11.12.2021
  226


Автор: Ғибратты әңгімелер

Халифа заманындағы жат идеология

Ирақтан бір кісі шығады. Мұсылман әскерінің арасында жүріп, құрандағы мұташабих аяттардың мазмұнын талдауға кіріседі. Қала берсе, сүрелерді бұрмалап түсіндіреді. Әрине, мұсылмандардың баршасы жоғары сауатты емес. Тек намазын дұрыс оқитын, құранды қатесіз тиләуат ететін деңгейде ғана сауатты. Қарапайым жұртты қажетсіз сауалдармен мазасын қашырады. Әрине оның мақсаты ел арасында құран мен сүннетке қатысты күдікті ойлар мен теріс пікір қалыптастыру.


Осылайша, Мысыр еліне кіріп келді. Ирақтық кісі шайханалар мен базар маңындағы саудагер және шаруа жұртты көздеп барады. Базардағы мұсылманның басым көпшілігі құран мен сүннеттің қыр-сырын терең біле білмейді. Бұл қалыпты жағдай.  Шайханаларда отырғандар ортасына барып: «Уа, халайық! Ақыл айтыңдаршы, сұрағым бар!»,-деп әңгімесін бастайды. Ақ көңіл жұрт: Иә, не сұрағың бар?,-десті. Ирақтық: Алла Тағала:


فَيَوْمَئِذٍ لَّا يُسْأَلُ عَن ذَنبِهِ إِنسٌ وَلَا جَانٌّ


«Сонда ол күні, адамзат пен жындар күнәсынан сұралмайды[1]» деп айтады. Ал  Құранның басқа бір аятында:


فَوَرَبِّكَ لَنَسْأَلَنَّهُمْ أَجْمَعِينَ


«Раббыңа серт, әлбетте оларды түгел сұраққа тартамыз[2]»,-дейді. Уа, халайық! Раббымыз бізден есеп-қисап алады ма, әлде алмайды ма? Жасаған күнәмізға сұрақ болмайды деп тұр емес пе? Төрелігін айтыңыздаршы?!,-деді. Жұрт япырай, шынымен де бұл қалай болғаны? Құран аяттарының мағыналары бір-біріне қарама-қайшы ма?,-деп аң-таң. Жайбарақат жүрген жұрт жүрегіне күдік дәнін егіп кетті. Осылайша, әр көшедегі қарапайым адамдар ортасына барып осы тәріздес құран мен хадистегі муташабих мәтіндерге қатысты сұрақтарды ортаға тастап арам пиғылын жүзеге асыра бастады. Жұрттың құты қашты.


Мысырдың әкімі Амр бин Ас (р.а.) оны шақыртып алып, біраз сөйлесті. Райынан қайтатын түрі жоқ. Білім іздеп жүрген сыңайы да байқалмайды. Ниеті мәлім. Бүлік тарату. Жанына қызметкерін қосып Мадина шаһарына жөнелтеді. Ол Ирақтан шыққан Сабиғ бин Ғасал деген кісі еді. Жағдайдан халифа құлағдар еді. Өз аяғымен келген ылаң таратушыны құзырына шақырады. Халифа:


-Кім боласың, қайдан келесің?,-дейді.


-Алланың құлы Сабиғпын,-деді ол.


-Мен де, Алланы құлы Омармын,-деді халифа деді де  аман-саулық сұрар-сұрамас құрманың таяғымен сабай жөнелді. Бейшараның басы жарылып жаны шығып кете жаздады. Болды, жетеді! Уа, мұсылмандар әміршісі! Басымдағы жаман ойдан арылдым![3]»,-деп жалбарынды. Жындыға да жан керек демекші, есін сап жиып алды. Бірақ, халифа мұнымен тиылмады. Жүз дүре ұрдырады. Арқасы тілім-тілім боп жатып қалады. Бейшараның жарасы жазылған соң, халифа тағы да дүре соқтырады. Осылайша, бірнеше рет жазалайды. Сонда, амалы құрыған бейшара: Уа, мұсылмандар әміршісі! Өлтірмек болсаң, жанымды қинамай өлтір. Ал тәрбиелемек болсаң, қатемді түсіндім. Райымнан қайттым»,-дейді.


Омар оны бас салып дүреге жыққан жоқ. Дұрыс түсінбеген болар деп білімде маңызды дүние адал мен арам мәселесін үйрену екенін жеткізеді. Алайда, ол құрандағы муташабих аяттарды қазбалап, мұсылманға қажет емес мәселелерді қозғайды. Бұл мәселелерді мұсылман білуі парыз емес. Қала берсе, одан бейхабар болуы адамды мұсылманшылықтан шығарып жібермейтін тақырыптар. Ал бұл мәселені қазбалау адамды иманнан шығаруы ықтимал. Дейтұрғанымен, әлгі кісі райынан қайтпайды. Дегенім деген деп тұрып алады. Соңына, халифа жұртқа сабақ болсын деп дүре ұрады. Құран мен хадиске қатысты нені үйрену керектігін түсіндіреді.


Мұнан кейін халифа оны туған елі Ираққа жөнелтеді. Ирак әкімі Әбу Мұсаға (р.а.) қосымша хат жібереді. Мазмұны Сабиғ бин Ғасалға көшеде, шайханада және базарда адам баласы жоламасын, ешкіммен сөйлеспесін,-деп тапсырма береді. Сабиғты жұрт айналып өтетін болды. Бірге отырып шай ішпек тұрмақ, аман-саулық та сұраспайтын болды. Жұртқа масқара болған ол, шынымен де тәубесіне келіп тірлігіне қатты өкінді. Болған жағдайды әкім халифаға хат арқылы хабарлағанда, хазрет Омар оған қоғаммен араласуына рұқсат берген екен.


Жылдар өтті. Халифа Осман бин Аффан (р.а.) заманында фитна шықты. Бүлікшілер Сабиғ бин Ғасалды іздеп тауып: уақыт келді. Бұрынғы ойларыңды жұртқа айт,-деп қолдау білдіретіндерін жеткізді. Алайда, Сабиғ: Мұсылмандар әміршісі Омардан өз сыбағамды алғанмын,-деп райынан шынымен-ақ қайтқанын айтқан екен. Байқап қарасаңыз, жат ағымды көзқарастар құранның әр аятының тәпсірін пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тікелей  үйренген сахабалар заманында да болған. Сахабалар ондай адаммен түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Барлық қате көзқарастарына байланысты тұшымды жауаптарын берген. Ал пәтуалы сөзге тоқтамағандарына халифалар олар түсінетін «тәсілмен» «тәрбиелеген» екен.


Руслан ҚАМБАР


[1] Рахман сүресі, 39-аят


[2]Хижр сүресі, 92-аят


[3] Дарами, 1/252





Пікір жазу