01.12.2021
151
БІЗ ЕКЕУМІЗ...
Сар көйлегің сағынышты еселеп,
Өлең жаздым өзіңе арнап неше бет.
Бүгін қайта жүрегімді жүдеттің,
Қуантып ең, нұрлантып ең кеше кеп.
Бірде сен боп, бірде мен боп кінәлі,
Талай-талай кетісерміз біз әлі.
Естілгендей болады да тұрады,
Сарыуайым сырлы үніңнен күз әні.
Бірде сен боп, бірде мен боп кінәлі,
Талай-талай табысармыз біз әлі.
Бал сезімге балқып кетсек, кенеттен
«Барғызбасың» барша үмітті бұзады.
Күміс күлкің көңілден мұң өшірді,
Шын сырларың шығарады есімді.
Біз екеуміз бақытсызбыз, қайтейін,
Қосылмаған Қозы-Баян секілді...