01.12.2021
207
СОЛ ҒАСЫР ӘЛІ ДЕ БҰЛ ҒАСЫР
«Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды!»
Қасым Аманжолов
Баспана бермеді бас қала,
Баспана бермеді Астана.
Өлеңшөп жаптық та үстіне,
Өлеңнен тұрғыздық баспана.
Мұздатты, қаңғытты тас қала,
Қарамай сақалға, жасқа да.
Өлеңнің отымен жылынды
Үйдегі жас бала, бас бала.
Ақындар бүгін де «кіл масыл»,
Қыңқылдап айтамыз жырға сыр.
Қасымын қаңғытқан үй бермей,
Сол ғасыр әлі де бұл ғасыр.
Жер қылды жемірлер өнерді,
Сонда да пір тұттық өлеңді.
Бүгінде бәрі де тәуелсіз,
Тек ақын тұрмысқа тәуелді.
Төбеден қу тірлік ұрғасын,
Қалайша шат күнді жырласын?
Үміті сөнуге бет алған
Сол Қасым әлі күн бұл Қасым.
Байлыққа, билікке құл ынсап,
Оралды араға ғұмыр сап.
Ақынын қаңғытқан қоғамда
Бақытты бола ма бұл ұрпақ?!