02.12.2021
  147


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

* * *

Я помню чудное мгновенье,
Передо мной явилась ты...
А.С.Пушкин



Ақ жүзіңе жарасып,
көзәйнегің қап-қара,
Күмәнді оймен таласып,
келе жаттың жасқана.
Жүрек соқты атқақтап,
қарсы жүрдім қапылып.
Құлауға да шақ-шақ қап,
жанға медет шақырып.
Сол баяғы паң қалпың,
өзгермеген түрің көп.
Атқандай боп таң жарқын,
шыққандай күн күлімдеп.
Қайта оралып сал кезім,
шалқып-толқып тұрған ем...
Күлімдедің кербезім,
күлімдеді күллі әлем.
Уақыт тоқтап қалада,
көкте жасын жалт етті.
Өткен күндер...
санада
бір-ақ сәтте жарқ етті.
Теңселемін
жан ғаріп,
өз көзіме иланбай.
Қарсы жүрдің таңданып,
жаңа ұйқыдан тұрғандай.
Бағзы ғашық пішінде,
табыса алар ма екенбіз...
Алып қала ішінде
тек екеуміз,
екеуміз...
...Ақ жүзіңе жарасып,
көзәйнегің қап-қара,
Күмәнді оймен таласып,
қарсы жүрдім жасқана...





Пікір жазу