19.12.2021
  364


Автор: Сафуан Шаймерденов

Бала тілі

Бізге көрші үйде Амангелді деген бес жасар бала бар еді. Майданда қайтыс болған әкесі Қаридан аумаған ала көз, кесек, қара бала болатын.


 


Амангелді екеуміз бір күні қала сыртындағы көлге бардық. Бой жаздық. Суға түстік. Алыста, айдынның ортасында топ үйректер жүр. Мен тереңге қарай біраз жүзіп барып едім, жағада тайыз суда ойнап жүрген бала маған айқай салды.


— Аға, маған анау үйректі ұстап берші?

— Үйрек қазір ұстатпайды. Ертең мылтық әкелеміз де атамыз, — дедім мен оған.


Үйге қайтып келе жатқанымызда бала сол үйрек жайын әңгімелей берді.


— Аға, мылтықпен атып алған соң үйректі маған бересің бе?


— Иә, саған берем.


— Мен сосын үйге алып барам ба?


— Иә, үйге алып барасың.


— Мен сосын Күләш апама ас деймін бе?


— Иә, ас дейсің.


— Мен сосын жеймін бе?


Шыдай алмадым. Баланың бал-бұл тілін қызықтап күліп жібердім.





Пікір жазу