16.12.2021
  402


Автор: Қабдеш Жұмаділов

СЫЗЫҚТЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫ, БЕРГІ ЖАҒЫ

Қаз-қалпында


 


Алматыға қалың қар жауғанда, ол қардың қыс бойы күрелмей, тазаланбай сүрі боп жатқанын көргенде, көше біткен көк тайғаққа айналып, адамдардың мертігіп жатқанын көргенде, менің есіме


осыдан он жылдай бұрын өткен мына бір оқиға түседі. 2002-жылы, желтоқсан айының басында маған Қытай-


дың Шәуешек қаласынан қоңырау шалынды. Телефон соғып тұрған – аймақтық уәли мекемесінің (аймақтық әкімшіліктің) бас хатшысы Мұрат деген азамат. Аман- сәлемі түзу, сөзі жылы, іші-бауырыңа еніп барады.



  • Қабеке, сәлем соңында айтарымыз: сізді өзіңіздің туған қалаңыз – Шәуешек қаласы қонаққа шақырады. Бұл шаруа біздің биылғы жылғы жоспарымызда бар еді. Соны уақытында атқара алмай, жылдың аяғына дейін кешіктіргенімізді көріп отырсыз. Сол үшін сізден кешірім сұрай отырып, осы айдың оны мен жиырмасы- ның аралығында аймағымызға келіп, қонақ болып қай- туыңызды төменшілікпен өтінеміз! – дейді аймақтық үкіметтің бас хатшысы.


Айтып тұрғаны көңілге қонады. Әрі Қытай саясатын- дағы жылымықтан хабар бергендей. Күні кеше сенің атыңды ататқызбай, кітабыңды оқытқызбай, жауласып тұрған елдің енді келіп сені аяқастынан қонаққа шақы- руы – әрі таңданарлық, әрі қуанарлық жағдай еді.



  • Айтып тұрғаныңыз жөн ғой, Мұрат мырза. Туған қала Шәуешекті сағынып жүргеніміз рас. Қуана-қуа- на барар едік. Бірақ қыс болса мынау – қақап тұрған. Мына суықта жасы ұлғайған адамға мың шақырымнан астам жол жүру де оңай емес... Алда көктем бар, жаз бар, күннің жылынғанын күтпейміз бе? – дедім мен шын ойымды жасырмай.


 



  • Жоқ, Қабеке, бұл шаруаны көктемге дейін созуға келмей тұр. Оның себебі, алдағы жаңа жылда сізді қо- наққа шақырып отырған Тарбағатай аймағының уәлиі Қызайжан мырза облысқа ауысып кететін түрі бар. Сон- дықтан, ол кісі мойнына алған міндетті кейінге қалдыр- май, жылдың соңына дейін атқарып кетсем дейді. Оның үстіне, сізбен бет көрісуге құштар ол ініңіз...


Бұдан ары шалқаюдың орны жоқ. Өзіңнің туып-өс- кен қалаң қырық жылдан кейін (1962-жылдан есептей беріңіз) құрметтеп қонаққа шақырып отырса, одан қалай бас тартасың?



  • Жарайды, баруға тырысайық! – дедім мен неде бол- са тәуекелге бел байлап.

  • Сіздерге шақырту жіберілген, – деді қуанып кет- кен Мұрат. – Қазір ол Алматыдағы Қытай елшілігінде жатыр. Оларға ескертілген. Барсаңыздар, еш кедергісіз қолдарыңызға виза береді.


Расында да, солай екен. Біз елшілікке барып, қажетті қағазымызды алдық та, жолға жинала бастадық. «Біз» деп отырғаным, қасымда белгілі ақын Жәркен Бөдешев бар. Ол да – Тарбағатай аймағынан. Екеуімізге шақыр- туды бірге жіберген көрінеді. Кейін мәлім болды ғой, біздің бұлай аяқастынан қонаққа шақырылуымыз мына- ған байланысты екен. Сол тұста Қытайдан әр жылдары шетке кетуге мәжбүр болған белгілі адамдарды бауырға тарту, өкпе-ренішін тарқату науқаны жүріп жатса керек. Сол тізімге Тарбағатайдан біз іліккен сияқтымыз.


Қар қалың, жол тайғақ, Алакөл маңында Ебінің бора- ны бар. Мұндайда жеңіл машинамен жол жүру қауіпті. Сондықтан, бір Үріжарға дейін жолаушылар таситын үлкен автобуспен баруды жөн көрдік. Телефонда күні бұрын хабарласқанбыз. Аудан басшылары автобекеттен қарсы алды. Не керек, сол күні ауданның қонағы бол- дық. Үріжар мен Шәуешектің арасы жүз шақырымға жетпейді. Екі жақтың әкім-қаралары бір-біріне қонаққа барысып, телефонда сөйлесіп тұрады екен. Олар бүгін біздің Үріжарда отырғанымызды, ертең сағат он екілер шамасында шекарадан өтетінімізді Шәуешекке хабар- лап та қойды.


 


Ертеңінде сағат оннан өте жолға шықтық. Аудан әкімі бастатқан біраз адам үш-төрт машинамен шекараға дейін шығарып салмақ. Сөйтіп, біздің елде жазушылар- дың қандай құрметке ие екенін көрші елге көрсетпек. Арада бір жарым сағат өтер-өтпесте Бақты шекарасына жетіп те қалдық. Екі аралықтағы бейтарап алаңда қы- тайлықтар да үш-төрт машинамен күтіп тұр екен. Бастап келген – жақында өзімізбен телефон арқылы сөйлескен бас хатшы Мұрат, оның қасында аймақтық сыртқы істер басқармасының бастығы, орысшаға ағып тұрған қытай жігіті бар, одан басқа да біз білмейтін адамдар...


Біз сол арада Үріжарлық жігіттермен қоштасып, көрші елдің көлігіне отырдық. Шәуешек аржағында тиіп тұр. Бұрын екі аралық – он сегіз шақырым санаушы еді, қазір қаланың іргесі шекараға қарай ұлғайыпты да, он бес ша- қырымға да жетпей қалыпты.


Бізді қаладағы ең сәулетті қонақүйге әкеліп түсірді. Әрқайсымызға екі бөлмелі люкс. Үстел үсті, тоңазыт- қыштың іші неше алуан тағамға, сусынға тіреліп тұр... Мен де, Жәркен де осыдан біраз жыл бұрын шекара ал- ғаш ашылғанда, туыстардың шақыруымен осы аймаққа бір-бір мәрте келіп қайтқанбыз. Онда үкіметтің қабағы қатулы болатын. Менің Шәуешекке келгенімді білсе де білмегенсіп, өкіметтің бірде-бір ресми өкілі аман-сәлем жасамай, кездесу өткізсек деген әдебиетшілердің тала- бына тиым салып, менің жүріс-тұрысымды тыңшылары арқылы ғана бақылап, сыбай-салтаң ұзатып салған-ды. Ал, мына жолғы күтім де, қас-қабақ та басқаша. Өйткені біз өкіметтің өз қонағымыз ғой. Осы жолы бұлар бізді әбден разы қылып, өкпе-ренішімізді тарқатып жіберуі керек.


Бұл сапарымызда бұрын жабық тұратын есіктердің бәрі айқара ашылды. Бізді қонаққа шақырған Тарбаға- тай аймағының уәлиі Қызайжан мырза да – түр-тұлғасы келіскен, әдебиетті жақсы білетін, кең қолтық, сырбаз жігіт екен. Тарбағатайдағы қызметі нәтижелі болғандық- тан, енді Құлжадағы Автономиялы қазақ облысының тө- рағалығына көтерілмек... Сол күні ол біздің құрметіміз- ге қала активтері қатысқан қонақасы берді. Дастарқан майысып тұр: қытайдың қырық түрлі тәтті-дәмдісі шы-


 


райналып алдыңнан өтеді... Осы отырыста аймақ әкімі Жәркен екеуімізге ат мінгізіп, шапан жапты.


Келесі күні әртүрлі кездесулер басталған. Аймақ ор- талығындағы қаламгерлер қауымымен кездесу, бір кез- де өзім оқыған гимназияның (не үшін екен, «Мәдениет төңкерісі» кезінде жермен-жексен етіп, бұзып тастапты) орнына салынған 2-орта мектептегі кездесу, тағы бас- қа ұшырасулар... Оның ертеңінде аудандарды аралауға шықтық. Шәуешекпен іргелес Дөрбілжін ауданында екі күн, Толы ауданында бір күн қонақ болып, ондағы өндіріс орындарымен, ел тұрмысымен таныстық. Бұл күнде баяғы ашаршылық қыспағындағы ел тоғайған, ұрпақ ауысып, ел түлеген. Кіммен сөйлессең де, Дин Саупындей дананың реформасынан кейін ел қатарына қосылғанын айтады.


Жә, сапар барысын сөз етіп, біраз жерге барысыппыз ғой. Бірақ менің айтайын дегенім бұл емес. Мұның бәрі негізгі тақырыпқа қосымша, жол-жөнекей әңгімелер. Біздің сөзіміз неден басталып еді өзі? Иә, айтпақшы, Алматыда күрелмей жататын қалың қардан басталмады ма? Ендеше, соған қайта оралайық...


Біз ертең қайтамыз деген күні Шәуешекте тусардан қар жауды. Бәлкім одан да қалыңырақ, аттың жалпақ ті- зесінен деуге болар... Тәңертең ұйқыдан тұрып қарасақ, халықтың бәрі көшеде жүр. Қолдарында – бір-бірден кү- рек. Көше дегенің айнадай тап-таза. Кеше жауған қар әр жерге үйілген. Олар бір шетінен шанаға тиеліп егіс да- ласына кетіп жатыр. Не керек, сағат онға жетпей, бүкіл қала көшелері қардан аршылып, тап-таза болды ғой. Сөйтсек, бұл елде әр-бір үй, әр-бір дүкен, мектеп, ме- кеме өз маңайын қардан тазартып тұруға міндетті екен.


Сонымен, тұп-тура әнекүнгі құрамда үш-төрт ма- шинамен Шәуешектен Бақты шекарасына қарай жолға шықтық. Жол да – солай, айнадай тазартылған. Шека- раға келсек, біздің бүгін қайтатынымыздан хабардар Үріжарлық жігіттер де бейтарап алаңда күтіп тұр екен. Қайтадан шұрқырастық. Тағы бір жаңалық, сол күні – Қазақстан шекарашыларының мерекесі көрінеді. Бізге және қытайлық достарға арнап, дастарқан жасап қойып- ты. Сол күні ауа райы да: «Әрі ашық, әрі аязды күн та-


 


маша» дейтін Пушкиннің өлеңіндей еді. Сол арада екі ел арасындағы достық үшін деп, ащы заһардан тартып- тартып жібердік.


Айтарымыз бұл да емес, айтарымыз – әлі алда. Бақты шекарасы мен Мұқаншы қалашығының екі арасы – елу- ақ шақырым. Кеше Шәуешекке жауған қалың қар бұл араға да жауыпты. Бірақ жол тазармаған. Қалың қарға малтығып, жап-жақын жерге бір жарым сағатта зорға жеттік. Айтыстарына қарағанда, бүгін бізді Мұқаншы- лық жігіттер күтіп алып, ертең осы арадан Алматының автобусына отырғызып жібермек.


Ал Мұқаншыға келгенде не көрдің дейсің ғой? Әрине, кеше шекараның аржағында сіреп түскен қар бұл жаққа да жауған. Айырмашылығы – мұнда қолдарына күрек алған бір пенде жоқ. Көшелерінде тышқан жорғалама- ған. Қалың қар сепсімеген күйі сіресіп жатыр. Тіпті, дә- ретханаға баратын жолдарын да күремеген ғой. Осын- дағы бір үй қазанына ас салып, бізді күтіп отырса керек. Бірақ, сенесіз бе, машиналар қарға малтығып, сол үйге жете алмады ғой. Амал жоқ, қаса қарды тізеден омбы- лап, әлгі үйге жаяулап баруға тура келді. Арамызда осы ауылдың әкімі де бар болатын. Ол:



  • Кеше әлгі иттерге «Осы көшені бульдозермен күреп, тазартып қойыңдар» деп айтып-ақ едім. Қарап отырып, ұятқа қалдырғанын қарашы!.. Бәлем, осыдан кейін қо- лыма түсерсіңдер! – деп, әлдекімді сықпыртып боқтап жүр. Көрдіңіз бе, бульдозерді айтады, ал күрек жайында бір ауыз сөз жоқ.


Міне, «қызыл сызықтың» екі жағында, бір күннің ішінде мен көрген оқиғалар осындай. Қарды қойшы, тәйірі, қар дегенің қыс түскенде жауар да, күн жылына еріп те кетер. Бірақ біз сөз еткен көріністен арасы алпыс шақырымға жетпейтін екі қаладағы тәртіп те, еңбекке көзқарас та, өз борышын сезіну де екі түрлі екенін бірден аңғаруға болады. Қар күреу ғана емес, бүкіл шаруамыз солай болар, сірә... Біз осы әлдеқашан қарасын көрсет- пей озып кеткен отыз елдің соңынан қуып сандалмай-ақ, іргедегі көршімізге көз сала жүрсек те артық болмас еді.


2014 – ақпан.


 





Пікір жазу