01.12.2021
  170


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

НҰРЛАНҒА

Қалпым осы – жатқаным да, тұрғаным,
Өлеңім де, сырларым да, мұңдарым.
Оянайын түн ортасы ауғанда –
Саған арнап жыр оқиын, Нұрланым.
Жалғызсырап жалт-жұлт еткен жалғанда,
Сырласарға жан таба алмай қалғанда,
Саған арнап жыр оқиын, жан досым,
Түн ортасы, не болды деп таң қалма!
Тағдырымыз жазылғаны – тар маңдай,
Арманымыз қалың орыс ормандай.
Түн ортасы...
түсінерсің,
отырмын.
Сырласарға,
мұңдасарға
жан қалмай.
Мені сендей түсінетін жан бар ма,
(Сеніп ек қой әппақ, алыс арманға)
Саған ғана сырымды айтып отырмын
Мына әлемде
жалғыз,
жалғыз қалғанда...





Пікір жазу