02.12.2021
202
ТУҒАН КҮНГЕ ТУҒАН ЖЫР
Бүгін сенің туған күнің,
Жаным, жарым, жарқыным.
Қабағыңа ілінбесін,
Жарты түйір, жарты мұң!
Жиырма үш жыл, жыл ілгері,
Қыркүйектің, алтысы.
Шыр етіпсің дүниеге,
Махаббаттың ар құсы.
Сен сегізге шыққаныңда,
Мен он беске келіппін.
Сен балалық, балғын шақта,
Мен жастыққа желіктім.
Сен он беске шыққаныңда,
Жігіт жасқа келіппін.
Еріксізден еркімді алдың,
Ерке лағы еліктің!
Ту бастан-ақ тура сені,
Тәңір маған жазыпты.
Ол үшін тек ғашық болған,
Жүрек ғана жазықты!
Жаным дедім, жалынды едім,
Жіпсіз саған байландым.
Саған қосқан Тәңіріме,
Мың мәртебе айналдым.
Қағып тастап, қас ажалдың,
Қадағанда қанжарын.
Бүгін сенің туған күнің,
Жыр арнадым жан жарым!