Қара дихан
Қара торы маңдайы күнге күйген,
Кір жейдесі бір жейде күнде киген.
Дән тасыған тынымсыз құмырсқадай,
Қара дихан тірлігі күнде күйбең.
Қара жерде десеңіз бақытты егер,
Қара терін қан жосып, сарқып берер.
Қара жердің бір шымшым топырағын,
Алтын атты асылдан артық көрер.
Нан қадірін сұрағын зар адамнан,
Өмір үшін өзегі жараланған.
Ғылымыңды зерттейді ғалымың да,
Қуат алып бір үзім қара наннан.
Үлдені біз киеміз, бүлдені біз,
Мейлі – мейлі күн сайын гүлденіңіз.
Қара дихан арқасы қарық болып,
Қарнымыз тоқ, қайғы жоқ күлгеніміз.
Айғай салып жар салам бар адамға,
Бақыт қайда?
– десеңіз, қара нанда!
Қара дихан болмаса бағымызға,
Зар боламыз бір үзім қара нанға!
«Қасқаларға» қашанғы жарбақтайық,
Кеткен жоқ па жылпостар жалмап байып ?!
Ардақтасақ, ағайын, алдыменен,
Қара дихан бабаны ардақтайық.