10.12.2021
  218


Автор: Бақыт Беделханұлы

Құзғын-ниеттің құрбаны болмайық!


Пейілі даладай, көңілі баладай аңқылдаған ақ-адал Қазақ едік - деген сөзді өткен шақта айтатын һәлге жеттік. Жалпы, мақтан тұтар қасиеттеріміз - шырмауыққа шырмалып, шыр-шыр етіп, жаһандануға жұтылып бара жатыр... Ұмтылу болса, қанекей?!.
Немқұрайдылық пен немкеттілік иектеп, қара басын хан көтеріп алған әр пенде тәкәпарлықтың тағына мініп алып, бір-біріне мейіріммен, жанашырлықпен қарауды қойды. Тегімізді тектеудің орнына, діттегенімізге жетпеуді үйретіп жатыр, мына - Зауал!.. Зауал - деп отырғаным, індет қана емес, (!.. ) Қарынның ғана қамын ойлаған қараниеттілерді де айтам. Қараниеттілік шегіне жеткенде, Құзғын-ниетке (!) айналады. Иә, айналып та жатыр...
Құзғын - дейтін құдай жаратқан мысал-құс. Өлексе жейді. Ең қорқыныштысы - тірі жемтігінің жараланып, жаны қиналып жатқанда көзін тайқытпай, ең соңғы демін тапжылмай отырып күту. Міне, ниеттің көкесі!...
Қарабай, малы үшін жалғыз қызынан да құдай қосқан қосағынан да безініп: Малыма көзалартқандарды құдай неге алмайды?... - деген сияқты сұмпайы, мүттәйім сөздерінің маңқасын ағызып тұрғанда, қандай ниетте болды дейсің? Әрине, Құзғын-ниетте!
Қазір, басшысы-қосшысы бар, ашынаш-құшынашысы бар, тіпті, әлеуметтік желіні бір шолып өтсең, қарақұрым халық бар - бәрінің күткені: "Кім?... Енді кім?.. Қашан? ... Анау да кетеді-ау... Мынау, ауырып еді, неге өлмей қалды екен?.. " - деген, Құзғын-ниеттерді көресің! Ол аз болғандай бишікеші бар жартыкеші бар - жаны шырылдап жатқан бейшараның соңғы бейнесін желіге салып, жаны ашыған кейіпте "қамқорсып" қояды.
(Өтірігі болса, өзіңе де бір үңіліп бақ..)
Өркен-ниетке өрлеп бара жатыр-мы-ызз! -дейді, біреу өңешін созып. Мүмкін, екеу.... мәселе, онда да емес шығар, оны сайтан білсін...
Менің білетінім - Қараниеттен-арамниеттен-Құзғын-ниеттен құтылмай, арылмай Өркен-ниет! - туралы айтудың өзі - арсыздық!
Арлы болыңдар, Ағалар!
Абай болайық, ағайын!
Құзғын-ниеттің құрбаны боп кетпейік!





Пікір жазу