14.12.2021
  278


Автор: Балаларға арналған әңгіме, оқиға

Асанқайғының Қасенхан атануы

 Асанқайғының шын аты Қасен екен. Ол он екі жасар бала күнінде шүршіттің ханы Еженхан қазақтарға: «Айғырын кісінетпесін!» — деп жарлық қылыпты.
—    Егер, далада жүріп қазақтың айғыры кісінесе, менің қорадағы биелерім құлын тастайды. Айғыры кісінегеннің басы айдауда, малы талауда болады,— депті.
       Жұрт мұны есітіп, уайымға түсіп, күйзеліпті. Он екі жасар Қасен халыққа:
—    Бұл үшін уайым жемеңдер. Қырық жел мая тауып беріңдер. Еженханға барып, бұл жарлығын қойдырайын, сөйтіп кеңшілік алып келейін,— депті.
       Ел болып жиылып баланың айтқанын дайындап беріпті. Бала қырық мергенді ертіп, жел мая мініп, шүршіттің ханына жөнеліпті. Шаһардың шетіне кіргеннен-ақ «әу» деп үрген итті ата беріпті. Иттің иелері:
—    Бұның қалай, жазықсыз итімізді неге атып қырып келесіңдер? — десе, «Біз Елібайдан келе жатқан елші, не арыздарың болса, хандарыңа барып айтыңдар.            Жауабын ханың арқылы беремін»,— деп жүре беріпті. Ханы:
—    Олар келсін, себебін сұрап біліп көрерміз,— деп, Қасенді кісі жіберіп, шақырыпты. Олар келіп ханға жолыққан соң, хан:
—    Елші болғандарың қалай? Келе салып елімізді дүрліктіріп ойран салғандарың қалай? — дейді. Сонда Қасен бала:
—    Тақсыр! Оның мәнісі бар. Кішкене күнімде әкем маған қой бақтырды. Далада жүргенімде қасқырлар келіп қамады. Сонда мен көмекке ойдың да итін шақырдым, қырдың да итін шақырдым, шәһәрдің де итін шақырдым. Бір ит келіп ара түспеді. Сонда ант ішіп едім: ойдың да итін атармын, қырдың да итін атармын, шаһардың де итін атармын,— деп. Сол сертіме жетейін деп ит біткенді қиратып атып келе жатқан жәйім бар! — депті.
       Сонда хан:
—    Тентек шіркін! Қазақтың мидай даласында жүріп сенің айқай салған дауысыңды біздің шаһардың иті қайдан естісін? — дейді. Сонда Қасен айтыпты:
—    Айғыр дауысын қорадағы бие естіген жерден, кісі дауысын ит естімеуші ме еді?
—    Қап, бала! Мені табандатып ұрдың-ау! Мен ұтылдым, қалағаныңды ал! — депті хан.
—    Хан, олай болса, елімнің билігін өзіме берсең болады! — депті.
—    Бар, бердім, қазақ деген жұртқа өзіңді хан сайладым! — депті Ежен. Содан былай Қасен «хан» атанып кетіпті.





Пікір жазу