ЖӘКУЛАНЫҢ ҚЫЗЫЛТАСЫ
(Беташар сөз)
Аягөзден аттанып, Ақсуатқа қарай сапар шек- кенде, орта жолдан ауа бере алдыңыздан «Жә- куланың қызылтасы» мен мұндалап көрініс
береді. Сол сурет мөрдей басылып, көңілде қалып қой- ған. Олай болатыны, мен бұл күре жолмен олай да, бұ- лай да көп жүргенмін. Сол тұстан өтіп, «Жәкуланың қы- зылтасына» көзім түскен сайын, мен қазақ жерінің бір киелі қасиетіне қайран қалушы едім. Қазақ өз тарихын қағазға түсірмесе де, туған жердің сай-cала, тау-тасына жазып кеткен секілді. Ал, жердің жады (памяты) деген керемет! Тарихтағы кейбір есімдерді есеңгіреген қазақ- тың елі ұмытса да, жері ұмытпайды.
«Жәкуланың қызылтасы». Бұл сөзді осы жолмен ары- бері өткен жолаушы еш ойланбастан, емін-еркін айта салады. «Жәкуланың қызылтасынан өткенде», немесе
«малшы ауыл Жәкуланың қызылтасында отыр» дейді өзара сөйлескенде. Ал, осы сөзді жиі айтатын жастар Жәкуланың кім екенін білмеуі де мүмкін. Бірақ жер аты халықтың сөздік қорына мықтап еніп кеткен.
Жалпы, Ақсуат өңірі осындай тарихи ескерткіш-есім- дерге өте бай. «Жәкуланың қызылтасынан» ары сәл жүрсеңіз, алдыңызда «Қубастың кезеңі» тұр. Қубас ат
- қолбасы Қабанбайдың жансерік тұлпары ғой. Жекпе- жекте астындағы керігі жата кетіп, атқа жарымай жүрген батыр Қубасты дөнен кезінде осындағы Мұрын жыл- қысынан тапқан деседі... Одан бір-екі кезең ассаңыз,
«Майлы шат» шығады алдыңыздан. Қабанбай бастаған қазақ әскері шығыс өлкені жоңғардан азат етіп болған соң, 1754-жылы күзде осы алқапта ағыл-тегіл той жа- саған деседі. Қымыз өзен боп ағып, ет төбе боп үйілген сол жұрт кейін «Майлы шат» атаныпты.
Ал, одан да ары, Ақсуат жеріне ішкерілеп енсеңіз, Қарғыба өзенінің аңғарындағы «Бұқа шатқалында» менің тоғызыншы атам Бұқа батырдың моласы бар. Атамыз теңсіз ұрыста қоршауда қалып, жан-жақтан жа- былған ойраттар найзамен тік көтеріп алғанда, өне бо- йынан қан саулап тұрып: «Атаңа нәлет, ит қалмақ, өл- сем де сендерден найза бойы биік тұрмын ғой!» деген екен, жарықтық. Кейде «Ақсуат өңірінің маған төтенше ыстық көрінетіні – оның қойнауында батыр бабамның сүйегі жатқанынан шығар» деп те ойлап қоям.
Әлқиса, тақырыбымызға қайта оралайық. Әңгіме
«Жәкуланың қызылтасынан» шығып еді-ау! Бір жолы мен Ақсуатқа бара жатып, әдейі білмегенсіп, қасындағы жол-серіктеріме мынадай сұрақ қойдым:
- Мына оң жақ қапталдағы биікті не деп атайды?
- «Жәкуланың қызылтасы» дейді бұл биікті...
- Солай де... Ал Жәкула деген кім, сонда?
- Білмейміз... Әйтеуір осы тауды халық солай атайды,
–деді біреуі екі иығын қомдап.
- Баяғыда Жәкула деген болыс өтіпті. Осы өңірдің бәрі сол байдың қонысы болса керек, – дейді әлгіден гөрі сауаттырақ екіншісі...
Бұған да тәуба. Жастардың осыны білгеніне де шүкір дейміз. Оған жастар кінәлі емес. Аруақтарды еске ал- май, ұрпақ жалғастығын үзіп тастаған қоғам кінәсі.
Мен бір бүйірде қалып бара жатқан «Жәкуланың қы- зылтасына» қараймын тағы да. Қызыл тас күн райына қарай, сенің қай қырынан қарағаныңа қарай әртүрлі рең беріп, құбылып тұрады. Күн көзінде қызыл арайланып, өрттей лаулап шалынса, бұлтты күндері қызыл қошқыл- данып, қара қоңыр тартады. Қалай болғанда да қызыл тас сол орнынан қозғалмайды. Бейне Жәкула болысқа қойылған мәңгілік ескерткіш тәрізді.
Иә, біздің қазақ жерге ат қоюдан қате жібермеген. Сонау Қызылтастың бір қойнауында, сөз жоқ, Жәкула Күшікұлының қыстауы бар. Қатар тұрған Өкпеті мен Қызылтаста төрт түлік мал өріске симай, кең жайылып жатты-ау бір кезде.
Жәкула болыс – Мұрын руының Қыдыр тармағынан. Ал, Қыдыр – әйгілі Жолымбет бидің үлкен ұлы. Жо-
лымбетте жеті ұл болған ғой. Кейін «жеті Жолымбет» атанған бұл әулет Мұрынның негізгі сұлбасын құрайды. Жолымбет би тарихта болған адам. Жоңғар шапқыншы- лығы кезінде ел-жұртымен Арқаға ауған Жолымбет 136 жасқа келіп, сол жақта қайтыс болыпты. Зираты Ақмола өңіріндегі «Жолымбет бекетіне» таяу жерде. Жолымбет би 130 жасында ақыл-есінен жаңылмай сайрап отырған- да, жүз жасқа келген ұлы Қыдыр алжи бастаса керек. Сонда Жолымбет бабамыз: «Бұл құлыным не көрмеді. Үнемі желдің өті, жаудың бетінде жүрді ғой. Мұның шаршайтын уағы болды» деп баласының маңдайынан сипайды екен, жарықтық.
Сол Жолымбет бидің тікелей ұрпағы саналатын Жә- кула Күшікұлы – халықтың саналы тобынан шыққан белгілі тұлға. Әр руда ұлтқа ұйтқы болатын тіректі адамдар болады. Бұл да – солардың сойынан. Сонау 19-ғасырдың 90-жылдарында Жәкуланың Омбыдағы мединститутқа барып оқуы – осы сөзіміздің айқын дә- лелі. Өз ұлтына барынша қажет, ең зәру нәрсенің бірі
- дәрігерлік екенін жан-тәнімен сезініп, алдына үлкен мақсат қойып барған адам ғой. Алайда империялық өкі- мет оқу бітірген Жәкуланы өз еліне жібермей, әскери дәрігер ретінде Бішкектегі армия бөлімшесіне жолдай- ды. Жәкуланың біраз жылы осында өтеді.
Ол кісінің елге оралуы – жиырмасыншы ғасырдың басы. Онда да, Өкпетідегі ел-жұрты жоғарыға арызда- нып жүріп, зорға қайтарып алған. Бұл – кезекті болыс сайлауының қарсаңы болатын. Көптен қолдары жетпей зар болып жүрген азаматы келісімен ағайын жұрты оны бірден болыс сайлап алады. Ол кезде қазақтың маңдайы- на жазылған ең үлкен лауазым – осы болыстық. Импе- рия заманында губернатор тұрыпты ғой, қазақтан шық- қан бірде-бір уезд бастығы болмаған... Жәкула өз елінде он жылдан астам болыс болды. Өзінің қара қылды қақ жарған әділігімен, халыққа жасаған қамқорлығымен ел құрметіне бөленді. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Адалдық пен әділдік, халыққа қалтқысыз қызмет ету – сол кездегі қазақ оқығандарының көбіне тән қасиет еді. Жәкула ел басқарып жүргенде Семейдегі Алаш қай- раткерлерімен тығыз байланыста болды. Халықтың
көзін ашып, ел ішіне «Қазақ» газеті мен «Айқап» жур- налының кең таралуына күш салды. Жалпы, өнер-білім- ге ұмтылу – бұл әулетке тән қасиет. Жәкуланың немере інісі Әбілмәжін Күшіков ғасыр басында сонау Еуропа- дан Варшава университетін бітіріп келді. Кейін бұл екеуі де «Алаш» қозғалысының белсенді мүшелері болды. Амал не, балшабектік қызыл өкімет қазақ зиялылары- ның жолын кесіп, аңсаған армандарына жеткізбеді ғой. Әбілмәжін 1937-жылы «Халық жауы» атанып, әріптес- терімен бірге атылып кетті. Ал, Жәкула кампеске кезін- де жер-жерде бұрқ ете қалған шаруалар көтерілісіне іш- тартты деп айыпталып, ұсталатын болған соң, амалсыз шекара асып, Шәуешек жаққа бой тасалады.
Егер заман тыныш болса, Жәкула дәрігерлік кәсібін жалғастырып, бұл жақта да өз ұлтына қызмет істер еді. Бірақ сол заманы түскір тыныш болмады ғой. «Қыр- сық бір айналдырса, шырайналдырады» деген осы. Бұ- лар Шәуешекке барып орныққан соң, арада бірер жыл өтпей, алдарынан «Дүңген көтерілісі» деген бір бүлік шыға келді.
«Дүңген көтерілісі» деген не дейсіз ғой? Шыңжаңмен іргелес, Қытайдың Гансу, Шыңхай өлкелерінде мөлшер- мен он миллионға жуық дүңгендер жасайды. Дүңген деп жүргеніміз – сонау сегізінші ғасырда, арабтың әйгілі
«Құтайба жорығы» кезінде мұсылман болып, ислам дініне енген қытайлар мен таңғұттар. Миллиард қытай әр кезеңде өздерін жаулап алған түріктерді де (Шың- ғысқан әулетін), Мәнжу-шүршіттерді де жұтып, сіңіріп әкетті ғой. Бірақ, қанша ғасыр өтсе де осы дүңгендерді сіңіре алмай-ақ қойды. Сонда, дүңгенді сақтап тұрған не дейсіз ғой? Ол – ислам діні. Дүниеде дүңгеннен дінге берік халық жоқ. Дүнгендер билеуші ұлтқа берілгенді былай қойып, уақ-уақ миллиард қытайға қарсы ғазауат жариялайтынын қайтерсің. Олар баяғыда 1860-жылдар бір көтерілген. Сонан кейін отаршылдарға қарсы сұра- пыл соғыс ашқаны – осы 1933–1934-жылдар. Дүргендер және өздері ғана көтеріліп қоймайды, дін қарындас деп, Шыңжаңдағы ұйғыр мен қазақты ала кетеді.
Жәкула болыс өрен-жаранымен Шәуешек барып ор- ныққан соң көп өтпей-ақ ішкеріден дүңгендер де келіп
жетті. Аз емес, генерал Махиың бастаған тұтас бір полк. Басқалары Үрімжі мен Алтай бағытында айқасып жат- са керек. Мына келгендер жергілікті қытай әкімдерін қуып шығып, Шәуешекті бірнеше ай билеп тұрды. Мұ- сылманның ақ туын көрген соң, шыдай алмай, оларға қазақтар да қосылып кеткен. Егер ойда жоқта батыс- тан Совет армиясы келіп килікпегенде, дүңген билігі созыла берер ме еді, қайтер еді. Сталинның ұстанымы белгілі: дәл іргесінде тағы бір мұсылман мемлекетін қа- лай құрғызып қойсын. Мол қарумен келіп, тұтқиылдан тиіскен орыс әскері дүңгендерді бір аптаға жеткізбей Шәуешектен қуып шықты. Әрине, дүңгендер оңай шегі- не қойған жоқ, қалада кескіліскен ұрыс болды. Айнала төңірек дүңгені, қазағы аралас жаралыларға толып кет- кен. Ал, дәрігер Жәкула күндіз-түні дамыл көрмей сол жаралыларға жәрдем көрсетумен болған еді. Міне, сол кезде, бұл жазмыш дегенді қойсайшы, көтерілісшілер- ге көмектестің деген сылтаумен жазалаушы жендеттер Жәкуланы атып кетіпті.
Көп адамдар «жазалаушы әскерлер Жәкуланың дәрі- гер екенін білмей, көтерілісшілердің бірі деп, аңдамай атқан шығар» дегенді айтады. Ал, менің ойым басқаша. Жәкула болысты кім атса да, арнайы тапсырмамен іздеп келіп, оның кім екенін дәл танып тұрып атқан. Совет әскері барған жерде НКВД жансыздары бірге жүретіні белгілі. Олар көп жылдар бойы шекара асып кеткен
«Алаш» қайраткерлерін аулаумен болды. Райымжан Марсеков, Зият Шәкерімұлы қатарлы талай боздақты ізіне түсіп тұрып, ұстап әкетті. Ендеше, Жәкула болыс- қа қадалған оқ та – оқыстан атылған нәрсе емес, арнайы нысанаға алынған, кезелген оқ.
Әрине, өз басым Жәкула болысты көре алғам жоқ. Ол кісі мен дүниеге келерден екі-үш жыл бұрын, жоғарыда айтқанымыздай, дәрігерлік парызын өтеу үстінде мерт болыпты. Оның есесіне, мен жас кезімнен болыстың балаларын біліп өстім. Әкелері шәйіт болғанда, ұлдары Әнуар он екі жаста, Мағауия 16 жаста екен. Бұл жақ- та орысша оқып, сауатын ашып барған балалар қалған білімдерін сол жақта жетілдіреді. Арада он жыл өткен- де, олардың бағына Шыңжаңда ұлтазаттық күресі бұрқ
ете қалады. Біз енді Мағауия мен Әнуарды азаттық қоз- ғалысының жуан ортасынан көреміз. Азаттыққа, ұлтқа деген құштарлық олардың қанында жатқан ғой. Кезегі келгенде, бойларындағы сол пассиянарлық қуат жарық дүниеге жарып шықты. Біз мектепте оқып жүргенде, Әнуар Жакулин мен Мағауия Жакулин деген есімдер Шығыс Түркістан аспанында қалықтап тұрушы еді.
Шыңжаңдағы ұлтазаттық күресіне еселі үлес қосқан ағайынды Жәкулиндер кейін қытайдың қызыл өкіметі тұсында да лауазымды қызметтер атқарды. Әнуар Құл- жада Іле аймағына уәли (губернатор) болып тұрған- да, Мағауия Шәуешекте Тарбағатай аймағын басқар- ды. Кейін Әнуар Шыңжаң өлкелік партия комитетінің әкімшілік-заң бөлімінің бастығы боп тұрғанда, Мағауия өлкелік сыртқы сауданың тұтқасын ұстады.
1961-жылдың басында маған Әнуар Жәкулиннің үйін- де болып, ағайынды екеуімен де дәмдес болудың сәті түсті. Бұрын бұл әулетпен менің араласым жоқ-тұғын. Мені онда ертіп барған – белгілі ақын Мақатан Шәріп- ханұлы. Бұл – кезінде Алтай аймағының губернаторы болған, кейін Шыңсысәй түрмесінде азаптап өлтірілген атақты Шәріпхан төренің баласы ғой. Мақатанды жо- ғарғы элитаның бәрі жақсы танитын-ды. Мен болсам, Алматыдағы оқуымнан қалып, басыма «оңшыл-ұлт- шыл» деген қалпақ киіп, «Шыңжаң газеті» редакция- сында бақылау астында жұмыс істеп жүрген кезім бо- латын. Қыдыруға зауқым жоқ еді, Мақатан еркі алдыма қоймады:
- Барайық, үлкен адамдармен танысасың. Қазір ұлық- тардың дастарқаны тоқ. Тымқұрса, сәлем берген болып, бір тойып қайтпаймыз ба! – деп ақыры көндірді. Бұл кезде Үрімжіде ашаршылық басталған-ды. Қарын құр- ғырдың «шұрылдап» тұрғаны да рас еді.
Әнуардың үйіне барсақ, ағасы Мағауия да сонда екен. Ағайындардың демалыс күнгі оңаша сәтін бұзғанымыз анық. Әйтсе де, сыр бермей қарсы алды. Үй иелерінің қас-қабағына қарайтын Мақатан жоқ, әрқайсысын ал- ма-кезек құшақтап, өз үйіндей билеп- төстеп кеткен... Менің мөлшерімде, сол жылдары Әнуар қырықтан асып, Мағауия елуге тақап қалған кезі. Екеуі де – зор
денелі, мелжемді, келіскен кісілер екен. Қанша қонақ- жайлық танытқанмен, арамызда жарасты әңгіме бола қоймады. Оның үстіне, менің жағдайым да оңып тұрған жоқ. Ауыз баққан заман. Мағауия дойбышы екен. Біраз уақытты екеуміз дойбы ойнап өткіздік. Мақатанның айтқаны рас, бұл үйлерге ашаршылық ене қоймапты. Ең бастысы, Бәту апай әзірлеген дәмді тағамдармен жүрек жалғап, аржағымызға ел қондырып қайттық.
Бірақ, ең өкінішті жері, сол азаматтардың басындағы бақ та, биік мансап та баянсыз болып шықты. Демек, ұлтың азат болмай тұрып, өз билігің өзіңе тимей тұрып, сен де бақытты бола алмайды екенсің. Төбеңнен қара- ған отыршыл өкімет сені белгілі бір кезеңде пайдала- нады екен де, жоспары орындалған соң керексіз заттай лақтыра салады екен. Жәйіңа жіберсе жақсы ғой, сені енді «жау» деп санап, қапасқа қамап, қорлайтынын қай- терсің.
Жәкулиндер, міне, осы шындықты да бастан кешірді. Заман тарылып, басына бұлт үйірілгенде, Мағауия зей- нетке шығып, құтылды да, Әнуар атақты «мәдениет төң- керісінің» тұзағына ілінді. «Капитализм жолына түскен лауазым иесі» деген айдармен түрмеге қамалды да, сол есіктен қайта шықпады. Өлтіріп қана қоймай, сүйегін бермей қор қылды-ау! Әнуардың мәйітін Мао өлген соң ғана абақты ауласынан қазып алып, басқа жақта жерлеу- ге мүмкіндік туды.
Міне, қысқа қайырғанда, бір әулеттің өмір жолы, тағ- дыр-талайы осындай. Азаттық үшін, бақыт үшін туған, отаршылдар жолдарын қанша кессе де өршеленіп, өрге ұмтылған ұрпақ. Қазір Жәкулиндер әулеті жарым-жар- тылап, атажұртқа келіп алды. Тамырдағы тек (ген) құр жатпайды екен. Ұрпақтары бұл жақта да жерде қалмай, өз ортасынан озып, өніп-өсіп жатыр. Аталары Жәкула- ның 150-жылдығына арнап, туған жерінде Ас беруі, ата- лары туралы естелік-кітап шығаруға талпынуы – осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Ал, туған елі мен жері өз перзентіне ескерткішті бая- ғыда-ақ орнатып қойған. Ол – «Жәкуланың қызылтасы».