19.12.2021
  165


Автор: Сафуан Шаймерденов

Бастық езу тартты

Мен өз облысымыздағы бір мекеме бастығының кабинетінде отыр едім. Бір уақытта ақ өңді, доға мұрын, шашы құлжаның мүйізіндей иірім-иірім болып құлағын жауып кеткен біреу кірді де, менің қарсы жағымда тұрған креслоға сызыла келіп отырды.


— Біздің хатшымыз Атарманов, — деп таныстырды мекеме бастығы.


— Қара-еке, — деп Атарманов көзін төмен салды. – Қара - еке, әлгі Қарағандыға жүру мәселесімен... Соны анықтап алсам ба деп... шешіп берсеңіз жақсы болар еді... — хатшы күмілжіп барып тоқтады.


Мекеме бастығы шықшытын қозғады. Содан кейін әжім үймелеген шегір көзін хатшысына аудармай қадап, біраз ыңылдап отырды да, жәй ғана:


Сәрсенбі күні жүріп кеткенің дұрыс болар, — деп тізгіннің ұшын ұсына сөйлеп, маған айтып отырған шаруа жайын жалғай берді. Байқаймын, осындай қарауындағы адамдарына ырық бергенсіп, еркіне салғансып отырып, өз дегенін істеткізетін адам ғой деймін. Сол босаң айтқан, былқ еткізе салған сөзінің өзінде де кесім жатқандай сезілді маған.


Мен келген шаруамды бітіріп, кетуге айналдым. Мекеме бастығы шегір көзін тағы да хатшысына қадады.


— Ал, Атарманов, сонымен қашан жүретін болдың?


Хатшы шылымын сөндіріп күл салғышқа тастады да, шалқая отырды. Содан кейін:


— Алдағы сәрсенбіде жүремін. Жұмыс бар мұнда. Тез оралуым керек, — деп өз бетімен іс шешетін реуште, шаруа қамын ойлағансып кесіп сөйледі.


Бастық сәл ғана езу тартты. Мен былай шыға бере «бюрократтар осы хатшы сияқтылардан шығады-ау» деп ойладым.





Пікір жазу