16.12.2021
  512


Автор: Қабдеш Жұмаділов

СЫРТТАН

Жаз күндерінің бірінде немерелерімді ертіп, Алматыдағы хайуанаттар паркіне барғанмын. Ондағы аңдар мен құстарды, піл мен маймыл-


ды, жолбарыс пен жирафты түгел аралап, әбден шаршап шығып, бергі шыға берістегі демалыс паркінде аз-кем аялдадық. Отырған жеріміз әртүрлі ойындар қоятын жаз- дық сахнаға таяу. Сол маңда ию-қию дабырлаған адам- дар тобы байқалады. Қаталап шөлдеп шыққан балалар балмұздаққа бас қойғанда, мен жаңағы сахна жаққа са- марқау көз салып, сыртқы дүниемен жалғасқан мидың тетіктерін үзіп тастап, ештеңе ойламай, бір сәт бас ты- нықтырып отырғанмын... Бір мезгілде бес жасар неме- рем Мағжан жеңімнен тартқылады:



  • Ата, ананы қара! Кішкентай иттер кетіп барады! – дейді таңырқай дауыстап.


Мен ми тетігін дереу қайта жалғап, айналаға қарасам, шынында да, жаздық сахна маңы қаптаған ит... Аны- ғында әртүрлі ит жетелеген әйелдер. Солар итімен бірге алма-кезек сахнаға көтеріліп, бірінші қатарда отырған


«комиссияның» алдынан ойқастап өтіп жатыр. Мен енді аңғардым. Шамасы, бүгін мұнда ит көрмесі болып жат- қан сияқты. Әлдебір ит маманы иесімен бірге сахнаға шыққан иттердің тұқым-тұқиянын, пародасын, өкше ізі қай елден шыққанын, қандай нәсілдің қосылуынан жа- ралғанын, неше мәрте байқауға қатысып, қанша медаль алғанын саңқылдап айтып тұр.


Не жоқ дейсің бұл иттердің арасында: ағылшынның тобанаяқ, салпыауыз бульдогі, немістің қасқыр текті, алкеуде овчаркасы, испанның пәлен тұқымды иті, фран- цуздың түген нәсілді кәндені, орыстың апайтөс аңшы иті... толып жатыр. Және шетінен асыл тұқымды. Омы- раулары толған қызылды-жасылды медалдар... Медалды қалай таққан дейсіз ғой? Медалды әлдебір асыл бұлға


 


қатарлай тізіп, мойындарына асып қойыпты. Ал мойын, омырау жағы тапшы, кішкентай кәндендерге не істеген дейсіз ғой? Оларға да асыл бұлдан кеудеше кигізіп, алған медалдарын жонарқасы мен қос қапталына тізіп тастап- ты. Бейне соғыста ерлік көрсеткен майдангерлер секілді. Сонда, бұлар қандай ерлігі үшін алды екен мына медал- дарды? Соған ақылым жетпей, өзіме таяу отырған еврей шалдан сұрадым:



  • Ақсақал, айтыңызшы: мына иттер ана медалдарды қандай еңбегі үшін алды деп ойлайсыз?


Ол менен гөрі білімдар, өте сауатты боп шықты. Сол білімін ішіне сидыра алмай қор болып отыр екен. Менің сұрағым құлағына тиісімен сайрап ала жөнелді.



  • Пәлі, білмейтін бе едіңіз, бұлардың бәрі қолға түс- пейтін асыл тұқымды иттер ғой. Аса ақылды, есті жа- нуарлар. Айтқаныңызды түсініп, жұмсаған нәрсеңізді қолма-қол алып келеді... Әне, көрдіңіз бе, француз кән- дені музыкаға шыр көбелек айналып, билеп жүр.

  • Солай деңіз... Сізге көп рақымет! Маған керемет кө- мектестіңіз! – дедім әлгіге қарыздар боп қалғым келмей. Айтты-айтпады, бүгінгі көрмеге иттердің неше атасы келген-ау, шамасы. Тоба, кейбір кәнден иттердің жүн- нен бет-жүзі көрінбейді. Аяғының да аяқ сиқы жоқ. Жел ұшырып бара жатқан бір шүйке жүн сияқты. Ең ғажабы, сол тышқандай кәнденнің де бірнеше медалі бар. Жаңа- ғы еврей шал айтып отыр: иттердің бой-тұрқы кішірей- ген сайын бағасы арта беретін көрінеді. Бір шүйке жүн- дей деп, біз менсінбей отырған жаңағы кәнденнің бағасы



  • аттың құнымен парапар деседі.


Айтса айтқандай, сахнаның сырт жағында ит саудасы қызып жатыр. Ит айырбасы да осында... Біреулер итін сатып, қолма-қол ақша санап алып жатыр. Демек, на- рық заманы бұларға да келген. Тұрмыстан қысылғандар, амал жоқ, асыл тұқымды иттерін базарға шығарып сату- ға мәжбүр. Бұрын кім білген, төрт түлік малдан жұрдай осы қалада ветеринарлық (малдәргерлік) орталық бар екен. Сол кеңседен келген мамандар сатылатын, немесе айырбасқа түсетін иттердің денсаулығын қолма қол тек- серіп, ит иелеріне анықтама беріп жатыр.


 


Манадан бері менің бір байқағаным, мыналардың ара- сында бірде-бір қазақы төбет, не тазы жоқ. Қораға қас- қыр жолатпай, түнімен мал күзетіп шығатын, әупілдеп үргенде тау-тасты жаңғыртатын маң төбеттер мұнда көрінбейді. Төрт түлік малмен бірге олар да құрыған-ау, шамасы. Немесе қазақы иттер – ит санатына қосылмай ма? Әйтеуір, мына көрмеге олар қатыспаған. Ал, шын мәнінде, олар – мыналар сияқты одан-бұдан жиналған кірме емес, қазақ даласымен бірге жасасқан жануарлар емес пе! Мына саусылдаған көп медалды сылқым әйел- дердің қуыршағына айналған, мысықтай ғана кәнденге бергенше, қора күзетіндегі маң төбеттерге неге бермейді екен? Олардың бар жазығы – ірілігі, батырлығы, күй тал- ғамайтын көмпістігі ме? Қыр елінде қора күзететін тө- беттерден басқа, аңға қосатын құмай тазылар болушы еді. Сол тазылар қыс бетінде түлкі дегенді үйіп тастай- тын. Олар неге жоқ мына көрмеде? Менің бала кезімде біздің үйде «Сырттан» атты төбет, «Ұшар» атты тазы бо- лып еді...


Ой-хой, дүние! Сол киелі жануарларды өзге түгіл, өзім ұмыта бастаппын-ау! Сырттан мен Ұшарды еске алуым мұң екен, мені тұтас бір естеліктер ағысы өзімен бірге алды да кетті. Немерелерімді ертіп, үйге оралған соң да, сол бір төбет пен тазы ойымнан шықпай, көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды.


Көшпенді елдің баласы қашанда төрт түлік малмен бірге үй жануарларына да үйір боп өседі ғой. Біз де – солардың біріміз. Менің бес-алты жастағы кезім болар, әкем маған Сібетідегі диірменші орыстан алдым деп, бір сап-сары күшік әкеліп берді. Сары болғанда, әр ауылда жиі ұшырасатын сабалақ сары емес, бөртеге де келетін, мыс түстес қызыл-күреңге де жақын, ерекше жаратылыс. Көзін жаңа ашып, бауырын енді ғана көтерген, доп-до- малақ сары күшік керемет сүйкімді еді. Атын – бірден


«Сырттан» деп қойдық. Сырттан – иттің төресі. Түнде Сырттанды қойныма алып жатам. Күндізгі ермегім де – сол. Ертеден кешке дейін екі елі ажырамай, аулада асыр салып, жарысып жүргеніміз. Үлкендер жақсы ит бола- тын күшікті желкесінен көтеріп сынайды екен. Егер жел- кесінен ұстап көтергенде қыңсылап дыбыс шығарса, жәй


 


ит болғаны. Ал дыбыс шығармай шыдап кетсе – нағыз арланның өзі. Кейін қалай боларын кім білсін, әзірше Сырттанды сыншылардың бәрі мақтайды.


Тамағы тоқ, күтімі жақсы Сырттан тез есейді. Күшік бір жасқа толып, үйіне жеткенде дәу ит болады екен ғой. Енді ол менің көңілімді құлазытып, қойынға алып жа- туға көнбей, өз міндеті саналатын қора күзетіне шығып кетті. Жаз бетінде малмен бірге қотан шетінде жүреді де, қыста ғана ағаштан қиылған үйшікте жатады.


Сырттанға қарағанда, «Ұшар» атты тазының бабы қиын. Бейне біздің үйдің бойжеткен қызы сияқты, ол ауыз үйлердің біріндегі жұмсақ төсекте, шымылдық ішінде жатады. Мойнында қыздардың алқасындай күміс шытыралы әдемі қарғысы бар. Ал мүсін дегенің ерекше. Талбойында артық ет жоқ, қашан көрсең де тоқжарау қалпы. Аяқтары ұзын да әлді, апайтөс, ал іші қабысып жатыр. Тұрған бойы – жүгіруге жаралғандай. Төңі- регін шашақ көмкерген жалбыр құлақтары жұп-жұқа. Жүні тықыр, денесінде бірде-бір дағы жоқ, сүйріктей сұлу, ақсұр тазы еді. Сол сұлу тәнін қорғаштайтын бо- лар, ауыл иттерімен таласпайды. Жол-жөнекей әлдебір ауылдың үстінен өтерде дарақы иттермен жанжалдаспау үшін, бір-ақ секіріп, әкемнің, не өзін ертіп шыққан бас- қа адамның артына мінгесіп алатын. Мінгескенде, аттың сауырына шығып, шоқшиып отырады ғой, баяғы... Соған қарамастан, өзі керемет күшті-ақ. Кейде кездейсоқ барақ иттердің қоршауына түсіп қалса, әлгілердің әрқайсысын әр жаққа лақтырғанда, қимылына көз ілеспейді. Бейне қара тобырдың арасына түскен спорт шебері – самбист тәрізді.


Ал аңға шыққан кездегі айласын көрсең! Аң бала- сында түлкі деген айлакер, қу ғой. Ұшар олардан өткен қу. Жаны қысылған түлкі белден бел асып бұлтарғанда, Ұшар оның қай тұстан шығатынын біледі. Төтелей са- лып, ойламаған жерден түлкімен ұшыраса кетеді. Дереу мойнын бұрап, тірсегін қиып тастап, иесі келгенше күтіп тұрғаны. Қазақта «Қыран құс аңды тамағы үшін алады, Тазы иесі үшін алады» деген сөз бар. Ұшар да сертіне берік еді. Не керек, әкеме ілесіп аңға шыққанда, ұшар- дың талай қызығын көрдік қой... Манағы медалды әзір-


 


ге-мәзір, қуыршақ кәнденге бергенше, сол Ұшарларға тақса ғой, шіркін!..


Ал Сырттан дәу төбет болған кезінде бала менен гөрі әкеме сыралғы, дос болып кетті. Сырттанның тілін әкем ғана білуші еді. Әсілі, ит біткеннің басты міндеті – қора күзету, біреу келе жатса үріп, белгі беру ғой. Ал ақыл- ды Сырттан үргеннің жөні осы екен деп, кім көрінгенге аттандап, үн шығара бермейтін. Жәй ауыл арасындағы біреу келе жатса бір түрлі белгі – бір рет «әуп» етіп, ды- быс береді де қояды. Одан гөрі алыстау жерден, бірақ түс таныс, туыс біреу көрінсе, манағыдан гөрі қомақтылау үн қатып, үйдегілерге қонақ келе жатқанын білдіре, қо- шамет көрсетеді. Ал, мүлде бейтаныс, жүрісі суыт, түсі суық біреулер жақындаса, ондағы үрісі мүлде басқа. Он- дай бөтен адамға өршелене абалай үріп, кейде ат үстінен жұлып ала жаздайды. Ең ғажабы, менің әкем Сырттан- ның осы үрістерінің мәнін үйден шықпай-ақ біліп оты- рушы еді.



  • Әй, мынау жүрісі суыт, бөтен біреу ғой. Далаға шы- ғып, жөнін біліңдерші! – дейтін қызметші жігіттерге. Не- месе, керісінше:

  • Ал мынау – біздің Сырттанды әбден мезі қылған көрші ауылдың қыдырмашылары, - дейтін-ді, және айт- қаны айна қатесіз дәл келеді.


Ал Сырттанның қораға итқұс келгендегі үрісі атымен басқа. Бұл – нағыз өліспей беріспейтін, қан майданға, жекпе-жекке шақырған «жан айқай». Немесе үй иелеріне


«жау келді, қапы қалмаңдар!» деп берілген белгі, ұрыл- ған дабыл. Оны да менің әкем үйде отырып-ақ түсіне қоятын.



  • Мынау «қораға итқұс келді» деп тұр ғой. Тез далаға шығып, айғайлап, айбат көрсетіңдер, не мылтық атың- дар! – деп, өзі де шыдай алмай далаға шығып, Сырттанға дем беріп, иттерді айтақтап, итқұсты аулаққа қуып тас- тайтын.


Әсілі, ит пен қасқырдың түп атасы бір деседі. Бірақ, не үшін екен, екеуі бір-біріне өлердей өш. Неге бұлай? Зерт- теу керек. Қасқыр – еркіндік аңсаған дала серісі. Өзінің аталас туысы иттердің кісі есігінде құл болып жүргенін кешпейтін болса керек. Ал ит деген қауым қасқырдың


 


өрлігін, басқаға істейтін зорлығын ұнатпайды. Ешкімге күні түспей, өзі би, өзі қожа боп, бостандықта жүргеніне іші күйеді. Қасқырдың төбесі көрінсе ауыл итінің қожа- сына жағынып, шуылдап өре түрегелетіні, ал қасқырдың қатал қыстарда ит туысының етін жеп, құйрығын қарға шаншып кететіні содан.


Ал біздің қазақ осыны біле тұра, өзінің қорасын күзет- кен иттен гөрі қасқырды жоғары бағалайды. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деп, бөріні ер жігітпен қатар қояды. Ал иттер адамға қанша қызмет қылғанымен, қазе- кең оның түбі құл екенін бір сәт естен шығармайды. Өйт- кені, қазақтың да көкейін тескен – бостандық қой. Сон- дықтан да босағада жүрген құлдан бостандықта жүрген дала серісін артық көреді.


Бірақ, қасқырмен теңесе алмайтын иттің мәртебесі өз алдына, біз сөз етіп отырған Сырттанның дәрежесі одан мүлде бөлек. Оны тіпті «ит» деп атаудың өзі обал. Ол – жәй ит емес, иттің сырттаны ғой. Баяғы Рим империясы кезінде құлдардың ішінен де Спартак сияқты ерлер шық- пады ма. Біздің Сырттан да сол сияқты, дала серісі – қас- қырмен өзін тең санап, тай-таласқа түскен батыр.


Берітін келе Сырттан да кемеліне келіп, тайыншадай, зор төбет болған. Бұл маңайда оған төтеп беретін ит жоқ. Реті келсе, қасқырмен де алыса кетуден тайынбаушы еді-ау! Қасқырдың сұсы басатыны сонша, қораға итқұс келсе, ауыл иттері іннен-інге тығылады ғой. Ал кейбіреуі қожасының көңілі үшін үрген күннің өзінде, толық көрі- нуге батылы жетпей, киіз үйдің есігіне құйрығын тыға, жартылай жасырынып тұрып үретін-ді. Қораға шапқан қасқырға тайсалмай, қарсы тұратын – Сырттан ғана еді. Оның қойға шапқан қасқырмен алыса кетіп, қорадан қуып тастағанына талай рет куә болдық.


1947-жылы ма екен, Барқытбелдің күнгейіне қар қа- лың түсіп, мал өсірген қауым қатты зардап шекті. «Жұт – жеті ағайынды» дейді ғой, сол жылы қасқыр да көбейіп, күн батар-батпастан қораға шабатын әдет шығарды. Сол жылы көрші ауылдағы апамның немере бауыры Нұрғали жабық қораға түскен қасқырдың үстіне қарғып мініп, қос құлағынан ала, тұмсығын іргедегі тасқа ұрғылап жүріп, соғып алғаны бар. Жұт жылы даланың қоңыр аңы да бір


 


жаққа ауып кете ме, аш қасқырлар осылай қораға түсетін болған.


Біздің үй Малдыбай бұлағындағы қыстауда отырған. Әйткенмен, басқаларға қарағанда, біздің ауыл бейғамдау. Өйткені адамдар Сырттанға сенеді. Қасқырлар үйірімен келмесе, бір-екеуіне Сырттанның алдырмайтынын бі- леді. Бір күні кешке жақын қызыл іңір болмай-ақ ауыл иттері шуылдай үріп, мазасы кете бастады.



  • Мына келгендер – жеке-жарым емес, үйірімен жүр- ген ұяластар ғой, – деді әкем жағдайды бірден пайымдап.



  • Жалғыз Сырттан топты қасқырға қалай төтеп береді. Бір-екеуің атқа мініп, ауыл шетіне шығыңдар. Айғайлап айбат көрсетіңдер! – деп екі жігітті қолдарына сойыл ұс- татып, атқа қондырған.


Бұл келгендер ауылды тұс-тұстан торыған үйірлі қас- қыр екені бірден-ақ мәлім болды. Салтатты жігіттер бөлі- не қашқан бір тобын тауға қарай ығыстырғанда, тағы бір айқас төменгі бұлақ бойындағы қалың шіліктің арасында жүріп жатыр еді. Арсылдаған алыс-жұлыс біртіндеп ұзап барады.



  • Мына шайқасып жүрген – Сырттан ғой. Әккі неме- лер алысқа ұзатып апарып, жеп кетпесе жарады! – деді соңғы күндері сырқаттанып, үйден ұзап шыға алмай жүрген әкем шарасыздық танытып.


Бұл кезде жан алып, жан беріскен алыс-жұлыс ауыл- дан ұзап, бел асып кеткен-ді. Мана атқа қонған екі жігіт бір заматта сойылдарын сүйретіп қайтып келді. Олар тау жақтан келген екі қасқырды өкшелей қуып, Жолдыбай аңғарына қарай асырып тастағанын айтады. Қасқырды соғып алу емес, аулаққа қуып салғандарына мәз.



  • Ал, Сырттан итқұстың тағы бір тобын шығыс жаққа қуып кетті. Не болды екен, соңынан барсаңдаршы! – деді шешем жігіттердің мына жүрісіне көңілі толмай.


Әлгілер бір-екі белді асты ма, аспады ма, ештеңе бітір- мей қайта оралды. Қараңғы түнде қасқыр мен иттің ізі- нен адасып қалса керек. Онымен де қоймай, өз қылықта- рын жөн санап:



  • Әй, топты қасқыр болса, Сырттанды тірі жібермейді ғой. Аш немелер ендігі сүйегін кеміріп, құйрығын қарға шаншып кеткен шығар! – деп сәуегейлік айтады.


 


Осылайша, бос сөзді ермек еткен көршілер кешкі ас- тарын ішу үшін үйлеріне тарап кетті. Біз үй ішімізбен өзіміз ғана қалдық. Сырттанның хабарсыз кеткеніне ең- семіз түсіп, жабырқап отырмыз. Тек, әкем ғана әлденеге сенімді. Әлі де үмітін үзбей:



  • Әй, Сырттан екені рас болса, менің итім бөрінің ау- зына түсе қоймас. Көр де тұр, біздің Сырттан әлі-ақ қан майданнан оралады! – деп бізді жігерлендіріп қояды.


Ақыры әкемнің айтқаны келді. Біз кешкі тамағымыз- ды ішкен соң, әлі де жатар орынға асықпай, Сырттанды уайымдап отырғанымызда, оның ауыл іргесіндегі қалың қарлы жотадан асып келе жатқаны байқалды. Оны да ал- дымен сезген – әкем:



  • Мынау – Сырттан ғой! – деген алыстан жеткен әл- дебір иттің даусына құлақ түріп.


Шынында да, анда-санда «әуп-әуп» деп дыбыс беріп келе жатқан Сырттан екен. Өзінше «мен аман-есенмін, келе жатырмын» дегенді білдіргені сияқты. Осыны күтіп отырған біз дүрліге далаға шықтық. Сырттан есік алдына келіп те қалған екен. Әкем оны дереу шам жанып тұрған ауыз үйге кіргізді. Түн қатты аяз болатын. Сырттанның үсті-басы саусылдаған қызылала мұз. Қатып қалған қас- қырдың қаны, өз қаны... Өне бойы толған жарақат. Ата жауымен қан майданда аянбай алысқаны көрініп тұр... Әкем күңіреніп кетті.



  • Айналайын-ай! Қормал күзетшім-ай! Жаудан қайт- пас ержүрек батырым-ай! – деп әкем Сырттанның ас- ты-үстіне түсіп, қолындағы ондық шамның жарығымен өнебойын түгел қарап шықты. – Сен біз үшін өлімге бас тіккенде, біз тымқұрса соңынан барып, алыстан болса да айқайлап, көмек те бере алмадық-ау! Кешіре гөр... Біз са- ған жақсы серік бола алмадық!.. Жануарым-ай, қалай тірі қалғансың?! – деп, қасқырдың тісі батқан жерлерін түгел қарап шықты. Әлі де қаны тиылмай тұрған бір жараға йод жақты.


Ал Сырттанда әлі де болса тынши алмай тұрған бір мазасыздық бар. Әлсін-әлі далаға қарай ұмтылып, жаңа ғана өзі асып келген белге қарап, арсылдап үре береді.


 



  • Әй, Сырттанның мына үрісі тегін емес. Осы батыр қасқырды бір жерге апарып жыққан-ау, шамасы! – деді әкем тағы да. – Тәңертең ерте тұрып, із шалмаса болмас. Ертеңінде күн жексенбі болатын. Недәуір жердегі ат- пен қатынайтын мектепке бармайтын болған соң, керіліп- созылып, кешірек оянғам. Көзімді ашып алсам, есік алды гу-гу әңгіме, қарқылдаған көңілді күлкі. Жылдам киініп, далаға атып шықтым. Күн шайдай ашық екен. Ауылда- ғы көршілердің бәрі жиналып қалыпты. Қары күрелген аулада ұзынынан түсіп, көкжал қасқыр жатыр. Оның да тұлабойы – қызылала қан. Артқы екі аяғы тірсегіне дейін шайналған... Әдемі қара мұртын сылап қойып, әкем тұр топ алдында. Сырқатынан мүлде айығып кеткен секілді.


Көршілерді аузына қаратып, әңгімесін енді ғана бастаған екен.


Сөйтсем, оқиға былай болыпты. Кеше кеште көңілін- де күдік қалған әкем тәңертең ерте тұрып, атын ерттеп, не де болса, кешегі Сырттан келген өңірді сүзіп қайтпақ болыпты. Әкем киініп шығысымен, Сырттан да қыңсы- лап, бірдеме айтқысы келгендей аяғына орала беріпті. Ал әкем атқа мінген кезде жол бастағандай алға түсіп, жор- тып берген. Кешегі қасқыр мен иттің ізі сайрап жатыр дейді. Сол беті бір-екі кезең асып Жандыбайға баратын күре жолға жақындайды. Әр жерде үй орнындай, кейде қотан аумағындай, Сырттан мен қасқырдың айқас алаңы кезіге беріпті. Айнала – қызылала қан. Көкжал жанұшы- ра қашып құтылмақ болады. Сырттан қолма-қол қуып жетіп, артқы екі аяғын тірсектен төмен шайнай береді. Ақырында арлан қасқыр артқы аяқтарын баса алмай, қансырап барып жығылыпты. Сырттан сол арада соңым- нан біреу келе ме деп шоқиып біраз отырады да, ешкім көрінбеген соң амалсыз ауылға қайтады.



  • Көкжалдың өліп жатқан жеріне мені Сырттанның өзі бастап барды, – дейді әкем желпіне сөйлеп. – Міне, көріп тұрсыңдар ғой, өзі тайыншадай ірі неме екен. Сол маңда жүрген малшының көмегімен атқа екеулеп әрең көтеріп салдық... Не керек, осындағы еркекпіз деп жүрген тоғы- шар жігіттерден біздің Сырттан озды ғой...


Сырттан – аса қарулы, жойдасыз батыр ғана емес, ке- ремет есті ит еді. Біздің ауылдың адамдарын көш жерден


 


жазбай танитын. Біздің шаңыраққа кім туыс, кім жақын



  • оны да жақсы біледі. Көптен көріспеген құда-жегжат, ағайын-жұрағат келсе де, алдынан шығып, қыңсылай еркелеп, кәдімгідей құрмет көрсетеді... Мен мектептен қайтқан сайын алдымнан шығып, бірінші боп қарсы ала- тын да – сол Сырттан болатын.


Бір жылы қызық болды. Біздің ауыл ел жайлауға шы- ғарда күре жолға таяу Кіші тұмада отырған. Бірде сол күре жолмен кеткен көліктен түскен, жалғыз жаяу біздің ауылға қарай келе жатты. Аралық екі шақырымдай бар. Кенет киіз үйдің көлеңкесінде жатқан Сырттан атып тұ- рып, солай қарай ұша жөнелді. Барған бойда әлгі жаяу- дың басына қарғып, арсалаңдап, еркелеп жүр. «Әке-ау, бұл кім» дейміз таңырқап. Ауылға таяғанда ғана таны- дық. Келе жатқан – осыдан екі жыл бұрын әскерге кет- кен, жұрт өлдіге санап қойған жиен ағам Бижұма екен. Не керек, бұл жолы да бәрімізден Сырттан озып еді.


Әкем қайтыс болғанда, мен қалада оқуда болатынмын. Көктемгі аласапыранда жол лайсаң боп түсіп кетіп, қа- тынас болмай, мен әкемді жерлеп қойған соң, ертеңінде зорға жеттім. Дауасыз дерттен жазылмасын білген әкем қыста, жаңа жылдық каникулге келгенімде маған өсиетін айтып, қоштасып қалған-ды. Бірақ бәрібір жылау-жоқ- тау жалғасып жатыр. Ауыл қаралы. Алғашқы күні күн бойы көңіл айтып, көрісе келген адамдардан босамадым. Тек үшінші күн дегенде қыстаудың алдындағы жотаға қойылған әке қабіріне құран оқи бардым. Қасымда аят оқи білетін ересек адамдар бар. Әлі дымы да кеппеген, қоянжон жас топырақ. Ет жүрегің езіліп, еріксіз егілесің. Осынау жас топырақ астында сенің дүниедегі ең жақын адамың жатқанына сенгің келмейді... Қырық жеті жас де- ген не, тәйірі? Сол да – өмір ме? «Мен ержетіп, қанатым қатайғанша неге тірі жүрмеді екен? – деймін ішімнен. – Атам Күдері би – 45 жасында қайтыпты. Ал, әкем одан екі-ақ жас озыпты... Сонда сексен-тоқсан деген жастар біздің әулетке бұйырмағаны ма?». Бұл – енді небәрі он үштегі баланың қиялы ғой. Тағдырға деген өкпе-назы...


Кенет әке қабірінің күнгей бетінде жатқан Сырттанға көзім түсті. Адамдар дегди бастаған құрғақ шөпке жаппай тізе бүгіп, аят оқыған кезде де орнынан қозғалған жоқ.



  • Міне, үшінші күн, Сырттан қабір басынан кетпей жүр, –деді Бижұма ағам мән-жайды түсіндіріп. – Мәйітті жерлеуге әкелгенде бірге келген. Содан бері осында...


Мен сол сәт әкемнің қазасына шын қайғырған – осы Сырттан ба екен деп ойладым. Өзі ұйпаланып, біртүрлі жүдеп кетіпті. Неше күннен бері ас ішпеген бе, қарны да қабысыңқы... Ауылға қайтарда Сырттан менімен бір- ге жүрді. Әлсін-әлі қыңсылап, аяғыма оралып, бірдеме айтқысы келетін сияқты. «Сен екеуіміздің қамқор әкеміз бізді тастап кетті ғой. Ендігі күніміз не болады?» дейтін сияқты. Кешеден бері талай ағайынмен көрісіп, неше рет жылап, неше рет уанған мен бейіт басында Сырттанды құшақтап, қайтадан еңіредім.


Сырттан әкем өлген соң қатты төмендеп, жүдеңкіреп жүрді. Бұрынғы айбын, бұрынғы кеуде жоқ. Біртүрлі жа- сып қалған. Қораға келген итқұсқа да бір өзі қарсы ша- буды қойыпты... Мұны – қартайғанның белгісі деп жүрді біреулер. Менің ойымша, Сырттанды жүдеткен – кәрілік емес, қайғы. Өзінің қамқор қожасын іздеп, жоқтағаны, қайғырғаны. «Итті де иесімен қинасын» деген сөзді бұ- рынғылар тегін айтты дейсің бе? Күн сайын итінің қа- мын ойлап: «Әй, Сырттанға ас құйдыңдар ма» деп оты- ратын, оның не айтқалы тұрғанын «әуп» етіп үргенінен түсінетін менің әкемдей қамқор ие Сырттанға енді қай- дан табылсын-ау?!


Келесі бір жазда қаладан қайтқанымда Сырттан ауыл- да болмай шықты. Жылдағыдай басыма қарғып, қуана қарсы алатын Сырттан жоқ, орны біртүрлі үңірейіп тұр.


- Осы көктемде Сырттан ұшты-күйді жоғалды, - деді шешем маған аса бір қайғылы хабарды жеткізгендей.



  • «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деуші еді. Біздің Сырттан да сол дәстүрді бұзбаған сияқты.


Мен әкемнің өлгеніне, әкеммен бірге тұтас бір дәуірдің кеткеніне енді ғана шындап сенгендей болдым. Қан- дай өкінішті! Әкемнен қалған «ескі көздер» осылайша біртіндеп кетіп жатыр.


 


2013 – қазан.


 





Пікір жазу