ҚАРЫЗЫМ БАР
Жәйді және жайдарлы жыл құшағын,
Қанаттаспын жылдармен бірге ұшамын.
Ескі жылдың ең соңғы бір түнінде,
Қимасындай қоштасып жыр құшамын.
Ескі жылдың есігін бекіттім-ау,
Көңілімде құлаған кетік тұр-ау!
Ойда-жоқта байқамай, о, құдірет,
Отыз жылмен қоштасып кетіппін-ау?!
Жүйрік жылдар білінбей тез өтеді,
Біреуді ер, біреуді ез етеді.
Жастығыңа желігіп жүргеніңде,
Алтын кезді байқатпай жез етеді.
Дүлей тағдыр басыңды дал қылады,
Бақытыңның сарқылар бал бұлағы.
Бұл жылдар ма, бұл жылдар барып-барып...
Қызды кемпір, баланы шал қылады.
Солай-солай... жаныңды шер қылады,
Талай-талай... тым ерте ер құлады.
Бұл жылдар ма?
Бұл жылдар – барып, барып...
Тірлігіңді тып-тыныш жер қылады.
Барлығына төреші, жыл – әмірші,
Жаңа жылға құрмет сен қыла білші.
«Ескі жылдан есірке, жаңа жылда, –
жарылқа!» деп жарандар жыла-күлші!
Өте бергін жылдар-ай өкінбеймін,
Бақыт бер деп мен сенен өтінбеймін.
Бірақ ессіз бір күнім бекер өтсе,
Қызарып кететіндей бетім кей күн.
Жақсылықты жасаған сауап көрем,
Бәрін-бәрін қалдырмай санап келем.
Қарызым бар жылдарым, қарызың бар,
Түбінде бір тік тұрып жауап берем!