02.12.2021
  133


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

МӘСТЕК КӨҢІЛ

Қоғамда беделі бар кішігірім,
Мен де осы біздің жақтың пысығымын.
Тышқан аулап беретін әркімдерге,
Жылмиған жылдам қимыл мысығымын.
Тұқымы жолбарыстың болғанымен,
Мысықтай ғана бүгін түсінігім.



Есенқұл Жақыпбек,
«Қазақ әдебиеті»,
№8, 25.02.2011ж.



Азайды бұл күндері күшім, інім,
Жолбарыс кеше болғам түсін, інім...
Тышқан аулап беретін шенеунікке,
Мен бүгін әкімдіктің мысығымын.
Жүретіндер аяғын зорға басып,
Құлақ,бастан сипаса – ол да бақыт.
Күлу үшін –
Ойыншық тышқандарын
Кілтін бұрап қояды жорғалатып.
Ондайда мен де өтірік тап беремін,
Жанды жерден бүргендей шап беремін.
Ақпарат керек десе аңдып жүріп,
Қажетті, қажетсізін ап келемін.
Байқағанға су асты көп қой ағын,
Шамам келер шабақты жеп қоямын.
Қол жетпейтін биіктен мансап көрсем,
Күрсініп, «сасығын-ай» деп қоямын.
Тықырына тышқанның бұрылмаймын,
Әлсізге ара түсем деп ұрынбаймын.
Әлем – тыныш. Әкімнің қолтығында
Мәстек көңіл мәз болып пырылдаймын.





Пікір жазу