01.12.2021
  129


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ӘН

Ілиясқа



Шашыратқы гүлдей шашырап кетіп шаттығым,
Шалыс та бастым, опаны содан тапты кім.
Шәлкестеу тағдыр шалмасын тастап мойынға,
Шарынның суы сияқты болып ақты мұң.
Құтылғым келіп өтірік, өсек, күнәдан,
Қыспақтан босап Қарқара жаққа құлағам.
Құлағымдағы шуыл да бір дем ғайып боп,
Қайқыдан ассам қарсы алар мені бір адам.
Әлдиіне алып әуелеп шығар әні әсем,
Әп-сәтте жаным жадырайды-ау бір ересен.
Әнтектеу айтты, артықтау айтты деме сен,
Әміреге оны, Жәнібекке оны теңесем.
Шынайы дауыс, шерлілеу жүрек бұлбұлым,
Шырқайды дерсің өткеннің шертіп мұң, жырын.
Шашырап кеткен шаттығым қайта оралар,
Шырғалаңдардан шығарып мені күмбір үн.
Тұрсынбай келіп, Нұрболат келіп үйге осы,
Тұп-тұнық әсем басталар сосын жыр кеші.
Төсектен тұрып төгілтіп тұрып шырқаған
Талапты ұлға да тартылып алғыс-жүлдесі.
Абайдың әні арғы-бергіні аңдатып,
Арындап шықса Шашубай әні шаңдатып,
Аңқасы кепкен алматылыққа мына бір
Аңыратса сосын «Сарбидай» әнін сарнатып.
Құрдасым менің, сырласым менің сол адам,
Қуаты зорға құдірет болып қонады ән.
Құмбыл әуеннің сиқыры мені серпілтіп,
Қайсар қалыпта қалаға қайта оралам.





Пікір жазу