Ауру тарихым
Мені сонау 1978 жылы тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде, бір ханзудың(қытайдың) иті қауып, жараланып, содан аяғым ісіп кетіп, үйде он күн жатып қалғанмын. Ол кезде бір шеті балалық, бір шеті тұрмыс күйіміз нашар болғандықтан дәрігерге де көріне алмаған едім.
Аяғымның ісігі қайтқан соң, жараның аузын таңып алып, жалғастырып оқи бердім. Содан 10 сыныпқа шыққан жылы көкірегім аз – аздап анда –санда шаншып ауыратын болды. Бірақ оны еш елегемін жоқ.
«Қазына-сауда техникумына» барғаннан бастап, көкірегімнің шаншуы жиі-жиі ұстап қалатын болды. Бірақ ол кезде оқудың қызығы, жастықтың жалын атқан қызуымен ауруды титтей де елең қылмадым.
Оқуды бітіріп, 1984 жылы қызметке шыққан соң ауруым асқына түсті, алғашқы қызметтің ауырлығынан қарбаластықпен болып жүріп және де дәрігерге көріне алмадым. 1985 жылдың басында тұңғыш рет аудандық емханаға, онан Құлжа 4-дивизия емханасына жатып диагнозымды анықтаттым. Бұл емханаларда диагнозды дәл басып таба алмай, Үрімжі мед-институтына барып анықталдым, науқасым: «Көкіректе және өкпеде жылауық бар» деп дереу операция жасамақ болды. Бірақ мен жалғыз барғандығым үшін алаңдап, «ауылға барып адам ертіп келемін» деп қайтып келдім.
Ауылға келсем сүйген қызым (Ақылай) орта мектептен оқудан шығып қалыпты.
Себебі: Мен туралы оған жазықсыз жала жабылып(Айымжамал деген мұғалімнің қудалауымен), амалсыз үйіне келіп қалған екен. Сонымен нартәуекел деп сүйгенімді алып қашып тұрмыстанып шыға келдім.
Алғашқы жар ләззатымен, тұрмыстың тығырыққа тірелген тақсіретімен ауруым жаныма батып жүрсе де екі жылдың өте шыққанын білмей қалдым. Операция болатынын үйден жасырдым. Жанымның қиналып жүргенін жарым сезіп, «дәрігерге барсаңшы!» деп жалынып жүрді. Мен қалжыңдаған болып «жығылған күні бірақ барам» - деп жүре бердім. Осы ойланбай айта салған сөзді, сайтан аузыма салып, періште «аумин» деп бата бере салғандай, 1987 жылы қазанның 12 күгі аяғым жансызданып «жығылғанда» емханаға жатып қалдым. Сол жатқаннан мол жатып, аралықта арт – атрына екі рет көкірек омыртқамнан ауыр дәрежеде Үрімжі мед-институтында және Іле халық емханасында екі рет операцияда болдым.
Әсілі, өкпедегі «жылауық» уақыт ұзара кере жарылып кетіп омыртқамнан өтіп шығып, жұлынымды зақымдап кетіпті. Содан бастап көкіректен төмен жағым денем жансызданып қалды. Бес жыл емханада өтті... Бірақ еш дауа болмады. Содан жастық құшып, жамбас тозып, бар қызығымнан айрылып, жатқаным мынау. Аурудың басы, қапқан иттің тісінен жұққанын кейін білдім.
Сонша жылдық ауру азабына, төзімділігіме таң қалам да, өз уақытында кеселімді дауалатпаған ақымақтығыма өкінем!.. Өзіме – өзім қастық қылған қанды қолмын.
7.12.1995 ж.