«Ата тек» дастаны
Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді,
Тартатын күй аспабы қобыз дейді.
Башқұрт пен қазақ, ноғай, қарақалпақ
Төртеуін шежірешілер оғыз дейді,—
деп басталады да, одан әрі:
Алтай тау қазақ атам туған жері,
Қытай-шүршіт, қалмақты қуған жері.
Алатау, Алтай мен Сыр мекен болып
Оғыздың қобыз тартқан көсемдері.
Қазақтың түп атасы Оғыз - Түрік,
Құт қонған ұйытқы болып орнап бірлік.
Монғолдың Шыңғысханы шапқан кезде,
Керей түгіл оғызға салған бүлік.
Атанған бабам Ғали — Ашамайлы,
Өсірген мыңдап тайлақ, құнан - тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып
Ел болып ерте кезден қанат жайды.
Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді мекен еткен керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып кеңес құрған би мен бегі,—
деп керейлердің қай жерді мекендеп, қай жерге қоныс аударғанын кеңінен баяндайды. Ал Тәуке ханға арнап шығарған «Жетіжарғы» дастанында өзі мынадай түсіндірме беріп кетеді.
Шығайдан соң орнында Тәуке қалды,
Кезінде Әз-Тәуке деп атақ алды.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,
Дейтұғын «Жеті жарғы» заң шығарды.