Тәуелсіздік қарты
Зер сал өмір парқына,
Бір кездегі нартұлға
Шөгіп қапты, апыр-ай,
Бөз жейделі қартың да.
Заманның жоқ тұрағы,
Жалаң уағда ұраны;
Қарттың еңкіш кеудесі -
Жазмыштың сұрағы.
Шапан қылған шинелін,
Қартты оңай демегін -
Талай басқан бұл сарбаз
Бодандықтың кемерін.
Сөзбен айтса сенгісіз,
Көпке сыры белгісіз
Бұл жампоздың көргені
Кей «көсемге» бергісіз.
Сыншыл зейін бейнесі,
Тарих толы зердесі-
Жазылмаған шындықтың
Жылнамасы, пердесі.
Қарайды қарт айнала,
Толған ұран қайда да;
Есінен жұрт адасып,
Өзіне тор сайлаған.
Даңғаза топ кісілер,
Дақпыртын кім түсінер;
Тобыр басы - тоқпейіл
Ойланбайтын ісіне.
Елдің басы клан –дүр,
Ордаланған жылан – дүр;
Рухына у егілген
Елдің жайы – тұман – дүр.
...Шежіренің кеніші-
Орда емес, ел іші.
Кеніште бұл куә көп
Езгіленген ел үшін.
Шын тарихтың маңызы,
Ақиқаты, аңызы,
Тани білсең осы қарт -
Тәуелсіздік рәмізі!