Есенғалиша есіркеу...
Не деген тамаша күн...
Қызыр жайлап қазақтың бар ошағын,
Қазаны қайнап жатыр қарашаның.
Өйткені,
Мүлде бөлек, жаңашамын..!
Әлемге ерім-абыз, елім-аңыз.
Неге, біз көп нәрсені кем ұғамыз...?
Сағынтып өткен-кеткен нұрсыз шақты,
Ауыртып жүректерді неғыламыз?
Шығарып, батыратын біз ғой, Күнді..
Жол нұрлы, арман нұрлы, ізгі ой нұрлы.
Ешбір ел бола алмайды сіздей «мұңлы»,
Ешбір ел таба алмайды біздей құлды!..
Құлға-құл, жарамсаққа жалшы-ғұмыр.
Сазарып, сараңданбай салшы, дүбір!
Тартынбай тағдыр тартқан таралғыдан,
Алқынбай арманыңа қарсы жүгір!
Рахат, берілмейміз мұң-қайғыға.
Айтпаймыз, ұлтын сүйген ұл жайлы да.
Себебі, барлық ұлттың бауырымыз,
Көрмеген ата-бабаң мұндайды да...
Бауырмыз – барлық ұлтқа қолбаламыз,
Тәуірміз, әлі-ақ ертең зор боламыз!
Құл-мойын, құл-табанның күнін күйттеп
Күйініп неменеге қорланамыз?!
Көз сатып, телміреміз күнде алысқа,
Күнге сәлем береді күнбағыс та.
Кімге сәлем береміз?..
Кім қарайды?
Қыраны күн көтерген біз байғұсқа!
Қазақпыз...
Нұрсыз жолды нұсқамаймыз.
Азатпыз..
Алтын соққан ұстадаймыз.
Азабы – барлық ұлттан өзгешеміз,
Ғажабы – өзімізге ұқсамаймыз..!