meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  02.12.2021
  282


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Қарындасыма

Қалай бүгін бауырың тарынбасын?!
Қуаныштан қалыңдау зарым басым.
Жылы ұяңнан жылыстап жылай-жылай,
Қайда кетіп барасың, қарындасым?

Қарындасым, Қарлығаш құсым менің,
Өңім бе едің, мына той, түсім бе едің?
Бір-ақ күнде бой жетіп кеткенің бе?
Түсінбедім мен мүлдем түсінбедім!

Құдыретіңе қайранмын һақ Тағала-ай,
Бақытымнан айырылу бақ па бұлай?
Құс ұшырмай басыңнан өтем деуші ем,
Қарындасым қиямын жатқа қалай?

Жылайын ба, күлейін бе,не қылайын?
Қидым жатқа қайтейін, сені де Айым.
Сен қуаншы, қуаншы, қарындасым,
Басса бассын сол үшін мені уайым.

Алыс кетсең сағынам көз көрмейтін,
(Сүйкімді едің салмақты сөзге ермейтін).
Қыз бой жетсе қонатын қиясына,
Өмір заңы осы ғой өзгермейтін!..

Жыр жазумен өткізем уақытымды,
Ағаң талай аңғармай қапы тынды.
Мен жоғалтқан болайын жаһұтымды,
Сен тапқан бол, бақытым, бақытыңды.

Қарындасым, қағылез ерке елігім,
Кім ойлаған қыз күннің келтелігін.
Бірге кетіп барады балалығың,
Бірге кетіп барады еркелігің...

Қарындасым, қош енді, құралайым,
Енді қашан өзіңдей туар айым?
Бақытты бол, Бақытым, өмірде!- деп,
Тәңірімнен мың мәрте сұранайын.
Қарындасым, қош енді, құралайым!





Пікір жазу