Аттың тауы
Таныған жөн тарихты, шын байыпты,
Артық айтсақ боп шығамыз айыпты.
Кешегі сол жоңғар соғыс жорықта,
Осы тауға Қабанбай Ат жайыпты.
Шөбі шүйгін атқа жайлы тау екен,
Суы тұнық дертке ауасы дауа екен,
Тамсаныпты талай тауды көрсе де,
«Қандай асыл тау еді» - деп Қабекең.
Байыздапты батыр ерлер бір айға,
Аттары ойнап шыға кепті бір айда.
Аттаныпты осы таудан қуат ап,
Аттанарда сиыныпты Құдайға!
Ойсырата жеңіп қалмақ қауымын,
Батыр бопты басын кесіп жауының.
«Қабанбайдың Ат шалдырған тауы» - деп,
Аттағы елге танылыпты тауының.
Аттың тауы содан кейін атанған,
Оны талай естіген ем атамнан.
Ыразы боп беріп кеткен тауыма,
Айналайын батыр бабам батаңнан!
Аттың тауы әпуақты тау, киелім,
Әлі күнге иелігіңе ие елім.
Батыр бабам басыңда ұйықтап жатқандай,
Сені,тауым, жанымменен сүйемін,
Бата тілеп басымды әркез иемін.