әңгімемді тыңдап болды да, жаны жоқ, өлі дауыспен:


— Біздің өмірімізде мұндай нәрсе болмайды. Бұл, бұл жала... — деді.


— Қалайша жала?.. Мен мұны өз көзіммен...


Сыншы мені тыңдамады. Көзілдірігін қалқандай үлкен құлағына ілді де, қаны қашқан өңін салып, істік тұмсығын жазып отырған қағазына тақай берді...





Пікір жазу