02.12.2021
  144


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

АЛМАТЫЛЫҚ КӘДІРБЕК ҚҰНЫПИЯҰЛЫНА

Биссімилла!
Аталы сөз басында,
Тығылып әрең тұр-ау көз жасым да.
Ең әуел сәлем берген жиеніңіз,
Ақылай отыр міне өз қасымда!

Қаптап бара жатқаны-ай санама сең,
Жетім көңіл қалдың ба далада сен?!
Тағдырдың «Тар жол тайғақ кешуінде»,
Жүрсіз бе, Кәдір ағай, аман-есен?

Жеңгейді ай дейін бе, күн дейін бе?
Есімін ол кісінің білмеймін де.
Әзірше амансыз ба, алтын жеңгей,
Жеңге бірақ бұл сөзге «күлмейім» де.

Күй тартып отыр едім зарғып мен де,
Көңілім көтерілді қарғып керге.
Көрмеген, естімеген бауыр-туыс,
Аман ба үлкен-кіші барлық пенде?

Аман ба қасиетті атамекен?
Айырған сенен заман шатақ екен.
Бір кезде «қашқын» болып тастап кеткен,
Біздерге кім біледі қапа ма екен?

Аман ба алты миллион қазақ елім?
Абай, Мұхтар туғызған ғажап елім...
Амал не жүзден қырық тілін білмеу,
Бетім-ай жұртқа күлкі мазақ едің.

Не күйде Арал, Балқаш, Семей жерім?
Зар жылап запыран құсып не дейді елім?
Ер ана мен жер ана қасіреттенсе,
Не бітіріп жүр онда егейлерім?!

Неге орысша айтамыз жердің атын?
Неге орысша айтамыз ердің атын?
Қазақта ақ жаулықты ед әйел заты,
Неге ұмыттық ежелгі елдің салтын?!

Бетін бұрса безеріп желемік күз,
Жел айдаған қанбақтай ел едік біз.
Найзаменен қорғаған баба жерін,
Қастерлейік қазағым демедік біз.

Неге айырылдық әуелгі тілімізден?
Неге айырылдық түріміз, дінімізден?
Тас бауыр, безбүйрек боп шетімізден,
Неге айырылдық біріміз-бірімізден?

Қалың сұрақ қоюға хақылымыз,
Бәріне де жетеді ақылымыз.
Елдің мұңын мұңдайтын мұңға толы,
Ақиқатты айтатын ақынымыз.

Біздің де жайымыз бар жан ашитын,
Қазақ деп тану қиын бала сиқын.
Білім жоқ, күнделікті кәсіп те жоқ,
Сонда да сормаңдайлар данаситын.

Санын қостан айырмай баламызды,
Қасіретке бөледік анамызды.
Бір қазақты бөлеміз борша-борша,
Рушылдық жайлаған даламызды.

Кешір елім мен сені кінәласам,
«Не деп кетті демегін мына масаң?»
Ерің болып еңіреп жылаймын ба,
Сен күйзеліп туған ел жыламасаң?!





Пікір жазу