02.12.2021
  210


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҮТІР

Сан сыбыстың арамызда қыры тұр,
Суырылмай семсер-сезім қыны тұр...
Қиналмай-ақ қойды кеше біреулер
Екеуміздің арамызға бір үтір.
Сен қолдадың сөз айта алсам ұтымды,
(Сезім – жетім, көрмесе егер күтімді)
Көңілден де өмірден де ендеше
Сен боп, мен боп жоғалтайық үтірді.
Жалғыз жүріп адасқанда орманда,
Тыныс кейде таусылғандай болғанда,
Бір таяныш табылардай сол маңда
Үтір, рас, айналады қорғанға.
Көп ісіме қойып үтір, кідірдім,
Білдірмей-ақ бүлдірді ғой бүдір мұң.
Қабыршығы қан боп қатқан жараны
Жүрегімнің жүлгесінен сыдырдым.
Сендіргенде талай мықты күліп кеп,
Көп ісіме үтір қойдым – үміт деп.
Сүйгендерім сындырды ғой сағымды
Сылтауына себеп болған сынық көп.
Ұлыларға және соңғы сорлыға
Махаббаттан қалады екен мол мұра.
Үміт үзбей саған сәлем жолдаймын,
Сезімімді қойып үтір орнына.





Комментарии

Индира
Индира 26.10.2022 18:42
Қазақ тілі

Пікір жазу