Гулливер ергежейлілер елінде
(шытырман оқиға)
Саяхаттарымның ең соңғысы оншалықты сәтті болмады. Оның үстіне, өнебойы теңізде жүзуден әбден жалығып, қалған өмірімді үйіме қайтып, бала-шағамның қасында өткізейін деген ойға келдім. Сөйтіп, Ольд-Джюриден Феттер-Ленге, одан Уоппингке кеттім. Ондағы мақсатым, теңізшілер арасында болып, көп нәрсені көзбен көріп, тәжірибе аламын ғой деп едім, бірақ ол ойым орнына келмеді. Жай-күйім жақсарса деп үш жыл күттім де, ақыр аяғы, Антилопа деген кеменің қожасы капитан Бильям Причардтың ұсынысын тиімді көрдім. Соларға еріп, Оңтүстік Мұхитқа сапарға шықпақ болдым. Сөйтіп, 1699 жылы мамыр айының төрті күні Бристоль портынан зәкір көтеріп жолға шықтық, сапарымыз алғашқыда өте оңды болды.
Қараша айының бесі күні (сол жақтың жазы қарашада басталады екен) ауа райы бұзылған үстіне бұзылып, теңіз бетін қою тұман басты. Осы уақытта кемеге таяу жерден бір жақпар тас көрінді. Сұрапыл дауыл кемені ұршықша үйірген бойы айдап әкеліп, тұп-тура тасқа соқты да, көзді ашып-жұмғанша кеменің талқаны шықты. Экипаждан менімен алты адам қайыққа отырып алып, шамалауымша, үш мильдей жер естік. Одан ары ескек есуге шамамыз келмеді. Өйткені кемеде тынбай жұмыс істегендіктен әдбен қажып, болдырған едік. Ескек есуді тоқтатып, жел мен толқынның ықпалына берілдік. Арада жарты сағат өтпей-ақ солтүстіктен кенет киіп әкеткені құйынды дауыл қайықты аударып жіберді. Өзіммен (бipгe қайыққа мінгендердің де, сондай-ақ, жартасқа шығып бас сауғалаған және кемеде қалғандардың да не күйге ұшырағанын білмеймін. Менің ойымша, олардың бәрі де қаза тапса керек. Ал мен болсам, жалданған толқын мен желдің айдаған бағытымен басымның ауған жағына қарай малтып кете бердім. Аяғым жерге тиер ме екен деп әлденеше рет бойлап та қарадым, тек суға батып тұншыққаннан басқа нәтиже шықпады. Ақырында, әбден дәрменім құрып, бұдан әрі толқынмен алыса алмайтын халге жеткен кезде, дауыл да бәсеңси түсті. Осы арада аяғымның ұшы жерге тиген тәрізді болды. Теңіз жиегі өте тайыз, жайдақ екен. Суды жалдап жүріп отырып жағаға шықтым. Уақыт кешкі сағат тоғыздың шамасы болды.
Теңізден шығып адам мекенінің ешқандай белгісін көре алмадым. Қатты қажып, шаршағанымды сездім, манаурап ұйқым келді. Мап-майда, аласа шөптің үстіне жатып тәтті ұйқыға шомдым. Шынымды айтайын, өмірімде мұндай рақаттанып ұйықтаған емеспін. Шамалауымша, тоғыз сағаттай ұйықтаған болуым керек, өйткені ояна келсем жер беті жарық тартып қалған екен. Тұрайын деп едім қозғалуға шамам келмеді. Қол-аяғым жерге шегеленіп қалған тәрізді. Шалқамнан түсіп жатқан едім қою, салалы ұзын шаштарым жерге желімделіп қалған сияқты. Ақырында, бүкіл денемнің жіңішке жіптермен шандып тасталғанын сездім. Тек жоғары қарауға ғана дәрменім бар. Күннің көзі денемді күйдіріп, көзімді аштырар емес. Осы арада төңірегімде күбірлеген біртүрлі дыбыс қаптап кетті. Оның не дыбыс екенін байқауға орнымнан қозғалып иліге алмадым, өйткені жан-жағыма мойыным бұрылмайды. Шалқамнан
жатқан күйімде көгерген көк шөптен, басқа ешнәрсені көре алатын емеспін. Көп кешікпей бір тірі жанның сол аяғымның үстімен жыбырлап кеудеме қарай жүргені сезілді. Ол жүріп отырып кеудеме, одан дәл иегімнің астына келіп тоқтады. Көзімді төңкеріп қарап едім, қолында жебе мен садағы бар, арқасына қорамсақ асынған, бойы бір кішкене ғана адамсымаққа көзім түсті. Оның ізінше тағы да сондай қырық шамалы адамсымақтар көрінді. Бұлардың маған таң көрінгені сонша, қатты айқайлап жіберіппін. Менің дауысымнан қорқып, кеудемде тұрғандар бет-бетіне қаша жөнелді. Олар қашып бара жатқанда кеудемнен жерге домалап кетіп, бірсыпырасы мертігіп қалыпты. Мен бұл әңгімені кейінірек естідім. Бірақ та абыржушылық тез басылып, олар қайтадан топтанды. Олардың батырсымақтау біреуі менің бетіме мүлде жақын келді. Ол таңырқаған пішінмен қолдарын жоғары көтеріп, көзін төңкере қарады да, өте жіңішке, бірақ та анық дауыспен: Гекина дегулъ деп айқайлады. Бұл сөзді басқалары да бірнеше рет қайталап айтты. Бірақ мен онда бұл сөздің нендей белгі екенін білмейтін едім. Сол уақыттағы менің өте жайсыз күйде жатқандығым оқушыларға өзінен-өзі түсінікті болса керек. Бұл жатысқа жаным шыдамай, бар күшімді салып бұлқынғанымда, сол қолымды шырмаған жіптер үзіліп, жерге қағылған қазықтар суырылып кетті. Босаған қолыммен бетімді көлегейледім. Бұлардың мені жерге қалай шаңдып байлап тастағанын енді ғана білдім. Кенет бұлқынғанның әсерінен жерге байланған шашымның түбі өте қатты ауырды. Дегенмен, шашымды байлаған жіптердің сол жақтағысы шамалы ғана босап, басымды оң жағыма бұруыма мүмкіндік болды. Адамсымақтар бет-бетімен тағы да қаша жөнелді. Олардың бірде бірін қолыма түсіре алмадым. Осы уақытта шырылдаған жіңішке дауысты шу көтерілді. Шу басыла бергенде әлдекімнің: Толъго фонак деп қатты айқайлаған даусы естілді. Сол минутта оң қолыма жүзден аса садақ оғының инедей қадалғанын сездім. Оның ізінше екінші дүркіні келіп тағы қадалды. Бұл жолы атылған оқ еуропалықтардың мортирдан атқаны сияқты жоғары қарай атылды. Жоғарыдан құйылған садақ оғы денеме бұршақша сатырлады-ау деп шамаладым. Бетімді алақаныммен қорғап үлгіргенімше, бірнеше оқ бетіме қадалды. Қадалған оқ денемді ашытып, ызамды келтірді. Байлаудан босанғым келіп қамдана бастап едім, адамсымақтар садақ оғын тағы да жаудырды. Бұл жолғы атылған оқ алғашқы екі дүркіннен анағүрлым басымырақ болып сезілді, бірсыпыралары найзаларын сұққылай бастады. Үстімде буйвол терісінен тігілген күртешем бар еді, найзалары одан өте алмады. Бұлқына берудің нәтижесіз екеніне көзім жетті. Қараңғы түскенше тырп етпей жата бергенім жөн, бір қолым байлаудан босанды ғой, түн ішінде босанып алуым қиынға соқпас деген қорытындыға келдім.. Егер де, осы жақты мекендеуші халықтардың ірілігі осы өзім көріп тұрған адамсымақтардай болып, сондайлардан құрылса, олардың саны қаншама көп болғанымен, жалғыз өзім-ақ төтеп бере алармын деген ой көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Бірақ та мәселені тағдыр өзінше шешті. Адамсымақтар менің тынышталғанымды біліп, оқ атуларын тоқтатты. Бірақ шуылдаған дауыс көбейе түсті, бұған қарағанда олардың саны да көбейген болар деп шамаладым. Осы уақытта менің оң жағымнан, дәл құлағымның түбінен тықылдаған дыбыс естіле бастады. Ол бір сағаттан астамырақ уақытқа созылды.
Мүмкіндігі болғанша басымды бұрып тықыл шыққан жаққа қарап едім, өзімнен төрт ярд жерден биіктігі бір тұтам мінбе тұрғызылыпты. Мінбеге шығу үшін жасалған екі-үш басқыш бар. Мінбенің үстінде адамсымақтардың төртеуі сыйып тұрарлық орын бар. Мінбеге шыққан төртеудің біреуі (бастығы болар деп шамаладым) маған қарап ұзақ сөз сөйледі. Бірақ та оның не айтып тұрғанын түсінбедім. Бұл арада бір ескере кететін нәрсе, әлгі мінбеге шыққан төресымақ ұзақ сөзін бастамас бұрын Лангро дегулъ сан деп үш рет айқайлады (оның не сөз екенін кейін түсіндім). Сол минөтте елу шақты адамсымақ келіп шашымды жерге қазықтаған жіптердің сол жақтағыларын қиып жіберді. Енді басымды оң жағыма бұрып, төренің сөзін тыңдап, бейнесі мен дене қимылын көруіме мүмкіндік болды. Төре орта жасты қусырған сарыгідір адам көрінеді, қасындағыларға қарағанда бойы да недәуір биіктеу екен. Менің ортан саусағымдай біреуі (төренің қызметкері болар деп шамаладым) төренің шапанының жерге сүйретілген етегін көтеріп тұрды. Қалған екеуі құрметті қарауыл ретінде оның екі жағында тұр. Ол кәдімгі шешендерше сөйледі. Оның сөйлеген сөз ыңғайынан қорқытқандық белгі, бір нәрсеге уәде еткен тәрізді, мейірбандық және аяушылық нышаны байқалды.
Мен оған жауапты өте қысқа қайырдым. Қарсылық етпей бағынғанымды сездіру ниетімен сол қолымды көтеріп күнге қарадым. Бұл ишаратым бағынғаныма күн куә болсын дегенім еді. Кешегі кеме апатының алдындағы тамақтан кейін осы уақытқа дейін нәр татпаған едім, қарнымның ашып, халімнің қашқанын білдіргім келіп, ишаратпен қолымды аузыма апардым. Гурго (олар төрені осылай атайды екен, бұл сөздердің мағынасын кейін түсіндім) менің не айтайын дегеніме түсіне қалды. Ол мінбеден түсісімен бір топ адам, бірнеше басқыш әкеліп менің қабырғама сүйеді. Қолдарында әртүрлі тамақ толтырған себеттері бар жүзге тарта адамсымақ басқышпен өрмелеп үстіме шығып, аузыма қарай шұбырды. Патша менің хабарымды естісімен маған арнап тамақ дайындатып жіберген екен. Келтірілген тамақтардың ішінде үй жануарының еттері де бар еді, бірақ қандай малдікі екенін ажырата алмадым. Мұның ішінде малдың жауырыны, қой етінің дәміне ұқсас қаракесек еттер, шошқа майы, тағы да сол сияқты кесек-кесек еттер бар еді. Кесек ет дегеніміздің үлкендігі бозторғайдың қанатындай болатын. Екі-үш тарелка етке, үлкендігі асқабақ дәніндей келетін үш бөлке нан қосып бір-ақ асадым. Тасушылар жүгіріп жүріп қызмет етті, сонымен қатар, олардың менің шабыттанып тамақ жеуіме және тұлғама таңырқағанын байқадым. Тамақты шамалы қарбытқан соң, ымдап сусын сұрадым, жеген тамағымның шамасына қарағанда, олар мені оңайлықпен қандыра алмасын сезсе керек, ең үлкен кеспектің біреуін домалатып әкеп алақаныма қойды да, түбін қағып тастады. Кеспек жарты пинта ғана шарап сиярлықтай еді, дем алмастан сіміре салдым. Шараптың дәмі бургун тәрізді, бірақ та дәмдірек, ішуге өте сүйкімді көрінді. Олар тағы да бір кеспек шарап келтірді, оны да босатып, тағы да әкеліңдер деп ымдадым, бірақ шарап жоқ болып шықты. Менің ішіп-жегеніме естері кетіп, қайран қалған адамсымақтар, енді қарық болып көңілдене бастады. Өздерінің Гекына дегуль деген сөздерін қайта-қайта дауыстап, менің кеудемде билеуге кірісті. Олар босаған екі кеспекті жерге қой деп ымдады, сонымен қатар, Бора мевола деп қатты айқайлап, төменде топырлап тұрған адамсымақтардың аулақ кетулерін ескертті. Кеспектер ауаға көтерілгенде Гекина дегулъ деп дабырласып, тағы да шуылдасты. Шынымды айтайын, кеудемде әрлі-берлі шұбырып жүрген адамсымақтардың қырқы немесе елуі болсын, әйтеуір қолыма іліккенін ұстап алып жерге ұрсам ба екен деп те ойладым. Бірақ бұлардың кектеніп, бұдан да гөрі қиын халге ұшыратуы ықтимал деген қиял басыма сап ете түсті. Оның үстіне қарсылық етпей бағынамын деген салтанатты уәдем тағы да қосылды. Екіншіден, осы кішкене ғана адамсымақтардың өзімнен ештемесін аямай, барын аузыма тосқан сый-құрметтеріне опасыздық ету адамгершілікке жатпайтын қылық деп есептедім.
Осы қиялдардың бәрі қосылып басыма келген жаман ниетті ойды айдап шықты. Бұл кішкене ғана адамсымақтардың ержүректілігіне айызым қанды. Мен оларға теңдесі жоқ ғажайып дәу болып көрінуге тиісті едім және олардың үрейлері ұшып маңыма жуып алмаулары керек еді. Сөйте тұрып керісінше, менің бір қолымның байлаусыз бос екендігі олардың ойларында да жоқ, қаннен-қаперсіз бүкіл денемді емін-еркін таптап, әрлі-берлі сыдыртып жүр. Мен тырп етпестен жата бердім.
Олар мені тамаққа әбден тойды деп ойласа керек, арада бірсыпыра уақыт өткен соң мемлекет патшасының ерекше өкілі келді. Соңынан ерген он шақты нөкері бар бұл төре оң аяғымның үстіне шығып, бетіме қарай өрмелеп жүре берді. Ол мемлекеттік мөр басылған сенім грамотаны көз алдыма әкеліп тақап, бірсыпыра сөздер сөйледі. Оның он минөт шамасындай сөйлеген сөзінен ешқандай кекті салмақтың белгісі сезілмеді. Беделді және батыл сөздер сөйлеген сияқты көрінді. Ол және сөз арасында қолын бір жаққа жиі-жиі шошайта берді. Оның айтып тұрғаны мынау екен: астаналық қалаға мені әкелсін деген мемлекеттік кеңес пен ұлы мәртебелі тақсырдың әмірі болыпты. Төренің сұрағанына бірнеше ауыз сөзбен жауап қайырдым. Бірақ, не пайда, олар менің сөздерімнің бірде-біріне түсінбеді. Содан соң мысым құрып, ымдай бастадым. Қос қолыммен байлаулы қолымды көрсеттім, одан кейін басымды және денемді көрсеттім. Менің ымдағандағы білдірейін дегенім, мені босатыңдар деген белгім еді. Ол менің ымдауымның мазмұнына жақсы түсінсе керек, болмайды дегендей белгі беріп басын шайқады да, сені тұтқын ретінде алып кетеміз деп ымдады және сізге жақсы жағдай жасалады дегендей белгі берді.
Осы уақытта бұғаудың пара-парасын шығарып үзсем бе екен деген ойға тағы да оралдым. Бірақ қолым мен бетімдегі садақ оғынан түскен жараның орны сыздап, әрі ашып ауыра берді. Оның үстіне, бірнеше оқ қадалған күйінде шошайып тұр еді және дұшпандарымның саны да ұлғая берді. Бұл жағдай пікірімді өзгертуге мәжбүр етті, амалсыздықтан, тілегендеріңді істей беріңдер деп ымдадым. Гурго менің көнгеніме ризалық білдіріп тағзым етті де, иіс көңілді пішінмен нөкерлерін ертіп жөніне кетті. Гургo кетісімен қуанышты шуыл көтерілді: пепла селян деген сөз әлсін-әлі қайталанды.
Менің шамалауымша, оқиға былай болған сияқты. Кеме апатынан кейін құрғақ жерге шығып ұйықтап жатқанымда жат жерліктер үстімнен шығады. Сол сағатта менің хабарымды айтып патшаға әдейі шапқыншы жібереді. Патша менің хабарымды естісімен мемлекеттік кеңестің мәжілісін шақырып, ұйықтап жатқан жерімде мені байлап тастауға әмір береді (тапсырма сол түнде орындалыпты). Көптеген азық-түлік жіберіпті және мені астанаға жеткізу үшін әдейі машина дайындатыпты.
Машина дегеніміз, ұзындығы жеті фут, ені төрт, биіктігі үш дюйм шамасы, жиырма екі дөңгелекті ағаштан жасалған платформа еді. Мен теңізден шығып жатқаннан соң төрт сағаттан кейін, арба дайын болып жолға шығыпты. Менің жанымдағы адамдардың манағы пепла селян деп соңғы рет шуылдасқан қуанышы осы арбаның келгенін құттықтағаны екен. Арбаны менің жаныма қатарластыра қойыпты. Бірақ та мені көтеріп арбаға салу өте қиынға соғыпты. Олар мынадай амал жасапты: ұзындығы бір футтай келетін сексен бөренені жерге қағып, оның басына блок орнатыпты. Жуандығы жіңішке кендір жіптей келетін, ең жуан әрі мықты деген арқандарымен менің денемді шандыды. Шырмауға әлденеше арқан байлапты. Арқандарды бағана басындағы блоктардан өткізіп алып, ең күшті саналған тоғыз жүз жұмысшы арқанды саумалап тарта беріпті. Осы әдістің нәтижесінде үш сағат әуреленіп мені арбаға салыпты да, мықты деген арқандармен таңып тастапты. Олардың бұл әурешіліктерінің бірін де сезбестен, манағы шарапқа қосылған дәрінің әсерімен ұйықтап қала беріппін. Мені арбамен астанаға жеткізу үшін бір мың бес жүз ат жегіпті; ол аттар биіктігі төрт дюйм шамасы келетін, патшалық ат қорадағы ең ірі таңдаулы аттар екен. Бұл уақиғаның бәрін де кейін естідім.
Meн оянғанға дейін жолда төрт сағат уақыт өтіпті. Бірақ менің оянуымның өзіне де ерекше себеп болыпты; жолда келе жатқанда арбаның бір жері бұзылып тоқтайды. Бұзылған жерін оңдап жатқанда,менің ұйықтап жатқандағы бет әлпетімді анықтап көргісі келіп, екі—үш адамсымақ ақырын ғана арбаға шығады да, менің бетіме жақындайды. Олардың ішіндегі бір гвардия офицері өзінің ұшты найзасын менің сол жақ танауыма бойлата тығып жібереді. Шөп кірген тәрізді танауым жыбырлап қатты түшкіріп жібергенімде, өз даусымнан өзім оянып кеттім. Зәресі ұшқан батырсымақтардың кетіп қалғанын сезбей де қалдым. Өзімнің оқыс оянуымның мәнісін арада үш жұма өткен соң ғана түсіндім.
Күннің қалған уақыты жолда өтті. Қараңғы түсе дамыл алуға тоқтадық. Мен жатқан арбаның екі жағында бес жүз гвардияшыдан күзет қойылды. Олардың тең жарымы қолдарына шырақ ұстап, жарық түсіріп тұрды да, қалғандары садақтарын кезеп, орнымнан көтерілуге қамдансам-ақ болды, атуға даяр тұрды. Күн көтерілісімен жолға шығып, түс мезгілінде қала қақпасына таяғанымызда, бүкіл орда адамдарын ертіп патшаның өзі алдымыздан шықты. Патша кеудеме шығып бет әлпетімді көргісі келіп еді, бірақта қасындағы жоғары шенді адамдары оның ол пікіріне үзілді-кесілді қарсы болды.
Мен жатқан арбаны ескі шіркеудің алдындағы алаңға әкеліп тоқтатты. Ол бүкіл корольдіктегі ең көлемді кең алаң екен. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы шіркеу жан түршігерлік өлім ордасы болған көрінеді. Сол күннен бастап жергілікті халық ол шіркеуге жиіркене қарап, қасиетін жоғалтыпты. Дін орыны болуға лайық емес деп, оған ешкім бармайтын болыпты. Өйткені олар аса діншіл ел екен... Ақырында, ондағы мүліктер мен безендірілген заттарды алып, әлеумет орнына айналдырыпты. Олар осы үлкен шіркеуді маған пәтерге лайықтаған екен. Шіркеудің солтүстік жағынан шығарылған үлкен есіктен үйге емін-еркін еңбектеп кіре алатын түрім бар. Есіктің екі жағынан жерден алты дюйм шамасы жоғарыдан шығарылған кішкене ғана екі терезе бар. Орда ұсталары келіп сол жақтағы терезеден тоқсан
бір шынжыр өткізіп, оның ұшын отыз алты құлыппен менің сол жақ аяғыма бекітті. Шынжырдың жуандығы мен ұзындығы еуропа әйелдерінің сағат бауындай еді. Үлкен жолдың арғы бетінде жиырма фут шамасы жерде биік адам бойынан кем келмейтін биік мұнара тұр еді. Мені анығырақ көру үшін жанына бірнеше шенеуніктерін ертіп патшаның әлгі мұнараға шыққанын түсіндірді адамсымақтардың біреуі. Өйткені маңайым толған адам, ол мұнараға көңіл бөлмеген едім. Мені көру үшін шіркеу маңына жүз мыңдаған халық жиналды. Солардың ішінен мезгіл-мезгіл басқышпен өрмелеп үстіме шыққан адамдардың саны он мыңға жеткен болар деп шамаладым. Бірақ көп ұзамай ол тәртіпсіздік тоқтады. Оған себеп, менің денеме аяғын тигізушілерге өлім жазасы берілсін деген жарлық шығыпты. Ұсталар босана алмастай етіп жұмысын бітірген соң, шырмаған арқандарды қиып жіберді. Өмірімде бұрын-соңды кездесіп көрмеген қайғылы пішінмен орнымнан тұрдым.
Менің орнымнан тұрып жүруіме таң-тамаша болған опыр-топыр, айқай-шуды суреттеп, жеріне жеткізе алатын емеспін. Мені арқандаған шынжырдың ұзындығы екі ярд еді, қысқа да болса әрлі-берлі жүруіме, үйге еңбектеп кіріп-шығуыма, аяғымды көсіліп жатуыма мол мүмкіндік берді.
Түрегеліп тұрып төңірекке көз жүгірттім. Шынын айту керек қой, бұл сияқты көз тартарлық көркем көріністі өз өмірімнің ішінде кездестірген емеспін, Айнала төңірек түп-түгел жайнап тұрған бау-бақша; олардың айналасын қоршап тастаған, қарап тұрсаң егіп қойған гүл-шешекке ұқсайды. Ол алаңдардың ара-арасын биіктігі бір сажын келетін ормандар бөліп тұр. Сол қол жақта жатқан қаланың көрінісі театр сахнасынан аумайды.
Тамаша көрініске сұқтана қарап тұрғанымда патша мұнарадан түсті де, салт атқа мініп маған қарай жүрді. Бірақ оның бұл батылдығы өзіне өте қымбатқа түсе жаздады. Аттың көзіне тау жылжып келе жатқан сияқты болып көрінсе керек, үркіп, тіп-тіке аспанға шапшыды. Патша атқа өте мықты кісі екен, жығылмады. Осы арада қызметкерлер де жетіп үлгірді. Тулап жүрген аттың тізгінінен ұстап патшаны аттан түсіріп алды, бірақ онда ешқандай абыржыған белгі сезілмеді. Ол байсалды түрмен жақынырақ келіп, таңырқаған пішінмен мені айналдыра қарады. Ол дайын тұрған аспаздары мен табақшыларына маған тамақ және ішімдік беруге әмір етті. Олар тамақ пен шарап тиелген кішігірім қол арбаларды қолым еркін жетерлік жерге сүйреп әкеліп қойды. Қол арбалардың жиырмасына тамақ, онына шарап тиелген еді. Бір арбадағы тамақ екі-үш асаудан артпады, бір арбадағы шарапты бір-ақ жұттым. Көп кешікпей табақшылар бос арбаларын сүйреп кері қайтты.
Патшаның ханымы, ұлы мен қызы және сарай әйелдері қашығырақ қойылған тақта отыр еді, ат тулағаннан соң бәрі де орындарынан тұрып патшаның жанына келді. Сарай адамдарымен салыстырғанда ұлы мәртебелі тақсырдың бойы тырнақтай биік еді. Осы болмашы ғана биіктіктің өзі бағынышты адамдарын қаймықтырып, өзіне жұрт назарын аударуға жетіп жатты. Ол өткір жүзді, ержүректі, имек тұмсықты, ерінді, сұңғақ бойлы, саусақтары сүйріктей, аққұба өңді, тұлғалы, көркем жігіт. Патша үш айы кем жиырма тоғызда екен. Ол осы өмірінің жеті жылын абыроймен бетіне жан қаратпай патшалық дәуір өткізіпті. Оны анығырақ көргім келіп қырымнан жатып едім, бетіне бетім тұспа-тұс келді.
ІІатшаның киімі қарапайым, сыпайы ғана еді. Еуропа мен Азия киім үлгілерінің аралығындағы біртүрлі үлгіде тігілген. Басында қымбат бағалы тастармен безендіріліп, құс қауырсындарын қыстырған жеңіл ғана алтын дулығасы бар. Ол шынжырды үзіп бассала ма деп менен қауіптенсе керек, қылышын ұстап қорғануға дайын тұрды. Қылыштың ұзындығы үш дюймдей, тұтқасы алтын, қынабына бриллиант тас орнатып әшекейлеп тастапты. Ұлы мәртебелі тақсырдың дауысы жіңішке болатын, бірақ ашық, әрі түсінікті еді. Оның сөздерін мен тіке тұрып-ақ ажырата алатынмын. Әйелдер мен сарай адамдары түп-түгел әдемі киініпті. Олардың отырған жері алтын, күміс зермен кестелеп тіккен көйлекті жерге төсеп тастаған тәрізді, шұбарланып көрінді. Ұлы мәртебелі тақсыр маған қайта-қайта сұраулар берді. Мен оған жауап қайырған болдым. Не пайда, біріміздің сөзімізге біріміз түсінбедік. Үстеріндегі киімдеріне қарағанда ол жиынның ішінде шырақшы молдалар мен заң кызметкерлері де бар көрінді. Мен оларға өзіме таныс тілдермен: ағылшынша, немісше, латынша, голландша, французша, испанша және итальянша сөйлеп қарадым. Амал не, менің ол әрекеттерімнен ешқандай нәтиже шықпады.
Екі сағаттан соң жиналған халық тарап жөн-жөніне кетті. Менің маңайыма жан жуытпау үшін күзетшілер қойылды. Өйткені маған жақындаған адамдардың жөнсіздік, тіпті қастық істегендері де болған. Олардың ішіндегі кейбір безгендерінің маған оқ атқан уақыттары да болды. Сол оқтардың біреуі менің сол көзіме сәл ғана тимей кеткен еді. Бірақ ол бұзақылар оп-оңай құтылып кете алмады. Полковник олардың алтауын ұстатып алып, қолдарын артына байлатты да, оларға деген жазаның. ең тиімдісі менің қолыма беру болар деп ұйғарды. Солдаттар алты бұзақыны найзаның түп жағымен түйгіштеп айдап алдыма әкелді. Мен олардың барлығын оң қолыммен уыстап алдым да, бесеуін қамзолымның қалтасына салып жібердім, алтыншысына "сені тірідей жеп қойғым келіп тұр" деген пішін көрсеттім. Ол бишара торғайдың балапанындай шырылдады. Әсіресе мен қалтамнан жалаң еткізіп бәкімді суырып алғанда, бастығы полковник болып офицерлер қатты әбігерленді. Бірақ та оларды оңай тыныштандырдым. Мен тұтқыныма күлімсіреп қарадым да, қолын артына байлаған жіпті бәкіммен қиып, ақырын ғана жерге қойдым. Ол бишара көзді ашып-жұмғанша жылт беріп тайып тұрды. Қалтамдағыларды да біртіндеп шығарып алып, қолдарындағы бұғау жіптерін қиып өз жөндеріне жібердім. Менің мейірімді қылығым солдаттарды да, тамашаға жиналған жай халықты да өте риза етті және сарай адамдарына да үлкен әсер қалдырды.
Күн кеш болып, қараңғы түсті. Мен де өз үйіме кіріп, дамыл алуға жаттым. Бірақ төсенішсіз тақыр жерге жатып ұйықтауыма тура келді. Маған лайықты төсек-орын дайындалғанша осы күйімде жатып-тұрып, екі жұмадай уақыт өткіздім. Сол уақыттың ішінде патшаның әмірімен төсек-орын да дайын болды. Ергежейлілердің орташа төсеніштерінен алты жүзін әкеліп, біріне-бірін құрастыра бастады. Жүз елуін құрағанда маған лайықты бір төсеніш шықты. Осылардың төртеуін қабаттап төсегенімде жанбасыма ешқандай жұмсақтық білінбеді. Күндегі жатып жүрген тас еден, бұрынғысынан өзгермеген сияқты. Көрпе, сейсеп және жаймалар да осы ретпен жасалған еді. Дегенмен, нашар тұрмысқа көптен үйренген адамға бұл жағдайға едәуір оңды болып қалды.
Мен туралы лақап-хабар аз уақыттың ішінде бүкіл корольдікке таралып үлгерді. Елдің байы,жарлысы қалмай астанаға ағылды. Егер де халықтың сапырылысуын тәртіпке келтірерлік шараны ұлы мәртебелі тақсыр уақытында қолданбаса, деревняда адам қалмай, оның ақыры ауыл шаруашылығы мен үй жұмысына үлкен зиян келтірер еді. Мені көруге келушілер көріп болысымен тоқтаусыз үйді-үйіне қайтатын болсын және сарайдың ерекше рұқсатынсыз менің үйіме өте жақын бармасын деп, патша ерекше жарлық шығарды. Бұл жарлықтың арқасында министрліктегі бірсыпыра шенеуніктер олжаға батты.
ІІатша мемлекеттік кеңес шақырып, менің тағдырым туралы мәселе талқылапты. Мен туралы мемлекеттік кеңес келісімге келе алмай өте абыржығанын мемлекет құпиясын жақсы білетін, өзіме дос бір сарай адамынан кейінірек естідім. Кеңес мүшелері бір жағынан мені қашып кетеді деп қауіптенсе, екінші жағынан мені асырау өте қымбатқа түседі, соның салдарынан мемлекетте ашаршылық пайда болуы мүмкін деп қауіптеніпті.
Бірсыпыралары мені аштан өлтіру керек немесе улы оқпен атып, уландырып өлтіру керек деген ұсыныстар енгізіпті. Енді біреулері өте алып дененің іріп-шіруінен астанада оба ауруы пайда болуы ықтимал, оның бүкіл корольдікке таралып кетуі мүмкін десіпті. Талас қызып жатқан кезде мәжіліс залы есігінің алдына бірнеше офицер келіпті, олардың екеуі мәжіліс залына кіруге рұқсат алып, манағы алты сотқарға менің көрсеткен кеңшілігімді баяндапты. Бұл хабар патшаға да, мемлекеттік кеңеске де үлкен әсер етіпті. Сол сағатта ұлы мәртебелі тақсыр астана маңында тұратын деревня халқы менің тамағым үшін әр күні ертемен алты өгіз, қырық қой, жетерлік мөлшерде түрлі азық-түлік пен шарап жеткізіп тұруға міндетті деп бұйрық шығарыпты. Маған жұмсалған азық-түліктің құнын кесімді баға бойынша ұлы мәртебелі тақсыр өз қазынасынан төлейтін болыпты.Бұл арада бір ескерте кететін нәрсе, ол патша өз шаруашылығының табысымен тұрады екен, ерекше жағдай кездескен уақыттарда ғана қол астындағы халықтан жәрдем сұрайды. Онысы, тек соғыс бола қалса, соғысқа баратын адамдар өз құралдарымен баруға міндеттілік. Мені азық-түлікпен қамтамасыз еткеннің үстіне, маған қызмет ету үшін алты жүз адам бөліп, оларға жеткілікті түрде жалақы төлейтін болды және менің үйімнің екі жағынан оларға лайықтап шатыр жасатты. Сондай-ақ, маған жергілікті үлгімен киім тігу үшін үш жүз тігінші бөлінсін және маған жергілікті тілді үйрету атақты алты ғалымға тапсырылсын деп те бұйрық берді. Осы бұйрықпен бірге патшаның өзіне қарасты және гвардиялық аттарды үйреткенде мені көбірек қатыстырып отырылсын деп тапсырылды. Ондағы мақсаты маған аттардың бойын ерте бастан үйретіп беру еді. Бұл бұйрықтар міндетті түрде мүлтіксіз орындалды. Ергежейлілер тілін үйрену жөнінде үш жұманың ішінде үлкен табысқа жеттім. Осы уақыттың ішінде ұлы мәртебелі тақсырдың өзі жиі-жиі келіп менің сабағыма қатысып тұрды. Біз енді өзара ұғынысатын болдық.
Менің алдымен жаттап алған сөздерім ұлы мәртебелі тақсырдан басыма бостандық сұрау еді. Бұл сөздерді ұлы мәртебелі тақсырдың алдында жүгініп отырып, күн сайын айтатын болдым. Менің түсінуімше, оның қайырған жауабының мазмұны мынадай еді: маған бостандық берілетін уақыт болады. Бірақ бұл істі мемлекеттік кеңестің келісімінсіз шешу мүмкін емес. Ол үшін ең алдымен люмоз кельмин пессо десмар лон Эпоза деп, яғни патшаның өзімен және оның патшалығымен бейбіт тату тұруға ант етуім керек. Бірақ сабыр ет, менің алдымда және қол астымдағы халық алдында мейірбанды, момын мінезбен қызмет етуің керек деп кеңес береді. Сонымен бірге, егер де арнаулы шенеуніктер жіберіп өн-бойыңызды тексертсем, кек көрмеуіңізді сұраймын деді ол. Ол менің бойымда өзімнің тұлғама сай үлкен әрі қауіпті қару сақталуы мүмкін деп ойлаған еді. Бұл мәселе жөнінде қысылмаңыз дедім де, мен оның көз алдында шешініп, барлық қалталарымды сыртына айналдырып көрсетуге әзір екенімді білдірдім. Бұл ниетімнің біршамасын білгенімше сөзбен айтып, бірсыпырасын ыммен түсіндірдім. Мемлекет заңы бойынша, деді ол, тінту жүргізу үшін ең алдымен, сіздің ризалығыңыз керек. Тінтуді екі шенеунік жүргізеді және заңның талаптарын жүзеге асыру үшін сіздің жәрдеміңіз керек. Мен сіздің кек сақтамайтын кеңпейілді адам екеніңізді жақсы білемін, сондықтан сіздің шыншылдығыңыз бен әділдігіңізге сеніп, мына екі шенеунікті сіздің қолыңызға беремін. Алынған заттар бұл елден кетеріңізде өзіңізге қайтарылып беріледі немесе өзіңіздің келісіміңіз бойынша бағасы төленеді деді. Мен екі шенеунікті жерден көтеріп, алып камзолымның қалтасына салдым. Оны тінтіп болған соң басқа қалталарымды қараттым, тек қана желеткімнің қалтасы мен жасырын қалтамды қаратпадым. Өйткені ол қалталарымда өзгеге керегі жоқ ұсақ-түйек заттар бар еді. Желеткемнің қалтасының біреуінде күміс сағат, енді біреуінде бірнеше алтын салынған әмиян бар еді. Шенеуніктер өздерімен бірге қалам, сия және қағаз ала барған болатын. Тапқан заттарының толық тізімін жасап болған соң жерге түсірілуін өтінді. Өйткені олар тапқан заттарының тізімін патшаға білдіруге міндетті еді. Кейінірек ол тізімді ағылшын тіліне аударғанымда мазмұны мынадай болып шықты:
Біріншіден. Таудай адамның (Куинбус Флестрин деген сөзді осылай аудардым) камзолының оң жақ қалтасын әбден ұқыптап ақтарғанымызда сіздің сарайыңыздың үлкен залына кілем орнына төсеуге жарарлық дөрекі тоқылған мата табылды. Камзолдың сол жақ қалтасын ақтарғанымызда күмістен жасалған үлкен сандық таптық. Оның қақпағы да сол материалдан жасалған, сандықты көтеруге шамамыз келмеді. Біздің талабымызбен Таудай адам сандықты ашқан соң ішіне біреуіміз түсіп едік, біртүрлі үгіндіге тіземізге дейін батып кеттік. Үгіндінің шаңы ауаға көтеріліп, бізді бірнеше рет қатты түшкіруге мәжбүр етті. Желетінің сол жақ қалтасынан қабаттап мықты арқанмен бұған бір тай жұқа ақ тақтайлар табылды. Тақтайдың қалыңдығы үш адамның құшағы зорға жетерлік. Тақтайдың бетіне біртүрлі қара таңбалар салынған. Біздің шамалауымызша айна қатесі жоқ, жазуға ұқсайды. Әрбір қаріптің үлкендігі біздің алақанымыздың жартысындай болады. Желетінің сол жақ қалтасынан сіздің сарайыңыз алдындағы қоршауға ұқсаған ерекше бір сайман табылды. Оның арқасына жиырма дана ұзын-ұзын сырғауылдар орнатылған, ол сайманымен Таудай Адам шашын тараса керек деп шамаладық. Бұл біздің жобалауымыз ғана, өйткені Таудай Адамға қайта-қайта сауалдар беріп мазасын алғымыз келмеді және онымен түсінісу де өте қиын болды. Оң жақ үлкен қалтасынан орта жабудың (ранфуло деген сөзді осылай аудардым, олар шалбарды жабу деп түсінді) ұзындығы кісі бойы, іші қуыс темір діңгек көрдік. Діңгек өзінен анағұрлым жуан, қатты ағашқа бекітілген. Діңгектің бір жағында адам таңырқарлық сорайған темірлер бар, бұл заттың нендей орынға жұмсалатынын біле алмадық. Сол сияқты машина сол жақ кішкене қалтасынан да табылды. Оның оң жақ кішкене қалтасынан ақтылы-қызыл металдан жасалған ірілі-уақты дөңгелек заттар табылды. Ақ дискалар, күміс болса керек, оларың кейбіреулері өте үлкен және ауыр, біреуін екеулеп әрең көтердік. Сол жақ қалтасынан түрі ыңғайсыз үлкен екі қара бағана табылды. Қалтаның түбінде тікемізден тұрғанымызда бағананың басына қолымыздың ұшы әрең жетті. Бағананың біреуі тұтас металдан жасалған, екіншісінің бір жақ басында біртүрлі дөңгелек екі ақ зат бар. Әрқайсысының үлкендігі біздің басымыздай келеді. Біз мұны қауіпті құрал болар деп шамаладық. Оның нендей орынға жұмсалатынын Таудай Адамның өзінен сұрап едік, ол екі заттың екеуін де қынынан шығарып, - біздің елде мұның біреуімен сақал қырады, екіншісімен ет кеседі, -деді. Бұдан басқа Таудай Адамның тағы да екі қалтасы бар екен, ол қалталарға кіре алмадық онысын өзі сағат қалта деп атады. Ол екі қалтаны орта жабудың жоғары жағынан шығарыпты. Орта жабудың қалта тұрған жерін қарыны тіреп тұр. Оң жақ қалтасынан салбыраған әдемі күміс шынжыры бар, оның бір ұшы қалтаның түбінде жатқан ғажайып машинаға бекітулі екен. Біз одан шынжырдың қалта ішіндегі ұшында нендей зат болса да шығаруын талап еттік. Ол, бір жақ беті күмістен, екінші беті әлденендей жылтыр металдан жасалған шарға ұқсас зат екен. Оның мөлдір бетінің айналасынан біртүрлі ғажап белгілер көрінді. Сипап қараған едік, әлгі қатты затқа бармағымыз тіреліп қалды. Таудай Адам машинаны құлағымызға тақап еді, су диірмені дөңгелегіндей үздіксіз салдырлаған дыбыс естідік. Шамалауымызша, ол біз білмейтін біртүрлі мақлұқ болса керек немесе олардың бір бас иетін сиқыры болуы ғажап емес. Біз өзіміздің соңғы пікірімізді жақтаймыз. Неге десеңіз Таудай Адамның онымен ақылдаспай істейтін ісі өте сирек болатын көрінеді. Бұл затты ол өзімнің оракулім, былайша айтқанда, абызым деп атады және бұл зат өзімнің өмірім бойы аттаған сайын уақытты көрсетіп тұрады, деді. Таудай Адам желетінің сол жақ қалтасынан үлкен тор шығарды. Тордың көлеміне қарағанда балық сүзетін ау деуге болады, бірақ әмиән сияқты ашылып-жабылмалы етіліп жасалған. Тордың ішінен сарғылт сом металл табылды. Егер де ол таза алтын болса, онда үлкен қазына болуға тиіс.
Сіздің бұйрығыңызды орындау үшін Таудай Адамның барлық қалталарын тінтіп болған соң оның белінен біртүрлі өте ірі айуанның терісінен жасалған белбеу таптық. Белбеудің сол жағына ұзындығы бес кісі бойы келетін қылыш іліпті де, оң жағына сөмке сияқты екі бөлімді үлкен қап іліпті. Бөлімнің әрқайсысына біздің азаматтардың үшеу-төртеуі сиярлық. Бір бөлімнің ішінен толып жатқан шар табылды, олардың үлкендігі біздің басымыздай келеді. Шарлар өте ауыр металдан жасалыпты, оларды көтеру үшін талай күш керек. Екінші бөліміне ұсақ қара дән толтырыпты. Дәндер оншалықты ауыр емес, біздің уысымызға дәндердің елу шақтысы сыйды.
Таудай Адамның қалталарын тінткенімізде нақтылы табылған заттардың толық тізімі осы. Тінту жүргізілген уақытта ол өзін өте әдепті ұстады және ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің әміріңізді орындаушылардың талаптарын құрметпен орындап тұрды. Ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің абыроймен патшалық дәуір сүрген сексен тоғызыншы айдың төртінші күні қол қойылып, мөр басылып бекітілді.
Клефрин Фрелок.
Марси Фрелок.
Тізім патша алдында оқылып болған соң ұлы мәртебелі тақсыр ол заттардың бірсыпырасын өзім алып беруімді сыпайылықпен өтінді. Басқа заттардан бұрын қылышымды алғысы келді. Белімдегі қылышты ағытып қынымен жерге қойдым. Сол уақытта патша үш мың таңдаулы әскерге кезеулі садақпен мені қоршап тұруға әмір етіпті. Екі көзім патшада болып, ол жағдайды сезбей қалыппын. Патша қылышты қынабынан шығаруымды тіледі. Қылыш соңғы уақытта теңіз суы тиіп там-тұмдап таттана бастағанмен, жарқырап тұр еді. Қылышты қынабынан суырып алып оңды-солды үйіріп жібергенімде күнге шағылып жалт-жұлт еткен болаттан жасқанып, солдаттардың таң қалғаны былай тұрсын, зәрелері кетіп, у-шу болды. Басқаларға қарағанда патша анағұрлым жүректі екен, оншама үрейлене қоймады. Қылышты қынабына қайтадан сал да, өзің тұрған жерден аулағырақ жерге абайлап лақтырып таста деді патша маған. Бұдан кейін ол қуыс діңгекті көрсетуімді талап етті (олар менің тапаншамды осылай атады). Тапаншамды шығарып оны қалай пайдаланудың әдісін түсіндірдім. Оны құр дәрілеп оқтап, патшаға ескерттім де жоғары қарай атып жібердім (оқшантай жақсы тығындалған еді, дәріге су өтпепті). Қылышқа қарағанда тапаншаның әсері анағүрлым басым соқты. Тарс еткен дауысынан шошып, жүздеген адам есінен танып құлап қалды. Жығылмай аяғын басып тұрғаны болмаса, патшаның өзі де есеңгіреп бірсыпыра уақытқа дейін есін жия алмады. Оқ-дәрісімен тапаншаның екеуін де патшаға өткіздім және оқ-дәріні оттан аулақ сақтауын ескерттім. Болмашы ғана от ұшқыны тисе тұтанып кетіп, патша сарайының күлін көкке ұшыруы мүмкін дедім, Патшаға сағатты да бердім, ол оған қатты қайран қалды. Екі гвардияшы Англия жүкшілерінің зембілмен кеспек тасығанындай, сағаттың шығыршығына таяқ өткізіп, иықтарына салып көтеріп кетті. Бәрінен бұрын патшаны таңырқатқан сағат механизмінің үздіксіз шықылдап соғуы мен минөттік тілінің тоқтаусыз қозғалып жүруі болды. Бізге қарағанда лиллипуттардың көзі анағұрлым өткір келеді, минөттік тілдің жылжып тұрғанын патша бірден байқапты. Машинаның нендей қызмет атқаратыны жайлы патша оқымыстыларының пікірін сұрады. Бірақ олардың ешқандай бірауызды қорытындыға келе алмағандығын оқушылардың өздері де сезетін болар. Олардың болжаулары шындықтан әлдеқайда шалғай еді. Содан кейін ішіндегі алтынымен әмиәнді өткіздім, оның ішінде тоғыз ірі, қалғандары ұсақ алтын бар еді. Күміс, бақыр ақшаларды да алып қалғаным жоқ. Пышақты, ұстара, күміс темекі сауыт, қол орамал, шаш тарақ және жазу дәптерімді де өткіздім. Қылышты, екі тапаншаны, оқ-дәрісімен оқшантайды арбаға тиеп патшаның қару-жарақ қоймасына әкетті. Басқа заттарды өзіме қайырып берді.
Тінтушілердің жасырын қалтамды таба алмағанын жоғарыда айтып өттім. Онда көзәйнегім, кішкене бақылау дүрбім, тағы басқа ұсақ-түйектер болатын. Бұл заттардың патша қызығарлық ештемесі жоқ және басқа біреудің қолына түссе сынып немесе жоғалып кетуі мүмкін деген оймен бойымда мұндай мүмкіндіктердің бар екенін білдіруді міндетті көрмедім.
Менің момақан, жайдары мінезім патшаны, сарай қауымын, армияны және бүкіл халықты иліктіріп, икемге көндіріп, көп ұзамай бостандық алатындығыма көзімді жеткізді. Халықтың өзіме ауған көңіл ауанын айнытпау ниетімен әл-шамам келгенше әр алуан әдіс-айланы қолданып бақтым. Көп ұзамай-ақ сескенуді қойып, олардың маған еті үйреніп кетті. Өзім жерге жатып бес-алты ергежейліні алақаныма отырғызып би билеткен күндерім де болды. Келе-келе тіпті, балалар да шашымның арасына кіріп, жасырынбақ ойнайтын болды. Өзім де олардың тілінде әжептәуір сөйлеп, әрі қиналмай түсінетіндей дәрежеде жаттығып алдым. Бір күні патша акробаттар ойынын көрсетіп, менің көңілімді көтерейін деген ойға келіпті. Ергежейлілер өте ыңғайлы әрі епті болады, сондықтан акробат ойынын мен көрген халықтардың ешқайсысы олардан асыра алмайды. Олардың басқа ойындарынан гөрі, әсіресе, жерден жоғарыға керілген жіңішке ақ жіптің үстінде билеулері мені қатты қайран қалдырды.
Арқан үстінде ойын көрсету ісін тек беделді-беделді қызмет бабын көздеген, немесе сарайдан мархабат күткен адамдар ғана орындайды. Бұған адамның ата-тегі ақсүйек нәсілінен шығуы, немесе көргенді тәрбие алуы шарт емес, акробат ісіне тек бала жасынан жақсы жаттықса болғаны. Қызмет істеп жүрген адамның қаза табуынан немесе патшаның қаһарына ұшырауынан қызмет орны босай қалса (мұндай жағдайлар жиі кездеседі), бес үміткер патша мен сарай қауымының алдында
арқанмен билеп, ойын көрсетуге рұқсат сұрап, патшаға өтініш береді. Сөйтіп, жығылмай ең жоғары секірген адам бос тұрған қызмет орнына ие болады. Ол ол ма, тіпті көрнекті министрлердің өзі де өнерлерінен қол үзіп, қараймағандығын патша алдында дәлелдеу үшін жиі-жиі рұқсат сұрап отырады. Мемлекеттік қазынашы Флимнап өзінің секіргіштігімен ерекше аты шыққан адам екен. Ол шерттіре керіп тасталған арқан үстінде билеуде бүкіл патшалықтағы шенеуніктерден бір дюйм асып түсіпті. Оның голланд кендіріндей нәзік жіпке бекітілген кішкене тақтаның үстінде тұрып аса қауіпті қимылдарды қатарынан әлденеше рет қайталағанын көргенім бар. Құпия істердің бас хатшысы, менің Рель-дресель досым, егер де іш тартып ықыласым ауғандықтан жаза баспасам, мемлекеттік қазынашыдан соңғы екінші орынға ие болуға тиіс. Ал қалған шенеуніктер мыш өнерде бірінен бірі қара үзіп кете қоймастай, қатарлас еді.
Сонымен бірге, патшаның өзі мен ханымы және бірінші министр ғана бас қосқан ерекше ойын-сауық өткізіліп тұрады. Сауық басталар алдында патша үстел үстіне ұзындығы алты дюймнен, көк, қызыл және жасыл түсті үш жіңішке жібек жіп қояды. Ол жіптер ұлы мәртебелі тақсырдың үздік шапқындарға сыйлық ретінде беретін ерекше белгісі екен. Салтанатты сауық патшаның тағы тұратын
сарайдың кең залында өткізіледі. Жарысқа түсуші талапкерлер өздерінің ептілік өнерлерін көрсеткенде, өткен жолғылардан ада-күде өзгеше және Ескі немесе Жаңа Дүние елдерінде көзім көргендердің бірде-біріне ешбір ұқсамайтын ерекше сынға ұшырайтындарын байқадым. Патша қолына көлденең таяқ ұстап отырады.
Таяқты жоғары немесе төмен ұстауына қарай талапкерлердің біреуі таяқтан секіріп, енді біреулері таяқтың астынан әрлі-берлі еңбектеп өтеді. Кей уақытта таяқтың бір басын патшаның өзі ұстап тұрады да, екінші басын бірінші министр ұстайды. Кейде министрдің өзі жеке ғана ұстайды. Жоғарыда айтылған жаттығуларды өте жақсы орындағандарға, әсіресе секіруден үздік шыққандарға сыйлыққа көк жіп беріледі. Қызыл жіп ептілігіне қарай екінші орын алғанға, жасыл жіп үшінші орын алғанға беріледі. Сыйлыққа алған жіптерін белбеу сияқты екі орап, белдеріне байлап жүреді. Сарайдағы ұлықтардан мұндай белгілері жоқ адамдар некен-саяқ кездеседі
Патшалық және полк ат қораларында тұратын аттарды күн сайын менің жанымнан айдап өтетін еді. Ақырында аттардың маған көзі үйреніп, менен үрікпейтін болды, тіпті аяғыма жақын келіп те жүрді. Жерге қолымды қойсам салт атты әскерлер аттарын қарымнан қарғытатын. Бір күні арғымақ атқа мінген патшаның бір аңшысы аяғымнан қарғып өтті. Сөйтіп жүріп, мен патшаның көңілін көтерудің аяқ астынан бір ерекше амалын таптым. Ұзындығы екі фут, жуандығы кәдімгі таяқтай бірнеше таяқ тауып берулерін өтіндім. Патша бас орманшыға тиісті нұсқау берілсін деп әмір етті. Келесі күні жеті орманшы сегіз аттан жегілген алты арбаға тиеп, мен сұраған таяқтарды алып келді. Төрт бұрышты шаршы етіп тоғыз таяқты жерге қақтым да, оның басына өзімнің қол орамалымды керіп байладым; сонда оның биіктігі екі, ал әрбір қабырғасы екі жарым футтан, айнала көлемі он футтық алаң болды. Орамалдың жиек-жиегін төрт таяқпен бастырып қойдым. Сонда орамал үстіндегі қоршаудың биіктігі бес дюйм шамасы болды. Дайындық жұмысын (бітірген соң, жасалған алаң үстінде жаттығу ісін орындау үшін таңдаулы жиырма төрт салт атты әскер сұрадым. Менің бұл ұсынысым патшаға да ұнамды көрінді, осы арада әскерлер де келіп жетті. Атты әскерлерді қару-жарағымен біртіндеп көтеріп алып алаңға шығардым. Олар қатарға тізіліп екіге бөлінді де, соғыс қимылына кірісті. Біріне-бірі тақап оқтар атып, жалаңаш қылыш сермеді, бір жағы қашып, бір жағы қуып, ал бір жағы шабуыл жасағанда, қарсы жағы шегінген болды. Сөйтіп, бір уақытта өзім көрген әскер ойынының ең жақсы түрін жасады олар. Орамалдың шетін бастырған таяқтар қорған болып аттардың алаңнан шығып кетпеуін қамтамасыз етті. Менің бұл ойлап тапқан ойын-сауығымның көңілге ұнағаны сонша, патша оны тіптен күн құрғатпастан әлденеше мәртебе қойғызды. Бір күні алаңға патшаның өзі шығып қимыл-қозғалыс әмірлерін берді. Алаңдағы көріністерді анығырақ қадағалау үшін таққа отырғызып, жоғары көтеріп тұруыма патша ханымын әрең көндірді. Менің бақытыма, ол жаттығулар қауіп-қатерден аман өтті. Тек қана бір офицердің ұрыншақ атының тұяғы орамалды тесіп өтіп, ат омақаса құлағанда, үстіндегі офицер ұшып кетті. Жалма-жан мен де оған жәрдем еттім. Орамалдың тесігін бір қолыммен басып тұрып, екінші қолыммен алаңдағы атты әскерлерді біртіндеп жерге түсірдім. Аттың сол жақ алдыңғы аяғы мертікті, офицер ешқандай зақымданбады. Орамалдың тесігін жақсылап жамасам да, содан кейін орамал үстінде ол сияқты қорқынышты жаттығулар өткізбейтін болдым, өйткені орамалға сене алмадым.
Бостандық алуымнан екі-үш күн бұрын ойдан шығарған әртүрлі ойын-сауықтар көрсетіп патша мен сарай адамдарының көңілін көтеріп жүр едім, деревня адамдары Таудай Адамның алғашқы табылған жерінен орасан үлкен, ортасында биіктігі кісі бойы томпағы бар, етек-етегі енді жөне өте жалпақ, көлемі патшаның жатақ бөлмесіндей бір ғажайып қара зат көрдік деп патшаға шапқыншылар арқылы хабар жеткізді. Ол затты көрген адамдар біз білмейтін біртүрлі жануар болар деп алғашқыда үрейлері ұшып, тек оны бірнеше рет айналып қарап, қимылдамай жатқан жансыз зат екенін білген соң ғана тынышталыпты. Олар бірінің иығына бірі асылып, жұмбақ заттың үстіне шығыпты, заттың үсті тегіс екен. Аяқтарымен басып қарап, ішінің қуыс екенін анықтапты. Хабаршылар сөздерін қорыта келіп, ол зат Таудай Адамдікі болса керек деген пікірлерін айтыпты. Егер де ұлы мәртебелі тақсыр керек қылса, ол затты астанаға жеткізу үшін болғаны бес аттың күші керек депті. Мен әңгіменің төркініне түсініп, қатты қуандым. Шамасы, корабль апатынан кейін құрғақ жерге шығып не істерімді білмей қайғырып, ренжіп жүргенімде, басымнан қалпағымды жел ұшырып кеткенін сезбей қалсам керек. Қайықта отырғанымда қалпақтың бауын иегімнің астынан тартып байлап едім, қайық аударылғаннан кейін толқынмен алысып жүріп құлағыма түсіре киген болатынмын. Сол жерде бауы шешіліп түсіп қалған қалпақты теңізде жоғалды деп ойлаппын. Ол заттың не екенін патшаға түсіндіре келіп, алдырып беруін өтіндім. Келесі күні қалпақ астанаға жеткізілді. Қалпаққа барған адамдар көп ойланып тұрмапты. Қалпақтың қырпуын екі жерден тесіпті де, жіп өткізіп алып ат жегіп сүйретіпті. Ол жақтың жері жазық және тегіс болғандықтан қалпақ онша бүлінбепті.
Осы уақиғадан соң екі күннен кейін таң қаларлық тамаша көрініс ұйымдастыруға патшаның көңілі ауыпты. Астанадағы және астана маңындағы барлық әскер жорыққа дайын болсын деген патшаның әмірі болды. Ол менің Колосса Родос кейіпімен екі аяғымды алшақ басып тұруымды қалады. Бұдан кейін әскерін сапқа тұрғызып, тобын жазбастан, туды жоғары ұстап, найзаларын көтерген қалпы, салтанатты марш күйін ойната отырып, менің екі аяғымның арасынан өткіз деп бас қолбасыға тапсырды (бас қолбасы көпті көрген тәжірибелі адам еді және ол менің қорғаушым болатын). Сапқа тұрған жаяу әскердің әрбір қатары жиырма төрт солдаттан, атты әскердің қатары он алты солдаттан болсын деп бұйрық берді. Бүкіл жасақ үш мың жаяу әскерден және бір мың атты әскерден құралған еді. Салтанатты жүріс үстінде солдаттар тәртіпті болсын, тәртіп бұзушыларға өлім жазасы берілсін деген қатаң жарлық шығарды. Бірақ, менің екі аяғымның арасынан өтіп бара жатып, бірсыпыра жас офицерлер көздерін жоғары аударып, маған қарамай өте алмады. Шынын айту керек қой, сол кезде менің шалбарымның сиқы өте нашар еді, сондықтан да бұл жағдай солдаттардың бірсыпыраларының күліп, қайран қалуына себепші болды. Бұған дейін басыма ерік сұрап әлденеше рет патшаға өтініш беріп, баяндама хаттар да жазған болатынмын. Ақырында, патша бұл мәселені өз кабинетінде қарап, одан кейін мемлекеттік кеңестің мәжілісіне салды. Мәжілісте Скайреш Болголамнан басқа кеңес мүшелері тегісінен мені жақтапты. Неге екенін білмеймін, осы Скайреш маған өшікті де жүрді. Болголамның қарсы болғанына қарамастан көпшілік дауыспен мәселе менің пайдама шешіліпті. Болголам галъбет (король флотының адмиралы) қызметін атқарады, оны патша да жақсы көретін еді. Ол өз жұмысына өте берік, бір сөзді әрі өткір адам болатын. Мені босату жөніндегі қаулыға амалсыздан көніпті. Бірақ шарттың негізін сол жасайтын болды. Болголам екі хатшысы мен бірнеше белгілі адамдарын ертіп, жасалған шарттың негізін өзі әкеліп оқыды. Шартта көрсетілген міндеттемелерді бұзбауым үшін салтанатты түрде ант беруім керек болды. Анттың ырымы алдымен біздің дәстүрше, одан кейін жергілікті халықтың заңымен белгіленген тәртіп бойынша жасалды Ант берудің тәртібі мына түрде жүргізілді: сол қолыммен аяғымды ұстап, оң қолымның ортан саусағын төбеме қойып, басбармағымды оң құлағымның ұшына тигізуім керек болды. Бостандық алуым үшін нендей міндеттемелер алғаным туралы құжат төмендегідей:
«Гольбасто момарен эвлем гердайло шефин молли олли ғой, Лиллипутияның құдіретті патшасы, жер шарының шетіне жететін көлемі бес мың блестрег (айналасы он екі миль шамасы) жерге қожалық етеді. Ол аяғымен жер кіндігін басса, төбесі күнге тірелетін адам баласының асқан ұлысы, патшалардың патшасы, оның бір қарауының өзі жер бетіндегі патшаларды тітіретеді. Сүйкімділігі көктемдей, қайырымдылығы жаздай, молшылығы күздей, қаттылығы қыстай. Біздің ұлы мәртебелі патшамыз жерімізге жаңадан келген Таудай Адамға төмендегі шарттарды ұсынуға кеңшілік етті. Таудай Адам бұл шартты Салтанатты түрде ант етіп қабылдаумен қатар, құрметтеп орындауға міндетті.
Бірінші, біздің үлкен мөріміз басылған рұқсат қағазымызсыз Таудай Адамның біздің мемлекеттен кетуге хақысы жоқ.
Екінші, ол біздің ерекше рұқсатымызсыз аяғын аттап баспайды, рұқсат етілген күнде де тұрғын халықтың үйді-үйіне кіріп, бой тасалауы үшін екі сағат алдын ала елге ескертілетін болсын.
Үшінші, жоғарыда аты аталған Таудай Адам серуендеген кезде, тек қана үлкен жолмен жүруге міндетті. Оның өсіп тұрған шөпке жатуына немесе басқа алаңдарда жүруіне тыйым салынады.
Төртінші, ол көрсетілген жолдармен серуендеп жүрген уақытта, біздің сүйікті халқымыздың бірер адамын немесе ат арбаларын басып кетпеуі үшін аяғының астына қарап жүруге міндетті және адамдардың өз ризалығынсыз ешкімді қолына алмауы керек.
Бесінші, егер де шапқыншылар жіберетін асығыс жағдай болса, шапқыншыны ат көлігімен қалтасына салып, алыстағы алты күндік қалаға тезінен жеткізуді Таудай Адам өз міндетіне алады және ол шапқыншыны (керек болса) біздің ұлы мәртебелі тақсырымызға жеткізіп салуы керек. Бұл сияқты асығыс жұмыс ең жиі дегенде айына бір реттен аспауы шарт.
Алтыншы, ол Блефуску аралындағы біздің дұшпанымызға қарсы соғыста бізбенен одақтас болуға міндетті. Олардың бізге қарсы шабуыл жасау ниетімен дайындап жатқан флоттарын жоюға күш салуы керек.
Жетінші, үлкен парктің қабырғасын және басқа құрылыстар салу кезінде Таудай Адам ауыр тастарды көтеріп әкеліп, қолы бос уақытында біздің жұмысшыларға жәрдемдесуге міндетті.
Сегізінші, осы аталған Таудай Адам теңіз жағалауын аралап бізге қарасты жердің көлемін адымдап өлшеп, екі айдың ішінде толық мәліметін беруге міндетті.
Аты аталған Таудай Адам жоғарыда көрсетілген шарттарды мүлтіксіз орындауға міндетті. Сөйткен жағдайда Таудай Адам күн сайын біздің 1728 адамға жететіндей азық алып тұрады. Оның үстіне, біздің даңқты адамымызбен жүздесіп әңгімелесуге рұқсат етіледі. Осы шарт біздің патшалық дәуір сүруіміздің тоқсан бірінші айының он екісі күні Бельфаборактағы сарайымызда берілді».
Шарттың кейбір тармақтары қалағанымдай онша қадірлі болмаса да, қатты риза болып, қуана-қуана ант бердім. Бұл шарттағы міндеттердің бәрі де бас адмирал Скайреш Болголамның қастық болған іс деп шамаладым. Ант бергеннен кейін аяғымнан шынжыр шешіліп, мүлде азат адамдар қатарына қосылдым. Мені босату жөніндегі салтанатқа патшаның өзі қатынасты. Алғыс ишараты ретінде патшаның аяғына жығылдым. Бірақ ол маған тұрыңыз деп әмір етті және бірсыпыра жылы сөздер айтқаннан кейін, ол сөздерді өз абыройына ар көргендіктен қайталамаймын, - ол өзінің маған істеген жақсылығын толық ақтайды деп сенетінін және келешекте де жақсылық етуге дайын екенін білдірді.
Менің білгім келгені шарттың соңғы тармағындағы 1728 ергежейлінің бір күн ішіп-жеуіне еркін жетерліктей азықты күн сайын беріп тұруға байланысты цифрды қай жолмен есептеп тапқаны еді. Арада біраз уақыт өткен соң сарай қызметіндегі өзімнің бір дос-жар адамымнан осы жайында сұрадым. Ол адам патшаның қол астындағы есеп ғылымының мамандары шаршы мөлшердің шамасымен менің бойымның биіктігі он екі ергежейлі бойымен тең екенін, ал денемнің 1728 ергежейлі денесіне пара-пар екенін біліпті. Есептей келгенде 1728 ергежейлі бір күнде қанша тамақ ішетін болса, маған да сонша азық-түлік керек екенін анықтапты. Бұған да ергежейлілердің зеректігі білінсе, екінші жағынан олардың патшасының данышпандықпен жасаған есебі аңғарылады.
Бұғаудан босанып алған соң патшаға бірінші қойған тілегім мемлекет астанасы Мильдено қаласын аралап көру болды. Патша менің өтінішімді қабыл алып, рұқсат етті. Бірақ тұрғын халыққа және оларың қора-жайларына зиян келтірмеуіме уәде алды. Менің қалаға кіретіндігім ерекше жаршылар арқылы қала халқына құлақтандырылды. Қаланың айналасы биік қорғанмен қоршалған. Қорғанның бұрыш-бұрышына мұнаралар тұрғызылған. Батыс жақтағы үлкен қақпадан аттап өтіп үлкен көшеге түсіп, жайлап қана бір қырындап ілгері жүрдім. Үйлердің шатыры мен ернеулерін етегім іліп қиратып кетер деген қауіппен шапанымды шешіп тастап, желетшең шыққан болатынмын. Жоғарғы қабаттарының терезелерінен қараған, үйлердің шатырына тұрған халықтың есебі жоқ. Бұл сияқты халқы көп қаланы бұдан бұрынғы аралаған жерлерімде кездестірген емеспін. Қала төрт бұрышты, шаршы етіп салынған. Қорғанның әрбір қабырғасының ұзындығы бес жүз футтан келеді. Қалада кеңдігі бес футтан келетін, бірін-бірі тікелей етіп, қаланы төрт кварталға бөліп тұратын екі үлкен көше бар. Басқа жанама көшелерге сыйып жүре алмадым, бұл көшелерді төбеден қарап байқағанымда, ені он екі дюймнен он сегіз дюймге шейін болар деп шамаладым. Қалаға бес жүз мыңға таяу халық
сиярлық үйлері үш қабат, бес қабат етіп салынған. Базарға жұрт лық толы, дүкендер әртүрлі затқа сіресіп тұр.
Патша сарайы қаланың қақ ортасына, екі үлкен көшенің түйіскен тұсына салыныпты. Сарайды айнала соғылған қорған бар. Ұлы мәртебелі тақсырдан рұқсат алып, қорғаннан аттап ішке кірдім, сарай қорғаннан жиырма фут қашықта екен. Бұл жағдай айнала жүріп сарайды көруіме мүмкіндік берді. Сарайдың өзі шаршылап салыныпты. Оның ішінде патшаның өзі мен жанұясы тұратын тағы да екі сарай бар екен. Бұл сарайды көруге көңілім соншалықты ауып еді, бірақ ол ойым іске аспады. Өйткені бірінші сарай мен екінші сарайдың арасындағы үлкен қақпаның биіктігі он сегіз де, ені жеті-ақ дюйм екен. Сыртқы сарайды тастан қиып салыпты. Дегенмен, құрылысқа зиян тигізбей сарайдан аттап ішке түсе алмайтын болдым. Өзінің салтанатты сарайын маған көрсетуге патша да құштар болып еді, бірақ екеуміздің тілегіміз үш күннен кейін, тек менің жүргізген дайындық жұмысым аяқталған соң ғана орындалатын болды. Қаладан жүз ярд жерде патша бағы бар еді, сонда барып ең ірі деген ағаштардың бірнешеуін бәкіммен кесіп алдым да, өзімді көтерерліктей нық екі орындық жасадым. Менің қалаға кіретіндігім екінші рет халыққа құлақтандырылғаннан кейін екі орындығымды көтеріп сарайға келдім. Сарайдың сыртқы жағынан келіп орындықтың біреуін жерге қойып үстіне шықтым. Екі сарайдың арасы сегіз фут келетін алаң екен, бұл жерге орындықтың екіншісін қойдым.
Содан кейін сарайдан аттап ішке қойған орындыққа шықтым да, сыртта қалған орындықты басына ырғақ қадаған ұзын таяқпен іліп алдым. Сөйтіп, осындай айламен ішкі сарайға жеттім. Онда барған соң жерге қырымнан жатып сарайдың орта қабатындағы әдейі ашып қойған терезеге бетімді тақадым. Сөйтіп, көркем сарайдың ішкі сән-салтанатын көруге мүмкіндік алдым. Онда жанында жағалай қоршаған нөкерлері бар, патшаның ханымы, ханшасы және ханзадасы отыр екен. Ханым елжірей қарап езу тартты да, терезеден маған сүйріктей қолын созды, мен оны сүйіп алдым.
Бостандық алғаннан кейін екі жұма уақыт өткен соң, бір күні таңертең менің үйіме жанына бір қызметшісін ертіп құпия істің бас хатшысы Рельдресель келді. Ол атқосшысына күте түр деді де, менің жаныма келіп, уақыт бөліп сөз тыңдауымды өтінді. Мен оның ұсынысын өте ризалықпен қарсы алдым. Өйткені мен оның игі жақсы адам екеніне және сарайда өзім туралы мәселе қаралғанда мені жақтап сөз сөйлегеніне қанық едім. Оның сөздерін анығырақ есту үшін жатып тыңдайын деп едім, ол әңгімесін менің алақанымда тұрып айтқысы келді. Сіздің бостандыққа шығуыңызбен құттықтаймын, деп бастады ол әңгімесін. Бұл жөнінде оның да бірсыпыра еңбек сіңіргені көрініп тұрды. Шынын айту керек қой, деді ол, біздің мемлекет ісінің қазіргі кезеңдегі жағдайы арқасында ғана сіз оп-оңай бостандық алдыңыз. Біздің елдің жалпы жағдайы шетел адамдарына қанша тамаша көрінгенімен мемлекет жүйесінде аса қауіпті екі алуан жара бар: оның біреуі — партия ішіндегі алауыздық талас, екіншісі - күш-қуаты мол сыртқы дұшпанның біздің мемлекетке шабуыл жасау қаупі. Сізге бірінші жараның жайын түсіндірейін: шамасы бұдан жетпіс ай бұрын осы мемлекетте тремексен және слемексен деп аталған біріне-бірі қас екі партия пайда болыпты. Екі партияның бірінен-бірінің айырмасы, тремексен партиясындағылардың өкшесі биік болады да, слемексен партиясындағылардың өкшесі аласа болады. Биік өкшелілер біздің мемлекетіміздің ертедегі құрылысына бейімірек дегенді айтады көпшілік. Ал біздің ұлы мәртебелі тақсыр, тәж иесі белгілеген қызмет атқарушы адамдар мен бүкіл әкімшілік аласа өкшелілер қолында болуы керек деп ұйғарады. Бұл жағдайды өзіңіз де сезген боларсыз. Сарай адамдарының өкшелеріне қарағанда ұлы мәртебелі тақсырдың өкшесі бір дрерр (дрерр дюймнің он төрт бөлімінің бірі) аласа екенін де байқаған шығарсыз. Ол екі партияның біріне-бірінің өштескендігі сонша, бір партияның мүшесі екінші партияның мүшесімен бірге отырып ас ішпейтін болған, тіпті сөйлеспейтін халге жеткен. Тремексендер, яғни биік өкшелілері сан жағына келгенде бізден басымырақ, бірақ мемлекетті басқарушы үкімет түп-түгел біздің қолымызда. Ал енді осы күнгі патшамыздың мұрагері — ханзада биік өкшелілер жағына бейім бе деп қауіптенеміз. Оны дәлелдеу оншалықты қиын емес, оның бір өкшесі екінші өкшесінен биіктеу, соның салдарынан ол аяғын сылтып басады. Міне, осы ішкі араздықтың салдарынан әлемге әйгілі біздің ұлы мемлекетімізге көршілес аралдағы Блефуску патшалығының шабуыл жасау қаупі төніп түр. Сіз, дүниеде әлденеше мемлекет бар, онда өзіңіз сияқты алып адамдар өмір сүреді дейсіз, бірақ сіздің бұл сөзіңізге біздің философтарымыз сеніңкіремейді. Сізді айдан емес, жұлдыздардың біреуінен түсті десе, олар оп-оңай-ақ сене қояр еді. Сіз сияқты алып денелі адамдардың бір жүзі біздің мемлекеттің бүкіл малы мен өсімдіктерін аз уақыттың ішінде жылан жалағандай жалмап қоятыны сөзсіз.
Бізде тарихи уақиғалар жазылатын шежіре бар. Онда өткен алты мың айдың ішінде болған уақиғалар жазылған. Бірақ осы екі ұлы мемлекеттен басқа (Лиллипутия мен Блефуску) ешқандай мемлекет бар деген жазу жоқ. Сөйтіп, осы екі қуатты мемлекеттің арасында қиян-кескі соғыстың басталғанына отыз алты ай болды. Бұл соғыстың басталуына мынадай себеп болыпты: піскен жұмыртқаны домалақ басынан жарып жеу атамзаманнан келе жатқан әдіс. Бұл әдісті жұрттың бәрі жақтайды. Осы күнгі патшаның әкесі жас күнінде піскен жұмыртқаны домалақ басынан жарғанында, жұмыртқаның қабығы баланың бармағын кесіп жаралап кетіпті. Баланың әкесі патша, менің қарауымдағы адамдар бұдан былай піскен жұмыртқаны сүйір басынан жаратын болсын, бұл әмірді бұзушылар қатаң жазаға тартылсын, деп жарлық шығарыпты. Біздің шежіреміздегі жазуға қарағанда ол жарлық халықты әбден ашындырған көрінеді. Ызаланған халық алты рет көтеріліс жасапты. Осы уақыттың ішінде бір патшаның басы жойылып, бір патша тәжінен айрылыпты. Блефуску патшалары көтерілісті ұдайы ушықтырып отырыпты. Көтеріліс басылған соң қуғынға ұшыраған көтеріліс басшылары Блефуску патшалығына барып паналапты. Сол уақыттан бері жұмыртқаның сүйір басынан жарып жесін деген жарлыққа бағынбай, өлім жазасына іліккендердің саны он бір мыңға жетіпті. Бұл мәселе жөнінде жүздеген томдар жазылды, бірақ домалақ бас қағидасын жақтап басылған кітаптардың таралуына тыйым салынғалы көп уақыт болды, бүкіл партияның мемлекеттік қызметтен орын алу хақынан заң бойынша айрылды.
Осы бүліншілік басталғаннан бері Блефуску патшалары өзінің елшілері арқылы бізге жиі-жиі ескертулер жолдап тұрды. Олар біздің шіркеуді бытыратты. Бундекральдың (олардың Алькораны) елу төртінші тарауында жазылған біздің пайғамбарымыз Люстрогтың негізгі парызын бұзды деп айыптады. Бұл арада негізгі парызды әркімнің әртүрлі түсінгендігін көреміз, онда былай деп жазылған: Дінге шын ықласымен сенуші барлық адамдар жұмыртқаның қай басы өзіне қолайлы болса, сол басынан жарады. Менің пікірімше, жұмыртқаны қай басынан жаруды әркімнің өз билігіне беру керек, я болмаса мемлекеттік жоғарғы соттың шешуіне берсе де болар еді. Қуғынға ұшыраған домалақ бастар Блефуску патшасының сарайына ықпалын жүргізді және біздің мемлекеттегі домалақ бастар өздерінің пікірлестерін қолдап, дәріптеп отырды. Осының нәтижесінде екі мемлекеттің арасындағы қанды қырғын соғыс отыз алты айға созылып, кезек жығысумен келеміз. Осы уақыттың ішінде біздер қырық соғыс кемесі, әлденеше ұсақ кеме және отыз мыңдай таңдаулы теңізшілеріміз бен солдаттарымыздан айрылдық. Ал дұшпанның шығыны одан да басым деп шамалаймыз. Бірақ олар сонша көп шығынға қарамастан, қазірде жаңадан флот құрып, біздің жерге десант түсіруге дайындалып жатыр. Біздің ұлы мәртебелі патшамыз сіздің ерлігіңіз бен күшіңізге сенгендіктен, сізге өз мемлекетінің ішкі және сыртқы жағдайын түсіндіруді маған тапсырған себебі осы.
Ұлы мәртебелі тақсырға сәлем айтыңыз, дедім мен хатшыға. Шетел адамы болғандықтан жергілікті партиялардың жанжалына қатысуымның жөні жоқ еді, бірақ ұлы мәртебелі тақсырды және оның мемлекетін сырттан келген шапқыншылықтың қандайынан болса да жан аямай қорғауға дайынмын. Oсы жайды ұлы мәртебелі тақсырға жеткізуіңізді өтінем.
Блефуску патшалығы Лиллипутияның солтүстік-шығыс жағындағы аралға орналасқан. Екі мемлекеттің арасын аумағы сегіз жүз ярд бұғаз бөліп тұрады. Ол аралды мен әлі көрмеген едім. Дұшпанның істеп жатқан әрекеттерін естіген соң жау кемелерінің көзіне түспеу үшін, теңіздің жау жақ жағасына көрінбеуге тырыстым. Өйткені менің лиллипуттар арасына келгендігімнен блефускуандықтар хабарсыз болатын. Соғыс жарияланған күннен бастап, екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас пышақ кескендей үзіліп, қатынасушылар өлім жазасына ілінетін болған. Оның үстіне, біздің патша бүкіл кемелердің Лиллипутия гаванынан шығуына тыйым салыпты. Барлаушылар блефуску флотының қай күні жел ықтан соқса, сол күні зәкір көтеруге дайын тұрғанын хабарлады. Блефуску флотын басып алуға жасаған хабарымды патшаға мәлімдедім де, осы ойымды орындауға кірістім. Ең алдымен нағыз тәжірибелі деген теңізшілерден бұғаздың тереңдігін сұрадым. Олар су тасығанның өзінде бұғаздың орта жерінің тереңдігі жеті глюмглеффтен (Еуропа футымен алты фут шамасы) аспайтынын, басқа тұстары бес глюмглефф келетінін айтты. Одан соң бұғаздың солтүстік-шығыс жақ жағалауына Блефуску аралы көрінерлік шамаға барып бір төбешіктің тасасына жаттым да, дүрбімді жаудың тұрған флотына туралап едім, елу соғыс кемесі мен толып жатқан жүк кемелері көрінді. Үйге қайтып, бірнеше жуан арқан және жеткілікті мөлшерде жуан сым темірлер таптырып алдым. Олардың ең жуан деп әкелген арқандары біздің кендір жіптей, ең жуан сым темірлері Еуропа әйелдерінің шұлық тоқитын инесіндей еді. Арқандарды үш-үштен қабаттап естім.
Сым темірлерді де үш-үштен қабаттап бұрап, бастарын қармақ сияқты етіп иіп, елу арқанның ұшына елу қармақ байладым да, арқалап алып солтүстік-шығыс жағалауға қайта келдім. Башмағым мен шұлғауымды және шекпенімді тастап, былғары тужуркаммен, теңіз тасуынан жарты сағат бұрын, арқандарымды арқалап суға түстім. Жалдап жүріп бірсыпыра жерге барған соң су тереңдей берді. Бара-бара малтуға тура келді, отыз ярд шамасы малтып, тағы да жалдап жүріп кеттім. Сөйтіп, жарты сағатқа жетпей-ақ жау флотына жеттім. Флоттағы (жау әскерлері мені көрген соң естері шығып суға тырбындай секіріп, жағаға қарай малти жөнелді. Олардың жағалауда отыз мыңға тарта әскерлері тұр екен. Осы арада мен арқанға байлаған ырғақтарды кемелердің тұмсығынан іліп алып, барлық арқанның ұшын бір жерге қосып түйдім. Мен осы жұмыстарды істеп жүргенімде жағада тұрған жау әскерлері маған қарай садақ оғын бората берді. Оқтың көбі қолым мен бетіме қадалып, денемнің шаншып ауырғаны бірсыпыра жұмысыма кедергі жасады. Мен көбінесе көзімнен қорықтым, егер де сол сағатта қорғанудың шарасы есіме түспегенде көзімнен айрылуым ғажап емес еді. Тінту жүргізілген уақытта жасырып қалдырған өзіме керекті ұсақ-түйектің арасында көзәйнегім де бар еді, ол қалтаны патша тыңшыларынан жасырып қалғандығымды, жоғарыда айтып өттім. Көзәйнегімді киіп желкемнен тартып байладым да, жауып тұрған садақ оғына қарамастан, өз жұмысымды істей бердім. Садақ оғы көзәйнектің әйнегіне тигенімен, зақым ете алмады. Арқанның ұшындағы ырғақтарды кемелерге тегіс іліп алып болған соң, барлық арқандарды қосып түйген түйіннен ұстап тартып едім, кемелердің бірде-бірі орнынан қозғалмады, оларды зәкір жіберетін емес.
Енді жұмыстың өте қауіпті түрін атқаруым керек болды. Арқанды тастай беріп, зәкір байлаған арқандарды пышақпен қия бастадым. Осы арада менің қолым мен бетіме небәрі екі жүзден астам оқ қадалды. Зәкір арқандарын қиып болған соң, ырғақ байлаған арқандарды түйіннен ұстап кемелерді жайлап сүйрей жөнелдім. Мен әкеткен елу кеме олардың соғыс кемелерінің ең ірісі еді.
Менің не істегелі жүргенімнен алғашқыда титтей хабары болмаған блефускуандықтар, қарсылық көрсете алмай қатты абыржыған еді. Олар менің зәкір арқандарын қиып жүргенімді жел мен толқынның ырқына жібергелі жүр немесе бірін-біріне соғып қиратады екен деп ойлаған еді. Әңгіме өздерінің шамалауынша болмай, өзгеше болғанын, бүкіл флоттың менің соңымнан ілесіп бара жатқанын көріп, у-шу болды.
Олардың оғы жетпестей жерге барып, бетім мен қолыма қадалған жебелерді суырып тастап, жарасына май жақтым, көзәйнегімді алып қалтама салдым. ( ол жерде тасқынның қайтуын күтіп бір сағаттай аялдауыма тура келді. Су қайтысымен кемелерді сүйреп, жалдаған бетімде бұғаздың орта шенінен астым да, аман-есен Лиллипутияның мемлекеттік портына жеттім.
ІІатшаның өзі және бүкіл сарай қауымы болып жиын құрып, осы ұлы жорықтың нәтижесін күтіп теңіз жағасында тұр екен. Олар алдымен жаңа туған ай сияқтанып иіліп келе жатқан кемелерді көріпті. Ол уақытта су қолтығымнан келгендіктен мен көрінбеппін. Мен бұғаздың орта шеніне жеткенде, олардың қорқынышы ұлғая түсіпті. Ол уақытта су менің тамағымнан келген еді. Патша мені суға батып өліп, жау шабуыл жасағалы келе жатыр екен деп үрейленіпті. Бірақ оның қорқынышы көп кешікпей
бекергe шығыпты. Мен ілгері аттаған сайын су таяздап, бірден-бірге денем көріне беріпті. Ақыр аяғы дауыс жетерлік жерге келдім. Сол мезетте, қолымдағы кемелерді қосақтаған арқанның түйінін жоғары көтеріп: Лиллипутияның құдіретті патшасы жасасын, деп айқайладым. Мен жағаға шыққан соң ұлы патша алуан түрлі мақтау сөздерді жаңбырша жаудырып, сол жерде-ақ мемлекеттегі ең жоғары нардак деген атақ берді.
Патшалардың атаққұмарларында нысап болған ба? Дұшпанның гаванында қалған теңіз күштерін де жиып-теріп өз гаванына алдырғысы келді. Шамасы, оның ендігі арман ететін нәрсесі — бүкіл Блефуску 111 шалығын жаулап алып, өзінің отарына айналдыру. Ол елді өзінің вице-королі арқылы басқарып, өз әмірін жүргізу және ондағы қашып жүрген домалақ бастарды қырғынға ұшыратып, бүкіл блефускуандықтарды жұмыртқаның сүйір басынан жаруға мәжбүр ету. Сөйтіп, бүкіл әлемге әмірін жүргізу болса керек. Мен патшаны бұл ниеттен қалай да айнытуға тырыстым. Оның бүл ниетінің саяси жағынан да, әділеттік жағынан да дұрыстыққа жатпайтын ниет екендігіне толып жатқан мысалдар келтірдім. Сөзімді қорыта келіп, еркін өмір сүрген әр халықты құлдыққа айналдыратын құрал болуға аяғымды аттап баспайтындығымды айттым. Бұл мәселе мемлекеттік кеңес мәжілісінде қаралған уақытта, нағыз данышпан министрлер мен жаққа шығыпты.
Менің ашық айтқан батыл сөздерім патшаның саяси жоспарына қайшы келгендігі сонша, қайтып оның маған көңілі жібуден қалған еді. Анық ақылды деген адамдар өздерінің менімен ниеттес екендігін ашып айтпаса да, астыртын сездіріп, ал қайсыбір жасырын жауларымның жанамалап, іштен шалған
сөздерден іркілмеген осынау кеңес үстінде патшаға өз ойларын асқан айлакерлікпен, ерінің емеурінімен танытыпты. Бұл әңгіменің бәрін мен кейінірек естідім. Сол уақыттан бастап, патшаның өзі де, пышағын іштен буынып жүрген министрлер де маған дұшпандық әрекеттерін үдете бастады. Соның әлегінен арада екі ай мезгіл өтпей жатып, мерт болудан аз-ақ аман қалдым. Сөйтіп, егер де таразы табағының бір басына патшалардың баққұмар ындынын әлпештеуден бастартқан байлауыңды қойып, екінші басына оларға істеген қыруар еңбегіңді сыналап салғанмен, таразыны ауытқытуға дәрменің келмейді екен.
Жоғарыда айтылған ұлы жеңістен кейін арада үш апта уақыт өткен соң бітім сұрап, Блефуску патшасының салтанатты елшілері келді. Кешікпей-ақ біздің патшаға өте тиімді бітім шартына қол қойылды. Елшілік, қасына еріп келген бес жүздей нөкері бар, алты адамнан құралған еді. Елшіліктің сән-салтанаты патшалыққа лайық және шешілетін мәселенің маңызына сәйкес екендігі көрініп тұрды. Екі арада басталған келіссөз аяқталуға жақындады, сол уақытта өзімнің сарайда жүрген ықпалымның арқасында бітім шарты жөнінде елшілікке бірсыпыра пайдам тиді? Олар менің ерлігім мен адал-ниетті адам екенімді айтып, өз патшасының атынан мені қонаққа шақырды.
Елшіліктің тілегін қанағаттандырып, өз отаныма қайтардың алдында Блефуску патшалығына барып, ұлы мәртебелі тақсырмен сәлемдесіп қайтуға уәде еттім, осы сөзімді патшаға айнытпай жеткізулерін өтіндім.
Мен Блефуску патшасына жүруге дайындалып жатыр едім, күн батып, ымырт жабыла берген кезде, жабық зембілге отырып, жасырын түрде сарай адамдарының біреуі келді. Ол адам аты-жөнін айтпай, өзін, қабылдауымды өтінді (бұл бір уақытта патшаға жазықты болып, өзімнің қорғап қалған адамым екен). Зембілді, ішіндегі төресімен шапанымның қалтасына салып үйге кірдім. Өзімнің сенімді қызметкерлерімнің біріне мені сұраған адам болса сырқаттанып жатыр дерсің, дедім де, есікті жауып, зембілді столға қойып, орындыққа отырдым. Біз екеуміз амандасып отырғанымызда, оның бет ажарынан абыржығандық белгісі байқалды. Оның мәнісін түсіндіруді өтіндім. О л өзінің айтқалы тұрған сөзін зейін қойып тыңдауымды сұрады.
- Менің сізге айтайын дегенім, - деп бастады ол сөзін, - соңғы уақыттарда ерекше комитеттің бірнеше рет құпия жиналысы болып, онда сіздің мәселеңіз қаралды. Бұдан екі күн бұрын ұлы мәртебелі тақсыр тұжырымды тоқтам қабылдады.
Қызу айтыстың үстінде сізге шын досым деп жүрген құпия істердің бас секретары Рельдресель бұл жөнінде өз пікірін білдіру үшін ұлы мәртебелі тақсырдан рұқсат алды. Әділетін айту керек, ол сіздің адал пікіріңізді ақтады. Ол сіздің қылмысыңызды ауыр деген пікірге қосылды. "Бірақ әділдік көзбен қаралса, ұлы мәртебелі тақсырды көркейтіп отырған оның орасан зор қызметін жасаған қылмысы шайып кете алмайды. Біздің арамыздағы достық қатынас жұрттың бәріне мәлім, сондықтан ұлы мәртебелі адамдардың жиналысы менің пікірімді қалыстық емес, жақтаушылық деп тануы мүмкін. Дегенмен, ұлы мәртебелі тақсырдың рұқсаты болғандықтан өз пікірімді шешіле айтуым керек, — деді ол. —
Куинбус Флистриннің шын ниетімен еткен кызметін еске алып, оның өміріне аяушылық ету ұлы мәртебелі тақсырға өте ұнасымды болар еді. Егер де оның екі көзін ағызып, соқыр етумен қанағаттанса, бұл жаза әділдікке сай келер еді. Бұл шара бүкіл әлемді таңырқатумен қатар, ұлы мәртебелі патшаның әділдігін құрметтеп, оның кеңесшілерінің кек сақтамайтын адал ниетті екендігінің де айғағы болар еді," — деді Рельдресель.
Сіздің көзіңіздің ойылуы күш-қуатыңызға ешқандай кемшілік келтірмейді, қайта, ұлы мәртебелі тақсырға пайдалырақ боласыз. Соқырлық қорқынышты жасырып, өрлікті асырады. Сіз жау флотын басып алуға барған уақытыңызда, көбінесе көзіңізді қорғадыңыз, көзден айрылу қаупі сізге үлкен кедергі болды, сіздің көзіңіз жайында министрлер ойлаған да жоқ. Оларға мақсат орындалса болғаны, ұлы патшалардың өздері осыны мақұлдайды.
Адмирал Болголам опасызға тоқтаусыз өлім жазасы берілуі тиіс, деді.
Бірақ ұлы мәртебелі тақсыр сізге өлім жазасын беруге мейлінше қарсы болды.
Енді үш күннен соң сіздің хатшы досыңыз мәртебелі тақсырдың әмірімен келіп, айыптау актының барлық тармақтарымен таныстырады. Ол ұлы мәртебелі тақсыр мен мемлекеттік кеңестің ізгілікке бейім және мейірбандығы мол екендігін, соның арқасында сізге тек болғаны көзіңізді оюға ғана үкім шығарылды деген жайларды түсіндіреді. Ұлы мәртебелі тақсыр бұл үкімге сізді алғыс айтып риза болар деп сенеді.
Бұл мәселені қалай шешуді сіздің өз билігіңізге беремін. Сөйтіп, сырт елге сезік бермеу үшін, жұрт көзінен жылыстап, келген ізімше кері қайтуым керек.
Соны айтып төре өз жөніне кетті де, естіген жаманат еңсемді басып, мен қайғы құшағында қала бердім.
Көп ұзамай мен өзіміздің флот тұрған жағаға бардым да, бір үлкен соғыс кемесінің тұмсығына жіп тағып, зәкірін көтердім. Шешініп жіберіп, киімдерімді және өзіммен бірге ала барған көрпемді кемеге салдым да, жетелеп жүре бердім. Кейде жүзіп, кейде жалдап Блефускудың мемлекеттік портына келдім, онда халық жиналып мені көптен бері күтіп тұр екен. Маған астанаға баратын жолды көрсету үшін қасыма екі жолбасшы ерді. Ол екеуін қолыма алып жүріп қала қақпасына жүз сажын таянған соң менің келгенімді мемлекеттік хатшының біреуіне білдіріңіздер, қалаға кіру үшін ұлы мәртебелі тақсырдың рұқсатын күтіп тұрғанымды айтыңыздар", деп әлгі екі жолбасшыны қалаға жібердім. Арада бір сағат уақыт өткеннен кейін ұлы мәртебелі тақсыр өзінің жанұясы мен жоғары орындағы сарай шенеуніктерін қасына ертіп, мені қарсы алуға келе жатыр деген хабар келген соң ілгері жүріп қалаға елу сажын жақындадым. Патшаның өзі де және еріп келген нөкерлері де анадайдан аттарынан түсті. Ханым мен сарай әйелдері кареталарынан шықты. Олардың пішінінен не үрейлену, не әбігерлену белгісін сезе алмадым. Мен жерге жатып, патша мен ханымның қолдарынан сүйдім.
Блефускуге келген соң үш күннен кейін аралдың солтүстік шығыс жағалауын көргелі келе жатыр едім, жағалаудан теңіз бетінде төңкерілген қайық ұқсас бір нәрсе көрінді. Башмағым мен шұлығымды шешіп тастап, қарайған затқа қарай жүрдім. Су тасқыны әлгі затты айдап маған жақындата түсті осы арада ол заттың анық қайық екенін аңғардым Шамасы, бір кемеден дауыл айдап әкетсе керек. Мен сол сағатта қалаға келіп, ұлы мәртебелі тақсырдың қалған флоттарынан жиырма ірі кеме және вице адмирал бастаған үш мың матрос беруін өтіндім. Корабльдер аралды айналып кетті, мен төтелей жүріп қайық көрген жерге келсем, қайық манағыдан да гөрі жақындап қалған екен. Арқандарды қабаттап ескен болатынмын, кемелер келісімен шешініп тастап суға түстім. Жалдап жүріп, қайыққа жүз ярд жер қалғанда малтуға тура келді. Кемедегі теңізшілер маған арқан тастады, мен арқанның ұшын қайықтың тұмсығындағы тесіктен өткізіп байладым, екінші ұшы кеменің формасына байланған еді. Табанымды жерге тірей алмаған соң біздің бұл әрекетімізден ешқандай нәтиже шықпады. Қайықтың артқы жағына барып бір қолыммен малтып, бір қолыммен ілгері демей бердім.
Арқандарды алып қайықты тоғыз кемеге тіркедім өзім оныншы болып қайықты артынан демедім. Жел де ыңғайымыздан тұрған еді, өстіп отырып, қырық ярд жағаға жақындадық. Тасқын кері серпілгенде қайық қайырлап жағада қалды. Екі мың адам жабылып шығырмен тартып, қайықты аударды. Қарасам, бүлінген жері жоқтың қасы екен.
"Бұл қайық менің өз отаныма жетуім үшін ғайыптың маған арнап жіберген бақыты", — дедім мен патшаға. Кемені жабдықтау үшін керекті материалдар беріп, ұлы мәртебелі тақсырдың жәрдем етуін, сонымен қатар, ол елден кетуіме рұқсат етуін өтіндім. Ол мені өз елінде қалдырғысы келіп бірсыпыра ақыл айтқанымен, ақырында, ризалығын білдірді.
Менің бір таңданған нәрсем, сол уақытқа шейін Блефуску сарайына біздің патша да мен туралы ешқандай сұрау салмады. Мұның мәнісіне кейінірек түсіндім. Лиллипутия патшасы өзінің мен туралы жасап жүрген әрекетінен мені мүлде хабарсыз деп түсініпті. Менің Блефускуға баруымды әншейін, өзінің сәлемдесемін деген уәдесін орындағалы кетті, бірнеше күн қонақ болған соң қайтып келеді деп ойлаған екен. Бірақ менің кешігуім патшаны абыржыта бастапты. Ақырында, ол екі мемлекеттің арасында бейбітшілік пен достықты сақтау үшін, өзіңіздің әріптесіңіз біздің ұлы мәртебелі тақсырымыз әділетті берілген жазаны жүзеге асыру үшін қиянатшыл опасызды қол-аяғын байлап Лиллипутияға жөнелтуге әмір береді де сенеді, деді елші.
Ұдайы үш күн ойланып-толғанғаннан кейін Блефуску патшасы өте сыпайылықпен кешірім сұрап, Лиллипутия патшасына жауап қайырды. "Көп кешікпей екі мемлекет те кеудесін керіп дем алар. Өйткені Алып Адам теңізде жүзу үшін өзіне лайық керемет кеме тауып алды. Ол кемені жабдықтауға көмектесу үшін қол астымдағы халыққа әмір бердім. Бірнеше жұмадан соң екі мемлекеттің екеуі де масыл жүктен арылса керек", — деп хатты аяқтады Блефуску патшасы.
Бұл жағдайдың нәтижесінде ол елден өзім мөлшерлеген уақыттан бұрынырақ кетуіме мүмкіндік болды. Елінен тезірек кеткенімді тәуір көріп, сарай адамдары мейлінше жәрдем етті. Менің нұсқауыммен бес жүз адам жабылып, ең қалың маталардың он үш тобын қабаттап сырып, екі желкен жасады. Олардың ең жуан арқандарының оның,
жиырмасын, отызын қабаттап есіп керекті арқандарды өзім дайындап алдым. Зәкірге жарарлық тасты ұзақ уақыт іздеп әрең таптым. Қайықты және жабдықтарды майлау үшін үш жүз сиырдың майын берді. Ең биік деген құрылыс ағаштарының бірнешеуін кесіп алып, желкен көтеретін діңгек және ескек жасадым. Кеме құрылысындағы ағаш ұсталары менің жоба-мүсінін келтірген ағаштарымды жонып, көп жәрдем етті.
Бір ай ішінде қайықты оңдау ісін аяқтап, сапарға шығуыма ұлы мәртебелі тақсырдан рұқсат алып, ақырғы рет жүз көрісіп, қоштасу үшін астанаға келдім. Патша қасына өзінің жанұясын ертіп сарайдан шықты. Мен жерге жатып, оның құрметпен созған қолынан сүйдім. Одан соң отбасы мүшелерінің қолдарынан сүйдім.
Маған жол азыққа деп берген бір жүз өгіз еті мен үш жүз қой етін, жетерлік мөлшерде нан мен ішімдігін және төрт жүз аспаздың майға қуырған қуырдағын қайыққа тиедім. Мұның үстіне тірілей алты сиыр, екі бұқа, екі қошқар мен алты қой алдым. Ол малдарға жол азыққа деп бір арқа пішен және бір қап жем салдым. Ондағы мақсатым, осы малдарды тірілей өз еліме апарып өсіру еді.
Жол жабдығын әбден дайындап болған соң, 1701 жылдың 24 қыркүйегі күні ертеңгі сағат алтыда желкен көтеріп, сапарға шықтым. Оңтүстік-шығыстан соққан желді пайдаланып, солтүстікке қарай бет алдым.
Бұл күні айта қаларлықтай ешнәрсе кездеспеді, келесі күні түстен кейін сағат үштің шамасында, оңтүстік-шығысқа қарай бет алып келе жатқан кеме желкені көрінді. Мен де шығысқа қарай жүзіп келе жатыр едім. Корабльдегілерге дауыстасам, олардан ешқандай жауап қайтпады. Осы арада жел де бәсеңдей түсті, енді кемені қуып жететініме көзім жетті. Желкенді барынша желге кернетіп, жарты лиг жүргеннен кейін кемедегілер мені көріп, жалау көтерді және зеңбірек атты.
Сол арада кеме де жүрісін бәсеңдете түсті. 26 қыркүйек күні кешкі сағат алтының шамасында корабльге іліндім. Кеме діңгегінде көтерулі ағылшын туын көргенімде, қуанғаным сонша, тіпті жүрегім жарылып кете жаздады. Сиырлар мен қойларымды қалтама салып, өзімнің азын-аулақ жүктерімді ала, кемеге көтерілдім. Бұл Жапониядан қайтып келе жатқан ағылшын саудагерлерінің кемесі екен. Кеме капитаны дептфордтық Джон Бидль деген мырза, аса қайырымды және көпті көрген тәжірибелі теңізші еді. Капитан мені құрметтеп қабылдады және менің қайдан келе жатқанымды, қайда баратынымды сұрады. Капитанға өз басымнан кешкен уақиғаларды айтып өттім. Бірақ ол мені ауыр жағдайға ұшыраудың салдарынан ақылынан алжасып, сандырақтап отыр-ау деп шамалады. Оның ойына түсіне қойдым да, қалтамдағы сиырлар мен қойларды шығарып көрсеттім. Капитан ол малдарды көріп қатты қайран қалды.
Менің Англияға қайту сапарым өте сәтті болды. 1702 жылдың 13 сәуірі күні Даунске жеттік. Оған шейін кеме үстінде жалғыз-ақ үлкен шығынға ұшырадым: кеме егеуқұйрығы бір қойымды жеп кетті. Кеме қуысынан оның саудыраған сүйектерін ғана тауып алдым. Басқа малдарды Гринвич портында аман-есен жағаға шығарып, бой жаздыру үшін жайылымға жібердім. Англияға келген соң ол малдарды атақты адамдарға және жай халықтарға көрсетіп, аз уақыттың ішінде көп ақша жинап алдым.
Үйге қайтқан соң бала-шағамның жанында болғаны екі-ақ ай тұрдым. Өйткені шетелдерді аралап көруге ынтызар болған нысапсыз тілегім тыным таптырып, үйде отырғызбады.
Бала-шаға, үй-ішіммен жыласып-сықтасып қош айтысып, Сюратқа баратын Адвенчер атты үш жүз тонна жүк көтеретін сауда кемесіне мініп, жолға шықтым. Кеме капитаны ливерпульдік Джон Пиколес деген кісі еді. Бұл сапардағы әңгімені кітаптың екінші бөлімі етіп жазуға ұйғардым.