02.12.2021
  260


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Дәулетбек Байтұрсынұлына

I
Лебізіңді тыңдауға құлақ асық,
Тағдырлар табыспады тұра қашып,
Жүргенде алыссынып Аттың тауын,
Үйсіннен кеттің досым бір-ақ асып.

Тауына бір шығарар талабы ердің,
Талабың болса, Дәуке, данаға ергін.
Айта алмай аттанарда бір ауыз сөз,
Артыңда ақжол тілеп қала бердім.

Байқатпай өтті арадан бір базар күз,
Сырласар екеу ара сырға зармыз.
Алыстап кеткен сайын есесіне,
Сарылып сағыныштан жыр жазармыз.

Айтарлық таусылмайтын дала бізге ән,
Даладан думаны мол қала қызған.
Арманның ұстап алып қанатынан,
Арман боп кеттің ұшып арамыздан.

Бар ғой бар кереметтер бас иетін,
Жанарға жайлар аз ба жас үйетін?
Аз ғана туған жерден алыстасаң,
Білесің қадірі мен қасиетін.

Қон барып көбелек бол гүл қалаға,
Елі де сенім артар ұл балаға.
Артыңа алаңдама, мына біздер,
Тірек боп тұра аламыз бұл далаға!

Жан едің біздер үшін жаның алтын,
Жарқ етіп жанымыздан табылатын.
Жазықсыз жалақордан зәбір көрсек,
Жан таппай жабырқармыз шағынатын.

Бүкпесіз бар асылын пайым етер,
Мұңайсақ бізден бетер уайым етер.
Сергітіп серпілтетін серік таппай,
Білемін бізге сенің айың өтер.

Қыранның балапаны қиясынан,
Ұшты алыс алғаш міне ұясынан.
Бүгінгі балпанақтай балақыран,
Күні ертең болар дардай дана қыран!

II
Қалай ғана тез өткен күн-айларым?!
Тоймай жүр жұрт қызықққа «құмай-қарын».
Сезіп келем бірдеме болатынын,
Сеніп келем енді-енді Құдай барын.

Бүгін міне мереке мамырға бір,
Менен басқа адамдар абыр-дабыр.
Жабырқап-ақ жатыр ем жаным жүдеп,
Қамағандай көңілді қабырға бір.

Әй, достарсыз көретін күн күн емес,
Жақсы күнді жаным-ау кім тілемес?!
От тигенде шабыттың оттығына,
Өлең жазбай өлуім мүмкін емес!

Не жетеді тірлікте тілдескенге,
Өлген соң ойыңды білмес пенде.
Мақтанады кейбір жан, жан ұғыспай,
Қүрдасымен қырық жыл бірге өскенге.

Айналайын жан досым жүрегіңнен!
Жүрегіңе ғашық боп жүремін мен.
Адалдықты ауызбен айту оңай,
Жауап берем жүрекке жүрегіммен.

Не дейін сырымды айтсам жетер тола,
Көл көңіл кім біледі шеті орта ма?
Сен маған сенім беріп, сезім беріп,
Ақын боп кеттім міне екі ортада.

Бардайсың қасымда сен, жоқсың бірде,
Алыстан алаулаған отсың бірде!
Сарылып сағыныштан жыр жазайын,
Қауышып ақын жүрек соқсын бірге!!!

III

Армысың аяулы дос Дәулетбегім?!
Оқытып жүрсің бе облыс дәу мектебін.
Атымнан алты қайта аманатта,
Сәлем де, сәлемет пе Сәулет, Керім?

Қуаныш – қайғы дәмін таттық талай,
Азапты ақын болып таптық талай.
Сұмдық-ай, бір қыс бойы бір-біріміз,
Тым-тырыс тіл қатыспай жаттық қалай?!

Қайтейін сұрап шуыл қала күйін,
Дабырсыз болғаннан соң далада үйім,
Сағынып сендерді бір кетті жүдеп,
Салдарың «арғымақты» ала құйын.

Тау бөліп тұр ғой бізді ара шалғай,
Қырсықты қылығына қарашы Алла-ай!
Әттең-әттең, аттарға аяқ болса,
Жатамын ба жүгіріп бара салмай?!





Пікір жазу