17.12.2021
  198


Автор: Саттар Ерубаев

Өмір келбеті

Күн тас төбеде. Күйдіріп барады. Долбы жайлауының, қапырық ыстықтан тынысы тарыла түскендей. Алыста ойнаған сағым қаланың белдеуден ақ теңізге айналдырып жіберген. Қала ауада қалықтап тұр, біресе жоқ болып кетеді, біресе жарқ етіп көрініп қалады.


Долбы аулынан шалғайлау жерде, қадала қараған күн көзінен тозаңы бұрқырап көрініп жатқан кең далада, шылбырынан қазыққа байлап кеткен аттай бір жалғыз ағаш тұр.


Жетектеген жеті жасар баласы бар әйел қара жолмен келе жатыр. Күннің қайнатқан ыстығына шыдай алмай, пана іздеген олар жалғыз ағашқа бұрылды. Жалғыз ағаштың саясында ғана ілби соққан самал бар. Күннің шақыраюынан зәресі қалмаған дүниеден бар рақат пен бақыт жалғыз ағаштың саясына тығылыпты.


— Апа, су...


— Су — деп зар қақты бала. Көзден моншақтап жас ақты, тұқылын ұстап келе жатқан әйел, қапырықтан тынысы тарылып, қарманарға дәрмені болмай жатқан сахраға мұңая қарай тұрып:


— Жылама, балам, жылама! Жылағаныңды біздің ауылдың жайлауын қоныс аударып келгендерге тартып әперемін, өзімізді қуған, сақал-мұртын күзеп тастаған, орыс естіп қалар да, сені алып кетер. Жылай берсең, ол келіп қалады — деп баласын қорқыта сөйледі.


Өзінің де жылағысы кеп тұр, бірақ қапырық кептіріп жібергендей-ақ көзден жас шықпайды...


Долбы жайлауындағы төбенің қонысқа жайлы беткейінде — Костомаровка поселкесі. Онда орыс, қазақ колхоздарының колхозшылары тұрады.


Қараңғылық қоюлана түсті. Табиғат ұйқыға кіріскенімен, Костомаровканың таңы жаңа атып, күні шығып келе жатқандай қауырт қимыл үстінде. Өмір тоқталған жоқ, — қараңғыда өмір сәулесі ерекше көзге түспей ме!


Біз поселкеге түн қараңғылығын жамылып, дағдарыссыз ұрлана кірді.


Түнгі сағат 11.


Комсомолдардың жұмыстан оралуын тосып отырмыз. Әлі жоқ.


— Олар жұмыс істеп жатқанында, біздің бүйтіп отырғанымыз бір түрлі жарасымсыздау-ау — деп зәреңді МТС-ының помполиты. Великанов қысылып отырғанын дауыс реңінен танытты.


Біз қырманға бет қойдық. Жол қысқартпақ және жағдаймен таныстырмақ ниетпен Великанов:


— Көктемгі егісте «Кішкене Долбының» комсомолдары түгел бәйге алды. Астықты қырманнан элеваторға дейін комсомол дозорларымен қалай жеткізетінін өз көзімен көретін, оның не екенін сонда түсінесің — деп бір түйіп қойды.


Таңданарлық бар жай, «Қызыл әскерге» келгенде бізді колхозшылар жан-жағымыздан қоршап алса, ал мұнда бізге ешкім назар аудармайды, әрқайсысы жұрт тұрған алып машинаның тетігі сияқты өзінің жұмысын білуде. Біраз аялдасақ та алақтап, жұмыс адамды немесе бірге істеген жұмыс қарқынын бәсеңдеткен адамды көре алмадық. Бәрі де қауырт қимылда.


Әлі күнге дейін қырман басындағы бір қалыптан танбаған қуанышты еңбек шуы құлағымнан кетер емес.


Біз комсомол тобының ұйымдастырушысын тауып алып, әгімелескенімізде, ол:


— 1912 жылы патша озбыршылары бізді ата-мекенімізден қуып, оны қоныс аударушы орыстарға тартты. Біз босап кеттік. Совет өкіметі орнағаннан кейін біз туған жерге қайта оралдық, орыстардың өзі шақырды. Колхоз ұйымдастырдық. Бізден бұрын құрылған «Жаңа өмір» колхозы көп көмектесіп, жұмыс жайын түсінуге, колхозды нығайтуға жәрдемдесті те берді, күні бүгінге дейін қолғабыстан тартынбайды - деп разы көңілді тиегін ағытып, қошеметін сезіп теуіп жіберді.


Жиналысқа он үш комсомол жиналды.


Астық ору, оны мемлекетке тапсыру процесі комсомол күнімен бақылауға алынған. Нұрхан мен Орынбек маядан бау тастайды, Әбділда комбайнға жем береді. Құлтай — қарауыл. Берджул, Өмірзақ — комбайншы, Аймақан — астық бригадиры. Күләш — молотилкада...


Комсомолдар осындай қызу жұмыста. Олардың тіршілігінің тұтқасы — еңбек. Олар қас қарайып, көз байланғанда бес минутқа жиналып, кімнің не және қанша істегенін талқыға салады. Артық-кемді сараптайды.


— Біздің комсомол ұясы — колхоздағы еңбектің ұйытқысы, жауынгер штабы! Өйткені бізде партия ұясы жоқ - — дейді колхоз бастығы.


Біз далаға шықсақ, таң атып келеді екен. Комбайншы Өмірзақтың қора-қопсысы жалғыз ағашқа жапсарлай салыныпты.


— Менің өмірім есімнен кетпейді — деп бастады өзінің жарқын сөзін комбайншы — ол кезде бұл ауыл болмайтын. Мына жалғыз ағаш көрінген кең даланың иесіне ұқсап жападан — жалғыз тұрушы еді. Әлі есімде, 1912 жылы мен шешеммен жаяужалпы келе жатып, қайнаған күн кезінен таса іздеп, осы жалғыз ағаштың саясына тығылғаным. Қазір мен — комбайншымын, екі балам бар — деп көкірегін кере дем алып, шаттана тоқтады.


— Жүріңдер,біздікінен сусындап шығайық — деді Әбділда.


— Жоқ, біздікіне барайық. Қымыз біздікінде де бар ғой — деді Күлтай жайраңдай түсіп.


— Кімде жоқ дейсің қымыз, одан да біздің түтін түтеткен жерімізді көріңдер — деді Берджул.


Қымыздан тартылған ба қазақ баласы! Үй жағалап ауылды түгел аралап шықтық. Сауынсыз отырған, бие байламаған үй жоқ. Қой-ешкі, сиыр өріске кеткенімен, ір үйдің есігі алдындағы тоқ қозы, лақ, бұзаулар ауылдың, тарықпай отырғандығы белгілі сияқты.


Біз үйден шығуға ыңғайланғанда. Өз қуанышымен біздің алдымызды бөгей берді.


— Қарағым, аузымыз аққа тиді ғой. Колхоз берген қара сиырымыз, жануар, ақтан тарықтырар емес. Бұған да шүкіршілік.


Қуанышы қойнына сыймаған, бақытты өмірге еңкейген шағында кез болған ана көкірегін көтере түсіп:


— Биыл алған тағы да үш саулығымыз бар — деп шығуға жол бергендей болды.


Жастар еңбекке аттанғанда, қарт ана түлек түрлерінен көз алмай, ұзақ қарап тұрды.


Орысшадан аударған — Т. Кәкішев.


Көкшетау — Зеренді 1933.





Пікір жазу