02.12.2021
  137


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

БЕЛГІСІЗДІК БАҒЫТЫ

Қазақы қандай жақсы көрінгенің,
Сеземін сағыныштың керім демін.
Түсетін жерің сенің белгілі қыз,
Белгісіз түсетұғын жерім менің.



Аманхан Әлімұлы,
«Пойызда», «Жас қазақ»,
№6, 19.02.2010 ж.



Бір күні Қожатоғай төріндемін,
Бір күні Қызылқұмның шөліндемін.
«Түсетін жерің сенің белгілі қыз,
Белгісіз түсетұғын жерім менің».
Жол салған бабаларым жаһандарға,
Шығамын мен де жиі сапарларға.
Кей кезде Мәскеу бара жатқанымда,
Түсіп қала саламын Отардан да.
Сапар шеккім келеді ғарыштарға,
Ең болмаса Ресей, Дағыстанға.
Түркістанға сапарлап бара жатып,
Түсіп қала саламын Арыстан да.
Қалам алам қолыма дағдарғанда,
Сын жазамын күштіден қорғанғанда.
Үйге бара жатам да түней салам,
Офистерге әйтпесе подвалдарға.
Жиһанкез деп мені де айтар ма елім,
Бір күн төбе, бір күні ойпаңда едім.
Біле алмай сансырадым стансамды,
«Біледі пойыз барып қайтар жерін».





Пікір жазу