Ақынның анты
Көшелерді түн басты
Көзіндей сенің қап-қара.
Шаршауға мен де таяндым.
Қолжазбамды ақтара.
Қолжазбамның ішінен
Оқыдым өлең мынадай:
«Сонымен сұлу жылады
Жастанып көзі құралай».
Осы уақытта даладан
Есіттім өлең мынадай:
(Қолжазбамды көрген бе?
Ырза емес қой, бұл қалай?)
─ Әлденеше жыл өтті,
Мен бақытты болғалы.
Қуанышқа кездесіп,
Қайратқа бойым толғалы.
Әлденеше жыл өтті,
Дала бақша болғалы.
Бақшаға келіп бұлбұл құс,
Емін-еркін қойғалы.
Әлденеше жыл өтті,
Дала бақша болғалы.
Мен келіп сұлу жарымды
Сүйіп-сүйіп алғалы.
Ақындар жырлап берген жоқ,
Үйіме келіп отырып,
Бақытымды көрген жоқ,
Қарғып тұрып орнынан: -
Бақыт, бақыт деген жоқ,
Ақындардың мұнысы
Өзің айтшы, мақұл ма?
Жырламаған бақытты,
Отанды біздің ақын ба?
Кетіп барады жас шақтар
Жайлап басып қадамын,
Қараңғы түнді қақ жарып,
Отаныма қарадым.
Отанды құшқан бақытқа
Қуанышпен қарадым.
Өлең айтқан шахтерді
Дәуірім деп санадым,
Өрлей ұшқан дәуірім!
Мен жас ақын боламын,
Сен жүктеген міндетті
Қуанышпен аламын.
Ант беремін алдыңда
Орындалады дегенің.
Күндей күлген өлеңнен
Меруерт тізіп беремін,
Отанды құшқан бақыттан
Өлеңдер жазып беремін.
Осы айтқан сен антыма,
Орындалады дегенім.
Керек қылсаң алдында
Мылтық болады қаламым.
Денемнен тесіп оқ өтсін,
Тисін тасқа табаным.
Сонда да мен өлімге
Қуанышпен барамын.
─ Сен ел десең, дәуірім,
«Бақыт, бақыт» - дермін мен,
Алдыма алып аймалап
Қалқамды сүйген ерніммен.
1936