Аса қадірлі, кеңпейіл қартқа хат
«Ал, Кеңеке! Қалай үй-іші, мал-жан, бала-шаға аман ба? Қадірлі Сақып жеңгеміз де денсаулықтың арқасында шапқылап жүрген болар?
Ал, Кеңеке! Бізден амандық білмек болсаңыз жаратылыс берген дәулеттің арқасында тиісті ғылым жолында бар өмірді сарп етіп жүріп жатырмыз. Кірген кіріс болмаса, шыққан шығынымыз жоқ, әйтеуір. Қала іші анада өзіңіз көргендей.
Сізге айтарлықтай жаңалық: өзіңіздің Перизат келініңіз бір трумо алды. Үш қанатты үлкен шарайнаны орыстар солай дейді ғой. Білмейтін болсаңыз жадыңызға ұстарсыз.
Енді не айтуға болады сізге? Ие, бәлендей айта қаларлық ештеңе жоқ енді. Айтпақшы, ұмытып барады екем ғой. Ие, ие зарплат жәйін айтпаппын ғой. Анада біздің мекеме жалунаны қысқартады, оның есесіне жазған ғылыми еңбекке гонорар төлейді, деген бір қаңқу тарап кеткен болатын. Ғылым жолында бар өмірімізді сарп етіп, ұйқы, күлкі көрмей балық көзденіп жүргенде жалунаны қысқартатыны жарамаған екен, қайта өсіруі дұрыс еді, — деп қынжылып жүруші едік, әйтеуір, жаратылыс берген дәулеттің арқасында азайтқан да, көбейткен де жоқ. Көбейтпесе, көбейтпей-ақ қойсын. Азайтпаса болғаны да. Гонорар табамын деп қаламыңды қашанғы сүйреңдете бересің!
Айтпақшы, гонорар демекші, әдебиеттік наследие хақында... Өзіңіз алдырып оқып тұрам деп біраз пікір айтқан ана бір журнал бар еді ғой, сонда жарияланған мақаламды айтпай кетіп барады екем-ау. Ие, сонда әдебиеттік наследие жайында шыққан мақалам болатын. Көрген боларсыз-ау. Соны осындағы бір қадірлі үлкен адамымыз оқып шығыпты. Сол кісі бір жиында «Жетіскенов Құдайберді мына мақаласына қарағанда жеребец науки екен» — деп салды. Жұрт ду күлді. Мен де күлдім. Күлсем де ойланып қалып едім. Оным бос бекершілік екен. «Жеребецтің» «айғыр» дегеннен басқа «абыз» деген мағынасы бар екен . Ал «ғылымның абызы» десе, ар жағында «нағызы» деген сөз тұрғанын өзіңіз де түсінесіз ғой.
Сіз кеткеннен кейінгі аз ғана жаңалық қуанышымыз, міне, осындай, Кеңеке.
Ал Кеңеке!
«Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір». «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, сіз кәрі, мен жас болсам да, тілегі бір адамдармыз ғой. Сөзімнің тоқ етерін айтайын енді.
Сіз ғой анада жұбайыңыз Сақып екеуіңіз біздікіне келіп, біраз күн аунап-қунап жатып кеттіңіз. Келеріңізде біздің қадірлі жиен Кәдірбайдың атын атап келдіңіз. Сіздің өзіңізден түсінгенім сіздің жамағатыңыз Сақып жеңгейдің інісі біздің Кәдірбай үйіндегі жиен келіннің төркін жағындағы біреудің қызына үйленген екен. Содан кейін мен сізді Кәдірбай жиенге құда, маған ілік-шатыс деп қабылдадым. Перизат келініңіз екеуімізде ес қалған жоқ. Барымызды алдарыңызға тарттық. Иіліп жастық, жатып төсек болдық. Қолдан келгенше сыйлап бақтық. Тіпті мал базары мен толкушкаға апарайық деп те ниет білдірдік. Бірақ Сақып жеңгей екеуің «мал таңсық па бізге! Барокла деген ауылда да бар. Театрларыңды көрсетіңдер дедіңіздер ғой. Сонда да бір көлденең сөз айттық па? Қабақ шыттық па? Дегендеріңізді мүлтіксіз орындап драмаға да апардық. Оперныйға да апардық. Талай ойындарды көрдіңіздер. Сақып жеңгей сонда бізге «Тәңір жарылқасын, өркендерің өссін!» демеді ме.
Сонымен сіздердің ауылға аттанар уақыттарыңыз да болды. Қоштасып тұрып Перизат келініңіз екеумізге көп алғыс - рахмет айттыңыздар. Біз де сіздерге разы болып қалдық. Несін жасырайын. Сіздердің арқаларыңызда біз де бұрын көрмеген постановкаларды көрдік қой. Ол үшін сіздерге де көп-көп рахмет. Перизат келініңіз «Өздері бірдеңе басы чистәй, культорнәй қарттар екен» деп көпке дейін аузынан тастамай жүрді.
Сөйткен сіз мақтаған қыздың кебін киіп, еліңізге барған соң, «Жетіскенов Құдайберді бай-ақ тұрады екен. Бірақ газет алдырып оқымайды екен. Тым болса үйінде бір кітап болсайшы!» — деп жұртқа жайып жіберіпсіз. Соныңызды Перизат келініңіз естіп өкпелеп қалды: «Қолымнан дәм татқан кісі еді. Онысы несі» — деп. Ие, әйел деген өкпелемесе, жүре алмайтын халық қой. Әңгіме өкпеде емес. Бірер ерекше жай бар еді. Сіз оны аңғармапсыз. Мен сізге әдейі арнап хат жазғанда соны баяндайын деп отырмын. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» десек, сол түйін мынадай: «Тым болмаса, үйінде бір кітабы болсайшы!» — Қадірлі Кеңеке! Осы бір сөзді сіз қалай аузыңыз барып айта алдыңыз екен? Соған менің таңым бар. Рас, менің үйімде кітап жоғы өтірік емес. Бірақ менің өзім ше? Мен өзім сол кітапты жазушы емеспін бе? Соған қалай ой жүгірте алмадыңыз екен, Кеңеке! Әрі кітап жаз, әрі кітап сатып ал! Сонда не болғаны. «Өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірісің», — деп Абай дана айтқандай. Кітапты өзің сатып алу үшін ғана жазсаң, өлім ғой. Ие, көкейіңізде «көркем әдебиет кітаптарын неге жинамайсың? » деген сөз отыр ғой.
Оған да жауап дайын. Өзің түгел әкеңді де білемін дегендей мен ондай кітаптар түгіл оларды жазған жазушылардың өздерін де білемін. Бірімен преферанс, екіншісімен биллиард ойнайсың. Үшіншілері біздің мекемеге де келіп тұрады. Төртіншілерімен қонақта бірге боласың. Ал қалғандарын былай танисың.
Өзіңіз айтыңызшы, егер кітап оқымасам, білімсіз болсам, «жеребец науки» — деп неге айтады мені? Бұл сөзіңіздің үстірт айтылған сөз екенін өзіңіз де аңғарған боларсыз енді.
Ал, енді «газет оқымайды екен» — деген сөзіңізге келейік. Батыл айтсам өкпелемеңіз, Кеңеке! Бұл да қате пікір. Газетті оқу, керегін қорытып алу былай тұрсын, оның қалай шығатынын да білемін. «Метромпаж», «оттиске», «набор», «линатип», «клише» деген терминдерді естігеніңіз бар ма, сірә. Ал мен оның бәрін де білемін. Рас, мен үйге газет жаздырып алмаймын. Мен жаздырып алдырмасам да, мен істеген мекеме жаздырып алдырмай ма? Газет жаздырып алдырмаса, оның өзі қандай мекеме болғаны сонда? Осы арасын ойладыңыз ба сіз?
Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей таңғы сегізде жылы төсегімізден тұрып, тоғызға қызметке кетіп, содан кешке мұзды аяқ болып бір-ақ оралып жүргенімді өзіңіз көрмедіңіз бе? Ұзақты күн сонда газет оқымағанда не бітіреді деп ойлап едіңіз? Әрине «шошқа тағалады» деген ой сіздің басыңызға да келмейтінін мен жақсы білемін. Бар ғұмырды онсыз да ғылым жолына сарп етіп жүргенде, мекемеде отырып тесіл қағазға, үйде отырып тесіл, сонда денсаулықтан не қалады? Ойлаңызшы өзіңіз? Оның үстіне үйге келген соң, қатыныңа, бала-шағаларыңа қарау деген бар емес пе? Үй шаруасы деген, базар базарлау деген қайда? Тамақ ішуің, тынығуың, көшеге шығып прогулка жасауың, ұйықтауың, тағы сондайлар толып жатқан жоқ па! Тіпті ойда-жоқта бір жолдастарың сап ете қалады. Мен газет оқитын едім, сендер кетіңдер деп қалай айтасың! Болмаса бір танысың қонаққа шақыра қалады. Газет оқимын деп оған қалай бармай қаласың! Тағы да сондай мың түрлі істер бар емес пе? Оның бәрін несіне тәптіштей теріп айта берейін.
Ай, Кеңеке - ай! Мен сізге өкпелемеймін ғой. Сонда да өзіңіз бір шаруа бақпаған адамша сөйлеп кетіпсіз дәл бұл жерде. Өкінішті-ақ. Оны енді өзіңіз де түсініп, қынжылып отырған боларсыз. Бірақ мен сізге ағат сөйледіңіз деп өкпелемеймін. Оған қысылмаңыз. Әркімнің бір жеткен жері болады ғой. Мен оны жақсы түсінемін. Сізге айып жоқ.
Хош сау болыңыз. Ғылыми сәлеммен сізді құрметтеуші Ғылым кандидаты Құдайберді Жетіскенов».
Оқушының есіне! Мен бұл хатты Тайлан досымның маған сыйлаған дәптерінің арасынан таптым. Тегі, асығыс жазылса керек. Логикасы мықты, дәлелді болғанымен біраз грамматикалық қателер кетіп қалыпты. Түзеп оқуларыңыз сұралады. (С. Ш.)