ЕСКЕРТКІШ
Серік Әбікенұлы Үмбетовке
Оңға түзеп теріс біткен тетірді,
Істер жасап іргелі әрі бекімді,
Ел тарихын тастан қашап жатырсыз
Тәуелсіздік Күлтегіні секілді.
Болашаққа туған елмен бір барар,
Бізбен бірге қарсы алады күнді олар.
Сізбен бірге еріп келген сияқты
Талдықорған төріндегі тұлғалар.
Сіз салдырған, қала қандай,
үй қандай!
Берекесін қыз жүгі етіп жиғандай.
Ескерткішпен жазудасыз
Шежіре –
Қара тастан алтын әріп құйғандай!
Бабалардың балбал тас боп сырласы,
Келген жоқ па тастан тарап жыр басы!
Жетісуды қолдап, қорғап тұр бүгін
Қадырғали, Қабанбайлар тұлғасы.
Көркем тастан көкірегіме күш құйдым,
Сазына ердім жалғандықтан тыс күйдің.
Ел бірлігін ұрпаққа айтып тұрғандай
Өр еңселі ескерткіші үш бидің.
Найзағайдай ел намысын жанитын,
Қиын шақта түп-тамырын танитын,
Сіз сияқты-ақ болған шығар кезінде
Қайран, бабам, тасқа жазған тарихын.
Шежірелер шертетұғын сырды ұғып,
Сүйінбайлар, Жамбылдардан жырды ұғып,
Жазудасыз Тәуелсіздік беттерін
Қара тастан алтын әріп құйдырып!