18.12.2021
  928


Автор: Шарль Перро

Ұйқыдағы ару

Ертеде патша мен патшайым өмір сүріпті. Олар бір перзентке зар екен. Күндіз-түні Құдайдан бала тілепті. Ақыры тілектері қабыл болып, нәрестелі болады. Қуанышы қойнына сыймаған патша: отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын!» деп жержаһанға жар салады. Тойға атақты жеті перизатты шақырады.


Патша сарайында той енді бастала бергенде, кенет қатты жел тұрып, сарай іші алай-түлей болып кетеді де, түсі суық бір әйел сарайға кіріп келеді. Бұл қатыгез пері еді. Тойға жиналғандар оны танып, үрпиісіп қалады. Қатыгез пері:


— Мені шақырмадыңдар. Әйтсе де кішкентай ханшайымға сыйлығымды берейін, — дейді. Патша оған ілтипат көрсетіп, төріне шақырады. Думан одан әрі жалғасады.


Той соңында перизаттар нәрестеге дайындаған сыйлықтарын: бірі — асқан сұлулықты, екіншісі — нәзіктік пен мейі-рімділікті, үшіншісі — әсем жүрісті, төртіншісі — бишілікті, бесіншісі — барлық музыкалық аспаптарда шебер ойнау қабілетін, алтыншысы әсем дауысты тарту етеді. Кезек қатыгез сиқыршыға кел генде, ол бесіктегі нәрестеге жақындап:


— Ханша бойжеткенде ұршықтың ұшына саусағын шаншып алып, мәңгі ұйқыға кетеді, — дейді де, көзден ғайып болады. Сарай іші абыр-сабыр күйге түседі. Сол сәт сыйлығын айтып үлгермеген жетінші перизат:


— Жүз жылдан кейін бір ханзада келіп ханшаның бетін сүйеді, сол кезде ханша оянып, қарғыс күшін жояды, — дейді.


Келесі күні патша уәзірлеріне сарайдың іші-сыртындағы ұршықты, инесі бар заттың бәрін жоюды бұйырады. Уақыт зымырап өтіп, ханша көркіне ақылы сай бойжеткен боп өседі. Бір күні ханша сарайды аралап жүріп, ең биік мұнараға көтеріледі. Мұнара ішінде бір әйел жіп иіріп отыр екен. Ондай затты бұрын көрмеген қыз:


— Әжей, не істеп отырсыз? Бұл қандай зат? Көруге бола ма? — деп сұрайды.


— Бұл — ұршық, келе ғой, қызым, көр, — дейді әйел кіммен сөйлесіп тұрғанын білмей.


Ханша болса, әкесінің «Бөгде затты ұстама» деген ескертуін ұмытып, ұршықты ұстай бергені сол еді, абайсызда ұршықтың ұшы қыздың саусағына кіріп кетеді.


Сол кезде күн күркіреп, алай-түлей жел тұрады. Қатыгез перінің айтқаны орындалып, ханша есінен танып, еденге құлап түседі. Артынан қуып келген қыздың күтушілері сұлқ жатқан ханшаны сарайға көтеріп әкеледі. Қайғыға батқан патша мен патшайым қыздарын әдемі төсегіне жатқызады. Ұйықтап жатқан ханшайым қандай сұлу десеңші!


— Құдай жалғыз перзентіміздің қызығын көп көрдіау! — деп жыламсырады патшайым.


— Сабыр ет, — деді патша, — біз шыдамды болуымыз керек. Жетінші перизаттың айтқаны рас болса, әлі-ақ қызымыз оянып, бәріміз бақытқа кенелеміз.


Осылай деген патша нөкерлеріне ханшайымды күзетуді тапсырды.


— Кімде-кім ханшайымның мазасын алатын болса, оған ауыр жаза қолданамын, — деді патша.


Бұл қасіретті хабар жетінші перизатқа да жетеді. Ол патша сарайына ұшып келеді. «Жүз жылдан кейін ханша оянған кезде патшалық та оянсын» деген тілегін айтып, патша мен патшайымнан басқа бүкіл патшалықты ұйықтатып кетеді. Сарайда өлі тыныштық орнайды. Патша мен патшайым ұйықтап жатқан қыздарының аңдайынан сүйіп, онымен қоштасады да, олар да ұйқыға кетеді.


Бірақ мұнымен уақыт тоқтап қалмады. Күн артынан күн, жыл артынан жыл зымырап өтіп жатады.


Кезінде атағы жер жарған патшалық енді бірде-бір тірі жан жоқ, өлі қалаға айналады. Жұрт қарғыс атқан жерге жақын жүруге қорқады. Сарайдың іші-сыртын қалың ағаш басады. Ағаштың қалың өскені сондай, сарай көзге көрінбей ұмыт қалады. Оған барар жолды тікенектер қаптайды.


Тікенектердің көптігінен адам да, аң да бұл маңайға жолай алмас еді. Тек алыстан сарайдың күмбезі ғана жылтылдап көрінетін. Осының бәрін істеген жетінші перизат болатын. Ол ханшайымның тыныштығын ешкім бұзбасын деп әдейі осылай жасады.


Арада жүз жыл өтеді. Ұйқыдағы ару туралы аңыз жер-жерге тарайды. Ханша туралы әңгіме алыс патшалықта тұратын ханзаданың құлағына да жетеді. Ханзаданың қызықты оқи ғаларды, құпия қазыналарды іздеуге жаны құмар еді. Ол енді ұйықтап жатқан аруды іздеп таппақ болады. Қызметшілеріне жолға дайындалуға бұйрық береді. Қожайынм ен бірге ел кезіп, жер кезуден әбден шаршаған қызметшілер іштей күрсініп алады.


Ханзада ұйқыдағы патшалықты ұзақ жылдар бойы іздейді. Қаншама ел-жұрттан сұрастырса да, ешкім ештеңе білмейтін болып шығады. Бірде ол жолдан бір шаруаны кездестіреді. Одан жөн сұрайды.


Шаруа ханзадаға басын иіп:


— Уа, қайырымды ханзада, осыдан жарты ғасыр бұрын осы жерге жақын маңайдағы сарайда әлемдегі ең сұлу ханшайым ұйықтап жатыр деп естігенмін. Мен ол кезде жас едім. Білетінім, ол қызды патшаның баласы ғана бетінен сүйіп оята алады екен, — дейді.


Мұны естіген ханзаданың жүрегі дүрсілдеп қоя береді. «Ханшаны мен оятпағанда, кім оятады?» деп, ескі сарайдың күмбезі көрінген жаққа қарай шаба жөнеледі.
Жүре-жүре ханзада қалың өсімдік өскен тауға кез болады. Жолындағы қалың ағаштар мен тікенектерді шауып келе жатып, сарайға кеп тіреледі. «Әлгі кісінің айтқан сарайы осы болар» деп ойлайды ханзада.


Сол-ақ екен, тығыз өскен ағаштар мен тікенектердің арасы ашылып, ханзада жүре алатындай жол пайда болады. Қызметшілері артынан ергісі келіп ұмтыла бергенде, тікенектер қайта жабыла қояды. Ханзада жалғыз өзі сарайға қарай жүреді. Ішке кірсе, сарайдағы адамдардың барлығы тұрған жерлерінде қорылдап ұйықтап тұр екен. «Өмірде мұндай да болады екен-ау» деп ойлаған ханзада айналасына таңдана қарайды.


Бөлмелерді аралап жүріп, әдемі төсекте ұйықтап жатқан ханшаны көреді. Ханзада оған көрген бойда ғашық болады. Жанына жақын дап барып, бетінен сүйеді. Сол сәтте қыз көзін ашады.


— Рұқсатсыз сүйгенім үшін кешіріңіз, сұлулығыңызға тәнтімін, сондықтан болар өзімді ұстай алмадым, — дейді ханзада.


— Сіз кімсіз? — дейді қыз күлімсіреп.


Ханзада ұйқыдағы ханшайым туралы аңызды естіп, қызды сонау алыстан іздеп келгенін айтады. Осы кезде ханшаның төсегінің жанында ұйықтап жатқан патша мен патшайым және айналадағы адамдардың бәрі бірінен соң бірі ояна бастайды. Жан-жақтан әртүрлі дыбыстар шығып, патша сарайына жан бітеді. Ұйқыдан оянған қызметшілер ештеңе болмағандай өз міндеттеріне кірісіп кетеді.


Бүкіл сарайға, күмбездің төбесіндегі жалаудан бастап шарап қоймасына дейін жан бітіп, айнала у-шу дыбысқа толып кетеді.
Ал ханзада мен ханшайым бір-бірінен көз ала алмай қалыпты. Айналадағы шуды еститін емес.


— Маған жасаған жақсылығыңызды қалай қайтарсам екен? — дейді ханшайым назданып.


— Мәңгі жанымда болсаң, маған одан артық ештеңенің керегі жоқ, — дейді ханзада.


Осы кезде екеуінің қасына патша келеді.


Патша:


— Қош келдің, ханзада! Осындай сымбатты жас жігітті жүз жыл бекер күтпеген екенбіз, — деп, ханзаданың қолын алып, одан қандай тілегі бар екенін сұрайды.


Ханзада:


— Маған байлықтың да, қазынаның да қажеті жоқ. Рұқсат етсеңіз, қызыңызға үйленсем деген ойым бар, — дейді.


Ата-анаға бұдан артық қандай бақыт керек! Патша мен патшайым ұлан-асыр той жасайды. Тойға барлық жұрт жиналады.


Бұдан былай ұршық иіруге тыйым салынбайды. Ханзада елді әділ басқарып, ханша екеуі бақытты ғұмыр кешеді.





Пікір жазу