АЙАРЫС ПЕН БЕЙБАРЫСТЫҢ СҮНДЕТ ТОЙЫНА
Ата-анаға артылатын міндет боп –
Мұсылмандық азаматқа бір мектеп.
Нұрбосын мен Алма бүгін тойлауда
Айарыс пен Бейбарысты сүндеттеп.
Ақ тілекті ақтарған жөн тұрса ойда,
Бата жүрмес деп жатамыз құр шәйға.
Нұрмұқандай нағашыға ілесіп,
Қазақстан келді бүгін бұл тойға.
Мұсылмандық мәртебе боп көңілге,
Сүндеттелу жолдама бұл – өмірге.
Нұрбосын мен Алма бүгін шырқатып,
Той жасауда Үрімжінің төрінде.
Бұ қазақта той – бәсеке, той – жарыс,
Той дегенде оянбайды қай намыс?
Ата-анасын ұшпаққа ертең шығарсын,
Азамат боп Айарыс пен Бейбарыс.
Ұл өскенше, қыз кеткенше – бағасың,
Ұрпағыңның кірлетпейсің жағасын.
Айарыс пен Бейбарыстың тойы деп,
Ат сабылтып келіп отыр нағашың.
Мәртебелі ең үлкен той – сүндет той,
Жігіттіктің басталуы – бір деп қой.
Айарыс пен Бейбарысқа ақылым –
Насыбайың ашыса сәл үрлеп қой!
Сүндеттелу міндеттелу білгенге,
Сүндеттен соң жігіт болу бір демде!
Бұл жалғанда не жетеді шіркін-ай,
Қазақ болып азат өмір сүргенге!
Тәңіртауда дара тұрған ерек шың,
Мәртебесі Хан Тәңірмен теңессін!
Айарыс пен Бейбарысқа батамыз –
Қазағының намысты ұлы боп өссін!