17.12.2021
  252


Автор: Саттар Ерубаев

Қош келдіңіз!

Жер комиссариатының қай есігін ашсаң да бұрқыраған қағаз, қым-қиғаш бір-бірін қуалай отырған қызметкерлерді көресің. Олардың бір қиын мәселесі менің отырған адамдай топ-топ болып келіп, әлсін-әлсін тартқан шылымдарының буалдыр көк түтіндері олардың көптеген ісінен бұрын көзге түседі. Сыртқы есіктен кіргеннен-ақ кездескен есікті ашып, мал шаруашылық секторын іздеп келе жатқанымызда, ойда жоқ жерден қолтығында наны бар, алманы күйсеп келе жатқан екі әйелге кездесе қалдық.


— Пожалуйстаңыз... Кешіріңіз, бізге мал шаруашылық секторы керек еді — дегеніміз-ақ мұң екен, ұзын мұрынды, алтын тісті, қара торы қыз жеп келе жатқан алмасын асығыңқырап шайнап, тез-тез жеп үлгермеген-ақ: «Алдыңызда, 15-үйде. Бырдинды сұрасаңыз»-деді. Біз рақметпен басты изеп, 15-үйге бет қойдық. Алтын тісті, қара торы қыз «барыңыз» деп бас иіп, жымиып қала берді.


15-үйдщ есігін ашып қалғанында «Сектор начальнигі» деген жазу тура маңдайына соғады. Төр алдында отырған қара жігіттен «Бырдин сіз боласыз ба?» — деп сұрап еді... «Я, мен, қызметіңіз қандай еді?»-деп қарсы сауал қойды.


— Қызмет сол, біз өлкелік комсомолдар газетінен едік. Сізбен мал шаруашылығы азығын даярлау, мал өсіру жұмыстары туралы кеңескелі келдік...


— Ой-бой, тіпті, жақсы, қош келдіңіз. Жаңа ғана бірсыпыра ақпарларды алып, қорытайын деп отыр едім — деп арбиған столдың үстіне жентек-жентек қағаздарды бұрқыратып тастай берді.





Пікір жазу