БАЛАЛЫҚ
Ауылдың астындағы мұзға барып,
Сырғанап ойнаушы едім құздан ағып.
Онсыз да торсықтайын тоң шекемді,
Томпайтқам талай-талай мұзға жарып.
Қалжырап қарындағы тоқ тарап боп,
Келуші ем кешке үйге көк балақ боп.
Шыбықпен шешем сонда шықпыртатын,
(Пешіне жайын қойып, от қалап боп).
Шоқайды отқа қалап, тонды қағып,
Алушы ем кейде пешке қолды қарып.
Шешемнің құйған сөзі оң құлақтан,
Кететін ол құлақтан сол күні ағып...
Есейдім енді бүгін тұяқтымын,
Аспаннан түсе қалған сияқтымын.
Баяғы балалығым еске түссе,
Алдында, шеше, сенің ұяттымын.
***
Қызығына жүргенде қанып балдай,
Уақыт ұрлап өмірді алыпты алдай.
Жігіттікке жармасып нем бар еді,
Бал-балалық қалпында қалып қалмай?!
Өтті тасып тірліктің талай сеңі,
Гүлге оранып жатушы ед маңай-шені.
Балалық-ай, балалық жігіттікке,
Айырбастап кеткенмін қалай сені?!
Жаз өтеді жайнаған гүл семеді,
Кірпік қағым – ғұмырың, кім сенеді?!
Екі айналып келмейтін ерке кезім,
Балалық-ай қадіріңді білсем еді?!