15.12.2021
  736


Автор: Толымбек Әбдірайым

БІР ҮЗІМ НАН

 Бес қабатты тұрғын үйдің подьезінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп, қоқыс жәшігіне әкелді де аудара салды. Жапырақтай–жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар! Құйтақандай қыз артына да қарамастан қайыра үйіне жүгіре жөнелді.


 Бұны көзі шалып қалған Ғаббас кәрия: 


- Әй, балам–ау, обал емес пе?! – дегенше әлгіндегі қыз подьезд есігіне зып бере кіріп кетті.


 Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші кәрияның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді.


-Ата, кімге ренжіп отырсыз? – деді сәлемдескен соң.


-Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді... Сонау-у, сұрапыл Ұлы отан соғысы жылдары біз тоғыз-он жастағы қарасирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым ұшып-жығылып қосқа әрең жетеміз де, сулы-сылпың қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз. Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тілер! Бір рет қасымдағы Медет оянбай қалып, бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Медеттің шырқырап жылағаны ойымнан шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде. Сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейміз дәйім. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды мөлшерлеп береді! Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып тұрғанымен сұрамаймыз.


Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Қатып қалса қоқыс жәшігіне әкеп тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз! Олай жасауға болмайды! Бір үзім нанның қадір–қасиетін білген жөн! Обал-сауап деген қайда?!


Нұржан кәрияның әңгімесін үн-түнсіз тыңдады. 





Пікір жазу