АБЫЛАЙДЫҢ АСЫНА ШАППАҒАНДА, АТАҢНЫҢ БАСЫНА
ШАБАСЫҢ БА?!
– Қабеке, тойға шақырды ма Сiздi?
- Қандай той?
- Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы. Көкше- тауда өтетiн...
- Шақырды. Осыдан төрт күн бұрын. Төрт күн бұрын да тойға шақыра ма? Ең кем дегенде бір ай бұрын айтуы керек қой.
– Шақырушыға не дедiңiз?
- Бармаймын дедiм.
- Неге? Неге бармайсыз?
- Ықылассыз өткiзiп жатқан, онда да «птичка» үшiн өткiзiлiп жатқан тойға баруға еш зауқым жоқ. Бiрiншi- ден, бұл той өте кешiктiрiлiп өткiзiлiп жатыр. Абылай хан 1711 жылы туған. Ресми түрде бекiтiлгенi де осы – 1711 жыл. Энциклопедияда да солай жазылған.
Жарайды, тойды 2011 жылы емес, биыл өткiзетiн-ақ болсын. Бiрақ, ол неге жетiм қыздың тойындай елеусiз, ықылассыз, облыс орталығында өткiзiлуi керек?! Биыл- ғы жылды ерте бастан «Абылай хан жылы» деп жария- лап, үгiт-насихат та кең түрде жүргiзiлуi керек емес пе едi. Оны «Юнеско» көлемінде, көрші елдерден көп қо- нақтар шақырып, өткізу керек еді.
«Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген мәтелдi естiген боларсың?
– Естiдiк қой.
– Естiсең, мұның астарында «Абылай ханның асынан үлкен ас болмақ емес, ендi өнерiңдi, барыңды осындай үлкен ас, ұлы жиында көрсетпегенде қайда көрсет- пексiң?!» деген мән-мағына жатыр. Бұдан ненi аңғаруға
болады? Қазақтың Абылай ханды ерекше қадiрлегенiн, оның қайраткерлiгiн өте жоғары бағалағанын байқауға болады.
Қош делiк. Мiне, бiз сол күллi қазақ қадiрлеген ұлы тұлғаның 300 жылдық мерейтойын ықылассыз ғана өткiзбекпiз.
Жасыратын түк те жоқ, қазiргi күнi «Нағыз тарих бiзден басталады!» дегенге саятын бiр баянсыз, шолақ, келте түсiнiктi қалыптастырғысы келетiндердi де бай- қап жүрмiн. Мұның бәрi бос әурешiлiк! Өткенге мұрын шүйiре қарау – жетесiздiктiң белгiсi. Мәдениетсiздiктiң, парықсыздықтың белгiсi. Қазақ осылай, дәл осы күйiн- де аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Қазақ мем- лекетiнiң тарихы тым әрiде жатыр. Қазақ хандарының бiразы майданда, ұрыс даласында өлген. Мұндай сирек мысал, мұндай сирек дерек кез келген халықтың тари- хынан табыла бер-мейдi.
Ендi Абылай ханға тоқтала кетейiн. Мен – Абылай хан туралы, оның айналасы туралы, Абылай ханды қор- шаған қазақтың мүйiзi шаңырақтай батырлары туралы көркем шығармалар жазған адаммын. Шығарма жазу үшiн олардың тарихын, iс-әрекетiн, тiрлiгiн зерттейсiң. Сонда көзiм жеткен бiр нәрсе, Абылай ханның қазақ халқына сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз.
Абылай хан 1754 жылы қазақ жерiн басқыншылар- дан толық азат еттi. 40 жылға созылған осы соғысты өз басым «Отан соғысы» деп атап жүрмiн. Тарихшыла- рымыз осыны қабылдап-қалыптастырып жiберсе, тiптi жақсы болар едi. Қалай Отан соғысы демейсiң, бүгiнгi тiлмен айтқанда, бiздiң бес облыс (Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Түркiстан, Ташкентiмен қоса) жоң- ғардың атының тұяғының астында қалды. 1754 жылы Абылай хан қазақ жерiн жоңғарлардан толық тазартты. Ал ендi осыдан дәл бiр жыл кейiн, нақтылай айтсақ, 1755 жылы әйгiлi Маңшың өкiметi «Жоңғарларды жер бетiнен тып-типыл етiп құртамыз!» деп жойқын ша- буылға шықты. Жоңғарлар тоз-тоз болды. Ал егер сол жоңғарлар бұрынғыдай Қазақ жерiнде отырғанда не бо- латын едi? Қытайлар жоңғарларды, өздерi айт-қандай,
«жер бетiнен тып-типыл құртып жiберу үшiн» Қазақ жерiне де келетiн едi ғой. Сонан кейiн оларды қазақ- тар жоңғарлар сияқты қайта қуып жiбере алатын ба едi, жiбере алмайтын ба едi, бұл – өте күрделi, қиын сұрақ. Жалпы, тарихты жасайтын тұлғалар ғой. Абылай ханның айбынының, амал-айласының, сесi мен сұсы- ның қаншалық екенiн, оның қайраткерлiк, ұйымдас- тырушылық қабiлетiнiң қаншалық екенiн мынадан да байқауға болады. Абылай хан өлгеннен кейiн 10 жылға жеткен жоқ, Оңтүстiк Қазақстанды Қоқан басып алды.
Мына жақтан Ресей де қазақ жерiне қол сала бастады.
– Қазақтың көрiпкел ғұламасы Мәшһүр Жүсiп Көпеев «Батырда Қаракерей Қабанбайдан өткен ба- тыр жоқ. Биде Үйсiн Төле биден өткен би жоқ!» дей келiп, қазақ хандарының iшiнде Абылай ханның еңбегiн айрықша биiк бағалайды. Тарихи деректер келтiре отырып. Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң толық шығармалар жинағының 15 томы басылып шық- ты. Бұрындары Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң Абылай хан туралы айтқандары ғылыми айналымға түспей келiп едi, ендi түсетiн шығар...
– Қазақтың белгiлi адамдары, қазақтың ғұламалары мен тарихшы-ғалымдары былай тұрсын, Абылай ханды шет жұрттар да биiк бағалаған. Қытайдың, Ресейдiң та- рихшылары бұл жөнiнде жазып қалдырған.
Қай бiр күнi, ә-ә-ә, ендi есiме түстi, Тәуелсiздiк күнi бiраз зиялылар бiздiң үйге телефон соғып, «Абылай ханның ескерткiшiне гүл қояйық» деп өтiнiш бiлдiрдi. Екiншi Алматы темiржол вокзалының алдындағы Абы- лай ханның ескерткiшiне келсем, 40-50 адам жиналып қалыпты. Алматының әдеби-мәдени зиялылары, Абы- лай ханның қазiргi ұрпақтары, тағы тағылар. Содан әлгi жерде жиын жасап, сөз сөйледiк. Тәуелсiздiк туралы айттық, Абылай хан туралы айттық. Әншейiнде өрiп жүретiн тележурналистердi көре алмадым. Сөйтсем, осы жиынды ұйымдастырушылар бiреу емес, екеу емес, бес бiрдей телеарнаға телефон соғып, Абылай ханның ескерткiшiне гүл қоятынын ескертiп хабарлапты. Бiрақ бiрде-бiр телеарна төбе көрсетпедi. Неге? Өйткенi олар
да жоғары жақтағылардың, билiктегiлердiң Абылай ханға қырын қарайтынын сезiп-бiлiп отыр. Содан кейiн қалай келедi?
– Қабеке, осы Сiзден көптен берi сұрайын деп жүрген бiр сауалым бар едi. Бiздiң ғалымдарымыз Абылай ханның сүйегiн тапты, бұл сүйектiң Абы- лай хандiкi екенiн «бұлтартпай дәлелдедi», осы сү- йек арқылы Абылай ханның жаңа портретiн жа- сады. Ғалымдарымыздың дәлелдеуiнше, Абылай ханның бойының биiктiгi 157 см. екен, аузында бiр тiс жоқ, кемиек көрiнедi... Осы ғалымдарымыздың дәлелiн, болжамын, олардың зерттеуiн, тексеруiн, тiрлiгiн, әрекетiн өзiңiздiң әрiптес iнiңiз, қазақтың көрнектi жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов бү- ге-шiгесiне дейiн, егжей-тегжейлi жоққа шығарды. Бұл жөнiнде Т.Нұрмағамбетов бiр мақала, екi ма- қала емес, тұтас бiр кiтап жазды. Ол кiтап жарық- қа да шықты. Т.Нұрмағамбетовтiң кiтабын зейiн қоя оқып шықтым. Шын мәнiнде, сүйек Абылай хандiкi емес секiлдi. Мұны жазушы ешбiр тарихшы, ешбiр ғалым, ешбiр зерттеушi уәж қайтара алмай- тындай етiп дәлелдеген. Дәлелдерi – нық, темiрдей. Және бұл мәселенi Т.Нұрмағамбетов өз тарапынан мейлiнше терең зерттеген.
Сүйек Абылай хандiкi болмаса, ғалымдарымыз- дың осындай асығыстыққа баратындай, елдi алдай- тындай не бастарына зор күн туды?
– Тынымбай дұрыс айтады. Табылған, зерттелген сү- йек Абылай хандiкi емес. Басқа бiреудiң сүйегi қалай Абылайдiкi болады?! Мен бұл жөнiнде осы сүйектi Абылай хандiкi деп «дәлелдеп жүрген» ғалымдардың бетiне айтқам.
«Заманына қарай адамы» дейдi қазақ. Қазақтың хан- дарының бәрi шеттерiнен батыр болған. Әз Жәнiбек, Керей хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есiм хан, Салқам Жәңгiр... Мұның бәрi ба- тыр! Өйткенi ол кезде батыр емес адам хан сайланбай- тын. Хан болғың келе ме, мiндеттi түрде батыр болуың керек. Сондықтан да ханның тұқымдары, ханның ұр-
пақтары қаршадайынан бастап қылыштасу, семсерлесу, найзаласу, садақ тарту, шоқпар сiлтеу, айбалта жұмсау секiлдi жауынгерлiк амал-тәсiлдердi үйренуге кiрiскен. Оларды «оғлан» деген. Ал оғланға жауынгерлiк амал- тәсiлдi үйрететiн адамды «аталық» деген. «Аталық» де- генiмiз – ұстаз. Ол батыр болумен қатар, бiлiмдi, бiлiктi, сан қырлы болған.Оғланға оңай адам ұстаз болушы ма едi?! Абылайдың аталығы – Ораз. Ораз Абылайды жауынгерлiк амал-тәсiлдерге 7 жасынан үйрете баста- ған. Қылыш жастанып өскен, қаршадайынан шынығып, ширап өскен бала ер жеткенде қалай ғана 157 см. бола- ды? Өзі жекпе-жекте жан шыдатпаған «қанішер» Абы- лайдың немересі болса...
Тарихи деректерден белгiлi, оның үстiне Абылай – жекпе-жекке шыққан батыр. Қарсыласы – әйгiлi Ша- рыш ноян. Жоңғардың айтулы, iрiктi батыры. Шарышты шаншып түсiру үшiн де (Абылай Шарышты найзамен шаншып түсiрген) күш, қайрат, салмақ керек. Абылай ханның керемет алып адам болмауы әбден мүмкiн, бi- рақ оның бойлы-сойлы болғанына күмән келтiрудiң еш қисыны жоқ. Егер, жаңылмасам, Үмбетей жырау болуы керек, Абылай ханның егде тартып, қартайған шағын тiлге тиек ете келiп, «кебеже қарын, кең құрсақ» дейдi. Бойы 157 см. адам «кебеже қарын, кең құрсақ» бола ал- майды. Дене бiтiмi мол пiшiлген адам ғана «кебеже қа- рын, кең құрсақ» бола алады. Үмбетей – Абылай ханды өз көзiмен көрген адам.
– Осы сөзiңiзден шығады, бiздiң көбiмiз Қарғабой- лы Қазтуғанды шағын денелi, қолтоқпақтай ғана адам болған деп түсiнемiз. Қарғабойлы Қазтуған әрi ақын, әрi батыр болған адам ғой. Соңғы кездерi айтылып жүр, Ноғайлыда «қарға», «қарғабойлы» деген рулар болыпты. «Қаракерей Қабанбай» деген сияқты Қарғабойлы да Қазтуғанның руы көрiнедi... Тiптi Абылай ханды қойып, бергi Сырым ба- тырдың заманын алайықшы. Сырым батыр әрi би де болған ғой. Сырым билiк айтқан кезде билiкке көнгiсi келмей қыңыратқығандарды тақымына ба-
сып, сабап-сабап алады екен.
– Иә, ол кезде ел басқарған адамдарға бiлiкпен қа- тар, бiлек те керек болған. «Суворов қолтоқпақтай ғана кiсi болған ғой. Абылай ханның бойы да 157 см. болса болған шығар...» дейдi кейбiр әрiптестерiм. Су- воровтың заманы бөлек қой. Суворовтың заманы – от қарудың (зеңбiректiң, мылтықтың, мүшкеттiң) заманы. Суворов штабта отырып, карта сызып, өз әскерiнiң ст- ратегиялық бағытын белгiлеп берсе, бiтiп жатыр. Ал Абылайдың заманында Абылай ханға әр адым басқан сайын бiлек күшi қажет боп отырған. «157 см.» деген- мен келiспейтiнiм де сол. Бұл – Абылай ханды қорлау, оның сүйегiн қорлау.
– Тек Абылай ханды ғана қорлап, жалғыз Абы- лайды ғана ескерусiз қалдырсақ бiр сәрi-ау...
– Дұрыс айтасың. Әлихан Бөкейхановтың 140 жыл- дық мерейтойы облыстық деңгейде ғана аталып өттi. Семейде...
Алаштың көсемi. Қазақтың көсемi. Ұлттың көсемi. Ұлттың көсемiне қандай құрмет көрсеттiк? Не ес- керткiшi жоқ. Не оның атына берiлген көше жоқ...
Алаштың көсемiнiң мерейтойы – күллi қазақтың тойы емес пе едi?! Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге не ке- дергi болды? Менiңше, билiктен тек нысап қана кеткен жоқ, сонымен бiрге ұят да кеттi. Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков... Қайсыбiрiн айтайын, Алаштың аяу- лы тұлғаларының мерейтойларының жетiм қыздың то- йындай болып өтуi де – билiктiң ықылассыздығынан.
«Ықылассыз» дегенiмiзден шығады, Қазақ мемле- кетiнiң iргетасын қалағандар кiмдер? Әрине, әз Жәнi- бек хан мен Керей хан. Әуелгiде «әз Жәнiбек хан мен Керей ханның ескерткiштерi Қытайда құйылып едi. Жөндi құйылмапты...» деген сөз шықты. Ерiнбей Ас- танаға iздеп барып, ескерткiштердi әдейiлеп көрдiм. Құйса Қытай құйсын, ескерткiштер әдемi құйылыпты: айбынды, ажарлы. Содан қоятын жер таппай, бұл ес- керткiштер бiр қыс күресiнде жатты. Халық шулап кет- кеннен кейiн, бұл ескерткiштердi елеусiздеу бiр жерге қоя салды, әйтеуiр. Қазiр Астана «ескi Астана», «жаңа
Астана», «Есiлдiң оң жағалауы», «Есiлдiң сол жаға- лауы» деп бөлiнетiн болды ғой. Қайран әз Жәнiбек хан мен Керей ханның, қазақтың маңдайына басқан киелi тұлғаларының ескерткiшi тап бiр жаңа Астананың сы- нын, сәнiн бұзатындай, ескi Астанада, адам аяғы жиi бара бермейтiн елеусiздеу бiр бұрышта тұр...
– Әңгiмеңiзге рақмет!
САЛЫСТЫРУ ҮШIН
«Көшпендiлер» фильмi бiзде 40 миллион доллар- ға түсiрiлдi. Солай ғой? Солай. Қазiр бұл фильмдi ешкiмнiң көргiсi де келмейдi. Өйткенi, мұндағылардың бәрi жасанды: Абылай – Абылай емес, жаны да бөлек, қаны да бөлек шетелдiк бiреу және т.б.
Ал ендi осы фильмнен 30 есе ұзақ, яғни 30 серия- дан тұратын Қытайдың «Шыңғыс ханы» қаншаға түсiрiлгенiн бiлесiз бе? 8 миллион долларға түсiрiлдi.
Бiздiң қаншалықты жемқор, дәрменсiз, өзiмiзге өзiмiздiң ешбiр жанымыз ашымайтынын осыдан-ақ шамалай берiңiз.
Әңгімелескен – Әмірхан МЕҢДЕКЕ.
«Жас Алаш», 3-қазан, 2013.