meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.12.2021
  243


Автор: Бақыт Беделханұлы

Кеудемде көктің нұры бар....

Кеудемде көктің нұры бар,
Ал, санамда оның салқын сәулесі.
Сәулесі сөнсе, біліп ал,
Жанның да бітер жалп-жалп еткен әуресі..!

Табанымда жердің бүрі бар,
Замандардың жүріп өткен зар - көші.
Жанарымда елдің мұңы бар,
Оның дағы шайылар кезі бар - деші?!
Бар - деші, бітсін, мұның дағы әуресі..

Мойынымда мың сайтанның жүгі бар,
Түсіріп ал, ...тілі - бал!
Иығымда әлгі,..
періштенің бірі бар,
Мықты болсаң, жұлып ал да, мініп ал!

Арқам да бар -
әруақтардың айлағы,
Қолдарында - егеу менен қайрағы;
Құл-санаңды, құм қайраққа салады.
Құл-мойныңды қылдай есіп алады.
...Емес, олар - қайдағы мен жайдағы!

Жүрегімде Көкжал-мойынның түгі бар.
Жының қозса, жығып ал!
Жын-жыбыры, қыл-қыбыры жиылып,
Е, оны білсе,
Жер көтіне тығылар..!

Бір дізем бар - табиғатты сүйетін.
Бір дізем бар - жауға бата тиетін.
Дізе қосып, діңгегімді тіктесем,
Әз басым бар, тек, Тәңірге иетін!

Көктің нұры кеудемдегі - сол болар!
Ал, басымда -
бақыт та бар, сор да бар.
...Сәулем сөніп, Әурем бітіп, кеткенше,
Барым, сонда қалыңдаршы,
Бәрің сонда қалыңдар, ей, сонда қал!





Пікір жазу