10.12.2021
  346


Автор: Өтебай Тұрманжанов

Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар

Ертеде бір орманда,
Өзі салған қорғанда,
Бір топ ара тұрыпты:
Бәрі еңбеккер жан екен,
Жегендері бал екен,
Тамаша өмір сүріпті.
Алтын екен қорғаны,
Алқалаған орманы –
Асыл, маржан гүл екен.
Бәйшешегі балбырап,
Жапырағы жалбырап,
Жасыл, лағыл, дүр екен.
Төбесінен нұр құйып.
Болмайды екен мұнда қыс:
Күйшілері – бүгелек,
Бишілері – көбелек,
Әншілері – бұлбұл құс
Хан, ханша, хан – Ара.
(Қонысы орман, осы ара),
Қызы өсіп бойжеткен,
«Күйеу тапсам лайық,
Той қылам, – деп, – халайық!»
Айтады екен ол көптен.
Жаздың бір жайлы кешінде
Уәдесі есінде.
Шақырып халқын қанатты,
Той жайын айтып түгелдеп…
«Келсін барлық көп ел» деп,
Жан-жаққа жаршы таратты.
Қанатты жаршы – қанатты,
Тақылдатып тамақты,
Таратты жар, таратты,
Жұртты аузына қаратты:
– Ей, жарандар, жарандар!
Бері таман қараңдар!
Сөзіме құлақ салыңдар!
Естіп, ұғып алыңдар!
Хан тойына барыңдар,
Бал-шарапқа қаныңдар,
Ханның қызын көріңдер,
Көріп, баға беріңдер.
Екі беттен нұр тамған,
Екі қолдан бал тамған,
Еңбегімен жүлде алған.
Күнде озып, күнде алған,
Гүл мінезді мүләйім,
Балдай тәтті бір айым,
Жұқа, жайдақ біліммен
Жеткізе алман тіліммен.
Сұлудың айтып шырайын.
Қызына деген қамдығын,
Қазына жасау-жабдығын.
Алтын-ділда сандығын
Санағанмен таусылмас,
Осының бәрі дәл бүгін.
Алпыс үйдің басы бар,
Алпыс түрлі асы бар, –
Бірі шекер, бірі бал…
Тойға барсаң, бұрын бар,
Бұрын барсаң, орын бар,
Жұрттан бұрын барып қал…
Өнерімен тамаша,
Қызға күйеу ұнаса,
Оған бақыт қонғаны,
Тойдың соған болғаны…
Жаршы мыжып тұра ма,
Арғы жағын сұрама,
Жоғары мен төмендер,
Айтпады демеңдер,
Қайсыбірін айтайын.
Енді аулыма қайтайын.
Қызық хабар алған соң,
Той мәніне қанған соң,
Дуылдасты думан жұрт:
«Өзім бұрын барам», – деп,
«Ханның қызын алам», – деп,
Есерленді есекқұрт…
Құрт, құмырсқа, көбелек,
Шыбын, шіркей, бөгелек,
Кетіп жатты аттанып,
Маса, сона, инелік
«Тойда, шіркін, билелік!» –
Десіп жатты баптанып.
Қырықаяқ, кене, өрмекші,
Бұлар да барып көрмекші,
Бәйгеге түсіп, бақ сынап.
Жыбырлап жерде жұлдызқұрт
«Қалам ба, – деп, – тойдан сырт»,
Кетіп барад шапқылап…
«Той десе қу бас домалар»
Кім озып, бәйге кім алар?
Тойлы ауылға барайық,
Көп өнерін көрейік,
Көріп баға берейік,
Тамашасын қарайық.
Міне, қызық тойлы ауыл!
Ойын-сауық, ойда ауыл.
Қазан асқан, от жаққан,
Құмырсқалар құрайлап,
Масалары сырнайлап,
Келіп жатыр жан-жақтан…
Қызыл, жасыл киінген,
Паңданып мұрын шүйірген
Инелік пен көбелек.
Шыбын-шіркей шыңылдап,
Қобызын тартып қырылдап,
Келіп қапты бүгелек.
Кене, сона, тас күйе,
Бұлар-дағы дүрдие,
Қазанды жүр жағалап,
Еңбек сүйгіш аралар,
Қонақ күтіп барабар,
Жүгіріп жүр табақ ап,
Келіп жатыр көп қонақ,
Арылып жатыр ас-тамақ,
Құйылып жатыр шараптар,
Гүл шарапты кеселер,
Орталанса еселер,
Қызмет еткен «қарақтар»
Тәрелке-теңге жапырақ,
Іші толған бал қаймақ,
Қонаққа жатыр тартылып…
Ішкендер мас, жеген тоқ,
Разы емес бір жан жоқ,
Астары қапты артылып,
Әр жапырақ түбінде,
Әрбір гүлдің бүрінде,
Масайрап отыр масалар,
Көбелектер күлпілдеп,
Инеліктер үлпілдеп,
Сайысқа сәнмен жасанар…
Жұрт жеп-ішіп қанған соң,
Көңілі ойынға ауған соң,
Хан ара шықты қайқаңға,
Биікте тұрып шүйіліп,
Көпке ойын үйіріп,
Көзін салып ойпаңға.
Сәнді үнмен сөйледі.
Сөйлегенде бүй деді:
– Ей, халайық, халайық!!!
Сөзге құлақ салайық,
Қызға келген құдалар,
(Күйеу болса, қыз алар),
Шықсын, кәне, сарапқа,
Жол берейік талапқа.
Қанатты елім қарасын,
Берсін әділ бағасын.
Әдемі екен демеймін,
Әрсіз екен демеймін,
Хан екен де демеймін,
Қара екен де демеймін,
Асырса жұрттан өнерін.
Қызымды соған беремін…
Хан сөзіне қанған соң
Ханнан жарлық болған соң,
Көрігіне сыйынып,
Көп алдына иіліп,
Ортаға шықты көбелек.
Қызыл, сары, жасыл, ақ
Қанаттарын қағып қап,
Билеп кетті дөңгелеп.
Ұшқандай гүл қанатты,
(Жүгірді, жұпар таратты.)
Кейде үйіріліп, мүдіріп,
Бірін-бірі құшақтап,
Буған гүлге ұсап қап,
Неше түрлі құбылып,
Көрсетіп болып «өнерін»,
Таныстырып «шеберін»,
Көбелек ханға қарады.
«Сауықшы, – деп, сәнші, – деп,
Биші, күйші, әнші, – деп,
Мадақтап «күйеу» баланы.
Ханшайым сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Көбелек құда, көбелек!
Өнерің өзге бір бөлек.
Құр сауық қарын ашырар,
Өнерлі ұл елін асырар.
«Артық, екен бағаңыз»,
Сауықшыл екен балаңыз.
Балаңызға лайық
Басқа бір қыз қараңыз…
Көбелек қалды жер болып,
Бекер арам тер болып,
Көбелек болды келеке,
Созыла берді мереке.
Ал мені көр дегендей,
Суырылып озған өрендей,
Ортаға шықты масалар.
Сансыз сары найзагер,
Сайыста озған айлакер,
Кілең қанқор, бас алар,
Сырнайын тартып, сән қылып,
Шаққан жерін қан қылып,
Шауып, шаншып барады.
Күн көзін басып тұмандай
Садағын тартып сумаңдай,
Қанжарын кейде қадады…
Көрсетіп болып ойынын,
Бұрып ханға мойынын,
Өктем-өктем сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Біз белгілі сарымыз!
Бар жәндіктің нарымыз!
Батпақты болар көліміз,
Балдырған-ды шөбіміз,
Көлімізге келгенді
Балықшыны, мергенді,
Батырсынған менменді,
Аюыңды, араңды,
Арыстанды, қабанды,
Шаншамыз да түйрейміз,
Меймандостық бұл дейміз,
Сүйеміз де шағамыз,
Тез шығарып саламыз…
Ал, ханшайым анамыз!
Батыр біздің баламыз!
Әділ болса бағаңыз,
Қызыңызды аламыз…
Ханшайым асып-саспады,
Масаға назар тастады.
Әдептен артық аспады…
Сабырмен сөзді бастады:
– Ей, масаеке, масаеке!
Бәйге деген бәсеке,
Озған алар жүлдесін,
Қалған неге күндесін?!
«Қайратты» екен халқыңыз,
Тым ерсі екен салтыңыз,
Қан ғана екен асыңыз,
Қағынған екен жасыңыз,
Қыз сүйетін түрі жоқ,
Жақсылық салттың бірі жоқ,
Адал еңбек тағы жоқ.
(Еңбексіз елдің бағы жоқ.)
Әділ болар бағамыз.
Лайық келмес балаңыз…
Тәкаппар маса мақтаншақ,
Аңырып қалды аттан сап…
Масадан кетті береке,
Созыла берді мереке.
Тұғырда тұрған инелік
Дегендей біз де билелік,
Жарқ-жұрқ қанат қағысты;
Кейде көкте көлеңдеп,
Ойнақ салды, жарысты.
Тоты құстай түрленіп,
Сан алуан түрге еніп,
Салды сауық, машығын,
– Ала жаздай ән қуған,
Сәулет қуған, сән қуған,
Көрсетіп салтын жасының.
Ханға қарай шүйіліп,
Тәжім етіп, иіліп,
Орындап болып парызын,
– Қоғалы күміс көліміз,
Желекті жасыл жеріміз,
Сауынды сәнді күніміз.
Сайранды салқын түніміз,
Қызғалдақты қырымыз,
Жаздай бітпес жырымыз,
Айтарлық осы сырымыз.
Әділ болса төрелік,
Бізге лайық қызыңыз…
Ханша сонда үн қатты:
– Сөзіңіз қандай тым тәтті,
Инелік құда, инелік!
Айта алмай тұрмын именіп,
Сұлу-ақ екен сыртыңыз,
Жарамсыз екен жұртыңыз,
Бұзылған екен құлқыңыз,
Келмей-ақ тұр құлпыңыз,
Жазды өткізген жалтырап,
Қыста отырсаң қалтырап,
Біреуден кеусен дән сұрап,
Біреуден жәрдем мал сұрап,
Төрелік етші өзің-ақ!
Өмір ме осы, ал, шырақ?
Болса да балаң сұлу, жас,
Қызыма менің ұнамас…
Инелік қалды күйреліп,
Белінен бір-ақ түйреліп
Инелік болды келеке,
Созыла берді мереке.
Өрмегін өре жүгіріп,
Өрнегін салып бүгіліп,
Өрмекші түсті ортаға.
Әлде жібек, әлде қыл,
Айқыш-ұйқыш алуан түр,
Кестесін салып торқаға!
Жібі қандай жіңішке.
Жібек пе, әлде күміс пе?!
Тоқуы торкөз, биязы,
Әлде желбау, әлде ау,
Ал, әйтеуір, емес сау.
Әлде сиқыр тұзағы?!
Көрсетіп болып өнерін,
Алдына келіп төренің,
«Алдияр!» деді жығылып
Көріп тұр ғой халайық.
Қызың маған лайық,
Деді ізетпен сызылып.
Ханшайым сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Ей, өрмекші, өрмекші!
Сөзіңе кім ермекші,
Жалған өнер жарамас,
Арам тамақ, арам ас
Ондайларға жаны қас,
Қызым саған қарамас.
Бетіне ұят басылып,
Өрмекші өлді асылып.
Асылып өлді «Өреке»,
Созыла берді мереке.
Қабық жегіш қарақұрт.
Ағаш жегіш алақұрт,
Есер тентек есекқұрт,
Бәрі де түсті сарапқа,
Ілінбей қалды санатқа,
Күліп қалды көрген жұрт,
Сона, шыбын, бүгелек,
Қырықаяқ, кене, бір дүрмек,
Бұлар да өтті жарыстан.
Бәрі көпке мазақ боп,
Көргендері азап боп,
Күйреліп жатыр намыстан.
Ең соңынан баяулап,
Жайбарақат жаяулап,
Ортаға келді құмырсқа.
Мақтанға жоқ, сөзге олақ.
Кішіпейіл, қорғалақ,
Өз ісіне тым ұста.
Асықпай, саспай ақырын,
Бастады сөзін батырың,
Хан алдына жүгініп,
Тына қалды қимыл, шу,
Тоқтай қалды ағын су.
Тыңдады жұрт шын ұйып:
– Сәндікпен жоқ саудамыз,
Қоңырқай қара шаруамыз,
Астыққа толған ауламыз.
Біз кәдімгі құмырсқа,
Туған жанбыз жұмысқа
Үйді өзіміз саламыз,
Дәнді өзіміз аламыз,
Күнге күйген денеміз,
Сондықтан біз қарамыз.
Төгілгенді жинаймыз,
Шашылғанды табамыз.
Өлшенеді өмірде
Еңбекпенен бағамыз.
Еңбек біздің атамыз!
Еңбек біздің анамыз!..
Осыны айтып құмырсқа,
Хан алдына қиылды,
Тәжім етіп иілді.
Хан жауабын тыңдауға
Халық бетін үйірді.
Сөйледі сонда ханымыз:
– Тыңдаңдар! – деді, – бәріңіз,
Ей, жарандар, жарандар!
Бері таман қараңдар,
Сөзім еңді тым қысқа,
Құдамыз болсын құмырсқа!
Өзіміздей тірлікті,
Ынтымақты, бірлікті,
Өсіп-өнген ел екен,
Ағып жатқан кен екен.
Қолтықтары кең екен,
Бізге нағыз тең екен…
Ал ойнаңдар, күліңдер!
Бері таман жүріңдер.
Қыз жасауын көріңдер,
Көріп баға беріңдер;
Тәтті шарап ішіңдер,
Тағы биге түсіңдер.
Биікке ту байлаңдар.
Той ағасын сайлаңдар,
Отыз күн ойын ойнаңдар,
Қырық күн тойын тойлаңдар…
Хан сөзінен қайтар ма?!
Жұрт жиналды қайқаңға.
Созыла берді мереке.
Мерекелі елде береке.
Ағылып жатты бал-шарап,
Ішісіп жатты анталап,
Ішкендер мас, жеген тоқ,
Разы емес бір жан жоқ…
Сый қонақтар – құмырсқа,
Бөртіп отыр тыныста.
Іші күйіп көбелек,
Би билеп жүр дөңгелеп,
Маса садақ асыпты,
Ақжамбыны атыпты.
Өрмекші мен кенелер,
Көрсеткендей көп өнер,
Таң алдында тамылжып,
Тәтті ұйқыға батыпты…
Ой, балалар, балалар!
Кез болды той таралар,
Құмырсқа болды – құдалар,
Қызын берді аралар…
Мініп алып бір қойға,
Мен де болдым сол тойда.
Аралардан бал жедім,
Ондай тәтті көрмедім.
Құмырсқадан нан жедім,
Ондай дәмді көрмедім.





Пікір жазу