15.12.2021
  470


Автор: Толымбек Әбдірайым

Қасқырлар қамаған түн

«Алла өте шапағатты, өте мейірімді, зор рақым иесі».


(Құран-Кәрім, Хашр сүресі, 22 аят)


1


Ақпан алабөтен аязды. Сүйек қабар ызғырық тіршілік атаулыны дірдек қаққызған. Қоңыртаудың терістігінде екі-үш жылдан бері жалғыз үй пайда болған. Бір отар қойға ие, күндіз жем-шөбін беріп, түс әлетінде суғаратын екі еркек пен бір әйел ғана көрінеді. Жаймашуақ күндері екі кішкентай бала есік алдына шығып шана тебеді, қала берді біріне-бірі қар лақтырып, асыр сала жүгіріп ойнайды. 


Кешелі бері қыстауды үш қасқыр төңіректеп жүр. Бірақ қойлар тұратын ағаш шарбақ биік, төбесі ашық дендік-қораға түсу қиын. Мұнымен қоса қабаған екі ит өте сақ, ата жаулары бөрілерді былай қойып, анандайдан салт атты кісі көре қалса алдарынан жүгіре шығып, ат үстіндегі адамды талап-жеп қоярдай үздіге үреді кеп.


Қу құлқын не істетпейді. Бөрілер бүгінгі түннен үміт күтулі. Үй шамы сөніп, айнала-төңірек құлаққа ұрған танадай болған шақта жапсарлас салынған жатаған қора арқылы баз төбесіне қарғып шығып еді, саққұлақ төбеттер қатарласа үріп, айналаны азан-қазан қылды. Артынша үйден жүгіре шыққан екі адамның біреуі қос ауыз мылтығын тездете оқтап, иттер үрген жақты тұспалдап шүріппені басып-басып қалған. 


Сол түннен кейін бұл маңға қасқырлар жоламай кетті.


 


2


Көңілі көбіктей бұзылған...


 - Әй, аңғал басым-ай, - деді налып. - «Адам аласы - ішінде» деген нақылдың мағынасын білмеппін бүгінге дейін...


Табиғатында тарпаң мінезі жоқ жігіт ағасын пұшайман қылған жанына батқан ауру емес, өзі бағып отырған бір қора қойдың иесі – Жылқыбай-тұғын. Қалтадағы азын-аулақ қаражатын дәрі-дәрмекке жұмсаған ол алашақ айлығын сұрауға қала ортасындағы кеңсеге бұрылған. Қақпа алдында сүлік қара екі «Ланд Круизер», бір «Тойота» машинасы қаңтарулы. Кіре беріс есіктің құпия-кодын білмей аңтарылып тұрғанда бір жігіт келе қалды. Есік ашқан әлгі адамға алғыс-рахметін жаудырып табалдырық аттағаны сол еді, таяу жердегі үйшіктен атып шыққан кесік құлақ, апайтөс Алабай арс ете түскені. Шегіне бере құлап қала жаздады зәресі ұшқаннан.


- Байлаулы иттен қорыққан кісіні бірінші көруім!.. Ой, ішегім-ай!..


Қарсы жолыққан қожайынның ерке-тотай ұлы болса керек, бет-жүзі торсықтай он екі – он үш жастағы қара домалақ бала мәз-мейрам. 


«Шолжың немеге сөз қайтарып, басыма пәле тілеп алармын. Аш құлақтан, тыныш құлақ...»


Ашуға булықса да, ызасын тұсаулап:


- Қалың қалай балақай? - деді сыпайы ғана.


- Қалым мынауский! - Ерке ұл бас бармағын шошайтты. - Кімге келдіңіз?


- Әкең үйде ме?


- Мен әке демеймін... Батя деймін...


- Сол кісіге жолықсам.


- Кім келді дейін?


- Қоңыртаудан, шопан Жанайдар.


- Чабан деңіз... Деревнядан...


- Иә, дәл солай.


Көп тостырмай қожайын төбе көрсетті. 


Амандық-саулықтан соң Жанайдар бірден келген бұйымтайын айтты.


- Жүгі жеңіл есек жатаған келеді деуші еді. Қақаған қыстың түрі мынау. Сырқатыңды сылтауратып қалашыл боп алдың ғой. Ақша сұраудан басқа не білесің сен, айтшы?!


- Қант-шәй алуға...


- Кассада қаражат жоқ. Бес мың теңге жете ме?


Домаланған қара бұжыр еркек қалтасынан қызыл құлақ бес мың теңге шығарып, Жанайдарға ұстатты.


- Рахмет! 


- Еңбегіңді жемеймін. Ондай ойдан аулақ бол!.. - деді безілдеген қалта телефонына жармасып. - Көп ұзамай мен де барып қалармын, жылдам қайт қыстауға.


Зәңкиген қос қабатты коттеджден ұзаған Жанайдар ашу-ызасын тежей алмады.


- Бүйткен шаруасы құрысын!.. Жә, тіс берген Алла, тіске басарын да берер... - Дауысында кернеген ыза, күйінгендік бар. 


Жігіт жөтеле алмай булықты. Өкпесі сырылдап, қала шетіндегі автобекетке әрең жетті.


 


3


Қас қарайып қара дауыл тұрып келеді. Манар тау етегіндегі жалғыз үй мұржасынан сыздықтап түтін шығуда. Қоршау шарбақтағы қойларды базға қамап, жасы отыздардағы жас әйел әбжіл қимылдап жүр. «Мына желдің соңы боранға ұласар, - деп ойлады баздың айқарма есігін жапқан әйел. - Жатып қалғаны-ай отағасының!.. Үш күнге сұранып кеткен көмекші шопан да кешігіп жатыр...»      


Күрең қасқа атты шанаға жеккен әйел таяу жерде үйілген маяға жетіп ат басын тіреді. Таптала нығыздалған пішенді былайғы кезде сүт пісірім уақытта тиеп болатын. Бүгінгі қимылы сылбыр. Күйеуі ауырғаннан бергі сынық көңілі еңсесін езіп тастағандай, оның үстіне тәбеті тартпай түскі асты жөнді ішпегені қосылып, шаршап-ақ қалғаны.


Қаншайым терледі. Күпәйкесін шешуге оқталып тұрды да, ол ойынан тез қайтты. Суық тиіп ауырып қалса не істемек?! Үй мен түздегі бар шаруа мұның мойнында. «Жұмыстан өлген ешкім жоқ, неде болса шыдайын». Намысқа тырысып, шөпті шанаға толтыра тиеді. Оны әкеліп ағаш дендіктегі ұзынша оттықтарға тоғытты. Бірнеше рет қатынап, тыстағы жұмыстарды реттеген соң үйге асыққан...


Төргі бөлмеде жер төсекте жатқан жігіттің жан дауысы шықты.


- Алла-ай!.. Жаным-ай!.. Батпандап кірген ауру мысқалдап шығушы еді. Мына дерттің шипасы жоқ-ау, сірә?!. 


Күнде таңертең ашқарынға қойдың құйрық майын жылытып ішіп, жатар алдында екі аяғын ыстық суға салды, кеудесіне қыша қағазын жапсырды. Ешбіреуі ем болмағасын аудандық ауруханаға барған. Мына дәрілерді қадағалап үзбей ішсең құлан-таза жазылып кетесің деді дәрігер. Жылы сөзге үміттенген жігіт үйге келе сала семіз қой сойып, жас ет жеп, сорпаланды. Дәрілерді де ықтияттап ішкенімен, күннен-күнге ауруы асқынып барады. 


- Іһі!.. Іһі!.. 


Отағасының аяқ жағында ойнап отырған екі баланың зәресі ұшты.


- Әке, анамды шақырайын ба?!. Дәрі ішесің бе? Су керек пе? - Алты жасар Таңатар әкесіне төне жақындап, жік-жапар. Кішкентай Айнұр көз жасына ерік берді.


- Айнұр, жылама! Әкеміз көп-көп дәрі ішсе жылдам жазылады.


- Тұла ма? Лас айтасың ба, аға?!


Шынашақтай қыз көз жасын сүртті.


- Қалным ашты... 


- Қазір тамақ берем, шыдай тұр. - Таңатар дөңгелек аласа үстелге түстен қалған ет, туралған нан қойып, ақ шәугімдегі жылы шәйдан кесеге толтыра құйды.


- Айнұр жақында, отыра ғой.


Осы кезде сыртқы есік әндете ашылды. 


- Анашым келді! - Айнұр тұра жүгірді.


- Қарындарың ашты ма? Қазір тамақ істеймін. Әкелерің қалай?


- Әкем көп жөтелді, - деді Таңатар мұңайып.


- Мен жыладым, - деді Айнұр бұртиып.


- Неге құлыным?


- Әкем қашан тұлады? 


- Ертең-ақ тұрар!.. Күн де жылынар!.. Ойнайсыңдар тысқа шығып...


Қамкөңіл қыздың жанары жарқ етті:


- Алақай!.. Әкем жазылады! Атқа мінеміз!.. Шана тебеміз!..


Ыстық ас ішкен балалар қайта-қайта есінеп, маужырай бастаған соң шешелері өз бөлмелеріне апарып, төсектерін салып берді.


Шалқасынан жатқан жігіт үнсіз. «Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ» деген осы-ау, айға жетпей тұралауын-ай, - деді ішінен қанша ойласа да, дені сау күндегі қызыл шырайлы, қапсағай денелі күйеуін елестете алмай.


Маңдайына қолын тигізіп еді, күйіп-жанып жатыр екен. Орамалды суық суға шылап, сырқат жанның маңдайына басты.


- Қарақора қорғаным-ай!.. Тәңірім, өзің жар бол! - деді күбірлей сөйлеп.


Күйеуінің бірдеңе айтқысы келгенін сезген әйел еңкейіп құлағын тосқан.


- Ұзақты күнге шаршаған да шығарсың!.. Әлгі көмекші бала да оралмай!.. Не болды екен?!. 


- Бүйтіп кешікпейтін... Қалта телефон да ұстамайды... Қараң қалған мекен ғой мына жер!.. 


- Жүйкеңді жұқартпа!.. Дәм тартса, жаз шыға қалаға көшеміз... Мамандығым бойынша жұмыс табылар... Дипломым бар ғой... 


- Жазға жетейік те!.. Айтқандай, әлгі ұл келісімен ауруханаға бірге барайық.


- Шипасы қане дәрінің?! Септігі тиді ме?! - Кеудесі сырылдап, сыбырға көшті. - Айтайын дегенім... Ренжіткен жерім болса, кешір!.. Ғафу ет!..


- Олай демеші?!. Жазыласың!.. Тұрасың!.. Үмітсіз – сайтан!..


Әйел жүрегі әлде не сезгендей дір ете түскен. «Астапыралла!..»


Кенет отағасының отсыз жанары төбеге тесіле қарап үнсіз жатты-жатты да, басы оңға қарай сылқ ете түсті.    


- Жанайдар!.. Не болды саған, жаным-ау?!. Жанайдар деймін-н?!. 


 Кісі өлімін көрмеген келіншектің есі шықты. Не істерін білмей, сасып-салбырап жүрек тұсына қолын апарып еді, тіршілік белгісі білінбейтін сияқты. 


- Кімге қалдырдың бізді, жаным-ау?! Жо-жоқ?!. Апырым-ау, әлгінде ғана сөйлеп жатыр едің ғой?!. Қалайша-а?! Қас-қағым сәт!.. Мүмкін емес тіпті!.. Мүмкін емес!..


Көз жасы домалап, жүйе-жүйесі босаған келіншектің бойына тосыннан күш-қуат енгендей тас-түйін қатайып алған.  Еңіреп жыласа шиеттей балалардың үрейі ұшпай ма?! Ана зарына қосылған бейбақтар да көз жасын көлдетпей ме?!. «Боркемік болма Қаншайым!.. Кімге сенесің?!. Кім бар қол ұшын берер!.. Сиынарың бір Алла!..» 


Буынын бекітіп, бісіміллә айтып, мәйітті шалқасынан жатқызды. Ашық көздерін жапты, жан-жағын жақсылап көрпемен қымтады. Барып балаларын оятты. 


- Әкелерің жаңа ұйықтады, мазасын алмаңдар, - деді қорқып тұрса да батыл сөйлеп.


-Сіз жатпайсыз ба?


- Мен көрші ауылға барып келейін.


 -Не үшін анашым?


- Тығыз шаруа шығып тұр. Қорықпаңдар! Есікті сыртынан бекітіп кетем. 


Тор төбел атты ерттеген Қаншайым Ақтүбек жаққа бет түзеді.


 


4


Шұбар төс арлан бірінің соңынан бірі шұбырған төрт ұяласынан көз жазбайды. Топ басында екі көкжал. Олар соныға із салып келеді. Шыңғыс таудан кештете шыққан түз тағылары талай жерді шарлады. Былайғы кезде өріп жүретін қоян, қарсақ, суыр да көзге шалынбайды. Қар қалың болғасын басқа өңірге ауа көшкен бе, тәйірі. 


Ақтүтек бас-көзге сабалап тұр. Көк пен жер тұтасып кеткендей, алай-түлейден жол сорабы әрең көрінеді. 


Арлан тұра қалды. Адам иісі!.. Боран гуілінен естілер емес. Көкбөрі түйсігі жаңылып көрмеген. Бәсе-бәсе! Анандай жерде қараңдап салт атты көрінді.


Әйелдің жүрегі зу етті. Тор төбел де құлақтарын қайшылып, осқырынды.


- Тәңірім, бір өзің жар бол! - деді Қанашайым тіксіне. - Жетпегені осы еді?!.


Салт атты адамды көрген бөрілер аяңға көшті.


- Кетіңдер деймін, кетіңдер!.. Жақындап көріңдер осыдан!..


Айқай – көрсеткен қыры! Сес! Табанда тапқан амалы! Алқынған жүрегін басып, сабырлы болуға тырысты. Жатқа білетін құран аяттарын қайталай берген.


-Кетіңдер деймін, кетіңдер!.. Жақындап көріңдер осыдан!..


 


5


- Аға-а?


Түсінен шошыды ма, Айнұр оянып кетті.


Селк ете басын көтерген Таңатар ештеңе түсінбей дал. Қарындасы көрпеге оранып көзі бақырайып отыр.


- Не болды Айнұр? Қорықтың ба?


- Анам қайда?


- Көрші ауылға кетті емес пе?


- Қашан келеді?


- Білмеймін, көп ұзамай оралар. Неден қорқасың?!.. Мен бармын қасыңда. Әкеміз де төргі бөлмеде жатыр.


- Тоңдым.


- Үстіңе тағы бір көрпе жабайын, жылынасың.


- Аға-а!.. Әкемнің қасына балып жатайықшы.


- Мазасын алмайық.


- Әкемнің қасына балайықшы!


- Болмайды!


- Баламын әкеме!..


Неше жерден алдап-суласа да көндіре алмаған соң Таңатар қарындасын жетелеп, төргі бөлмедегі әкелерінің қасына келді. Көрпені ашып, өзі сол жағына, Айнұр оң жағына тақала жатты. Дәнеңеден хабарсыз сәбилер аздан соң пысылдап ұйқыға кетті...


Ақ жұмыртқадай даланың астаң-кестеңін шығара түтеген боран пышақ кесті бәсеңсіп, төңірек айқындала бастаған. Жел екпіні саябырлап, момақан күйге түскен. Табиғаттың тосын мінезіне таңырқаған әйел бұл өзгерісті жақсылыққа жорыды.


Қаншайым жаттанды сөзінен әлі жаңылар емес:


- Кетіңдер деймін, кетіңдер!.. Жақындап көріңдер осыдан!..


Қасқырлар қорғансыз әйелдің құр айқайын қайдан елесін?!. Аңысын аңдап қатарласа еріп келеді. 


Бір кезде әйел дауыстай сөйлеп жөнелді:


- Тортөбел, сен маған ренжіме?!. Жағдайды түсінесің ғой!.. Бір шешімге келдім мен... Бұлай етпесем болмас!.. Әттеген-ай!.. Мылтық ала шыққанда, басынбас еді бүйтіп... Көздеп тұрып, тарс еткізе басып салмаймын ба?!. Қасқыр атаулы оқ-дәрінің иісін алыстан сезіп біледі. Көздері қарайған оларға керегі – ас! Жыртқыштың аты – жыртқыш!.. Әмбе олар көп!.. Қасарысып қарсы тұрар бізде қауқар жоқ!..


- Әй, қаскөйлер! Жақындап көріңдер осыдан! 


Айқайлай-айқайлай дауысы қарлықты. Апырым-ай, ажал-аранға үн-түнсіз, еш қарсылықсыз бой ұсына ма сонда?!. Қалайша-а?!.


- Тортөбел, мен сені қазір бос қоя берем. Арландармен айқасып, алдына келгенін тістеп, артыңа келгенін теуіп, құтылып та кетерсің бәлкім?!. Кім біледі?! Бәрі Тәңірдің қолында ғой!..


Кенет қара бұлттар ыдырап, ай сәулесі қиғаштай сәуле шашты. Жел сап тыйылған. Бөрілер құрсауы тарылып келеді.


Әйел жерге түсіп, ат басындағы жүгенді сыпырып еді, тықыршып тұрған жануар кісінеп, шаба жөнелді.


- Шап жануар!.. Сілте!.. Алаңдама артыңа!..


Осқырынған тортөбел келген ізімен қыстаққа қарай шаба жөнелгенде, қасқырлар да ұбақ-шұбақ ілесті.   


«Шынымен аман қалдым ба?!. Түс емес пе көрген-баққаным?!. Сене алар емеспін!..»


Тісі-тісіне тимей қатты тоңғанын енді сезді. Тұрған жерінде тізерлей отыра қалды. Тыныштық тілеген жаны жай тапқандай, шаршаған ұлы денесі балбырап, арсыз ұйқы ұйығы на шым батып бара жатқан. 


- Тұр жаның барында!.. Шапшаң!.. Қатып өлесің!..


Құлақ жарған зор дауыстан зәре-иманы ұшып, атып түрекелді.


Апырым-ай, бұл не дауыс? Қайдан шықты? Салмақтап, саралайтын шамасы жоқ еді әйелдің.


 


6


Таңғы ала көлең шақта Ақтүбек елді-мекені көзіне оттай басылды. Ауыл адамдары әлі тұра қоймаған секілді. Шет жақтағы ұзын баз алдындағы бағана басында электр шамы жарқырай нұр шашады. Өзіне таныс көк шатырлы үйге бұрылды.


- Иманы жолдас болсын!.. Болған іске болаттай берік бол!.. Екі жастың біріне де келмеген Жанайдарды кім қияды қазаға?!. Тағдыр жазуы, - деді туысы жағдайды естіп. - Сен жатып дем ал. Мен жігіттерге жолығайын, жол жүрудің қамын жасайық.


Қалжырап қатты шаршаған Қаншайым нағашы ағасы Мағзом үйінде ыстық шәй ішіп, оразасын ашқан соң киімшең күйде төсекке қисайған. Қанша ұйықтағаны белгісіз, тыңайып қалыпты, тұра сала жинала бастады.


Үш ат шанаға жайғасқан адамдар түске тақау жапандағы жалғыз қыстауға келіп жетті. Сыртқы есіктен енгенде, дәліздегі тықырды естіген балалар алдан жүгіре шықты.


- Анашым, келдің бе? - деді Айнұр шешесін құшақтап.


- Келдік балапаным, келдік!.. Қорыққан жоқсыңдар ма?!


- Қорыққан жоқпыз, - деді Таңатар сергек үн қатып.


- Тоңдық, - деді Айнұр тақылдап. - Әкем де тоңды!.. Ол әлі ұйықтап жатыл...


Қаншайым кішкентай қызын бауырына басып, жүрегі езіле, емірене сүйген кезде кешеден бергі жан беріп, жан алған жансебіл шақтары елестеп, алқымына кептелген мұң-шер, ащы өксік парлай жөнелді көзінен...





Пікір жазу