01.12.2021
  132


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚОС МҰЗТАУ

Жорға мініп жаяу мұңым,
Тербеледі баяу гүлім.
Құлағымда қалар мәңгі
«Ағай...» деген аяулы үнің.
Ессіз үміт еміндіріп,
Есті алады керім қылық.
Емеурінмен ым білдірсең
Ентігемін демім құрып.
Қырсық ойлар қиыр қалып,
Жүрекке нұр құйылды анық.
Арамызда ағылып жүр
От сезімдер күйіп-жанып.
Төгіледі қасидалар,
Саған сырлар тасиды олар.
Мәңгі өзіңді қалар едім...
... Саусағыңда сақина бар.
Көнбейді өмір кері ағысқа,
Мұң шағамын қаламұшқа.
Қанша жақын болсақ-тағы
Сен – алыста...
Мен – алыста...
Құмар қанып басылмай біз,
Шаттық болып шашылмаймыз.
Мұхиттағы мұзтаулардай...
Алыс тұрып жақындаймыз.





Пікір жазу