Тән сұлулығы емес жан сұлулығы маңызды
Осман империясының соңғы дәуірінде өмір сүрген бір генералдың ұлы болады. Әкесі ұлын жақсы мінезді, дініне берік, күйеуіне адал жар болатын қызбен үйлендіргісі келеді. Генералдың жұбайы:
«Біздің үй күзетшісінің бір қызы бар екен. Өзім көрмедім, бірақ адамдар оны маған көп мақтаған. Әйупте қарапайым үйде тұрады екен. Сол қызды көрейік» - дейді. Генерал әйелінің бұл ұсынысын ұнатып, қабылдайды. Нәтижеде, қызының келісімін алған қарауыл, қызын генералдың ұлына беруге шешім қабылдайды. Сөйтіп құдалық, неке барлығы өтіп үйлену салтанаты (тойы) генералдың үйінде өтетін болады. Дәстүр бойынша жас жұбайлар бір-бірін үйленген күні көретін еді.
Жас күйеу жігіт жұбайының бетіндегі желегін ашып, көрімдігін қыстырмақшы болғанда көңілі түсіп, жерге құлап түседі.
Келін мұңға булығып: «Мырзам, балалық шағымда шалдыққан тері ауруының бетімде қалдырған іздері, өмір бойы жүзіне қарауға мәжбүр болған жұбайыңыздан сізге бір қиыншылық туғызды. Бірақ, бұл менің еркімде болған кемшілік емес... Енді сізге өтінішім мынадай: сіздің жаныңызда 40 күн қонақ ретінде қалайын. Содан кейін мінезіміз сай келмеді деген сылтаумен үйіме қайтып кетемін. Бұған түсінушілікпен қарауыңызды өтінемін! Бұл жағдайдан ешкімнің хабардар болмауын да өтінемін!..» - деп, көздеріне жас толып, күйеуінің аяғына жығылады. Күйеуі не айтарын білмей, амал жоқтан қабыл етеді.
Бұл 40 күн уақыт аралығында «қонақ» болып жүрген келін қызметшілікке дейін барып, көркем мінезімен, қызметімен, қарапайымдығымен, қарым-қатынас және сөйлеу әдебімен үйдегі барлық адамның жүрегінен орын алады.
Бір күні келін күйеуінің жанына келіп мұңлы күйде: «Үйіңіздегі 40 күндік қонақжайлығыңыз үшін алғысымды білдіремін. Енді үйіме қайту үшін рұқсатыңызды беріңіз...» - дейді.
Енді аяққа жығылу кезегі күйеуіне келген еді, ол әйеліне жалынып:
«Қымбатты ханым! Егер сіз мені ұнатпаған болсаңыз және үйіңізге қайтуға шешім қабылдаған болсаңыз, оған қарсы ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ сіз мен үшін құн жетпес жұбайсыз. Көркем мінезіңіз бен әдептілігіңізді көріп, негізгі сұлулықтың жүзде (бетте) емес, жүректе екенін түсіндім және сізге ес-түссіз ғашық болдым...» – дейді. Осындай сөздерді айтып келіншегінің шешімінен бас тартқызады.
Ең маңыздысы, араларындағы бұл сырды балаларына түсіне алатын жасқа келгенде айтып берді. Осылайша, оларға да жанұя бақытында жүрек тазалығының және көркем мінездің бәрінен де маңызды екенін осы мысалмен түсіндіріп берді.