01.12.2021
  137


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ЕЙ, АЛМАТЫ...

Жатқа оратқан сайқалдай бұрымыңды,
Көремін де түңілем қылығыңды.
Жиырма жылда жүректі жылытпаған,
Ей, Алматы, қайтейін жылуыңды.
Суың улы болған соң, тұзың улы,
Қызынуды үйрендік, бұзылуды.
Бар жақсысын, байлығын күлге шашқан,
Ей, Алматы, қайтейін қызығыңды.
Адыра қып Алатау арманымды,
Байларың кеп отады орманымды.
Отанымның ұлдарын оққа ұшырған
Ей, Алматы, қайтейін қорғаныңды.
Жатқа жайып,құшағың, мейіріңді,
Жарлылардан жасырдың сейіліңді.
Шаңырақтың шаттығын ойрандаған,
Ей, Алматы, қайтейін пейіліңді!
Торға қамап тұлпар мен қыранымды,
Базарларда сандалттың ұланымды.
Суықторғай секілді бүрсеңдеткен,
Ей, Алматы, қайтейін шуағыңды.
Айналдырып төбеге тау ұлымды,
Лайладың ақ күміс жауынымды.
Жат санамен улаған жастарымды,
Ей, Алматы, қайтейін сауығыңды!
Асқаныңды қайтейін, тасқаныңды,
Қара түтін құрсап тұр аспаныңды.
Ей, Алматы, қайтейін сонау бір жыл
ЖЕЛТОҚСАНДА көргенбіз сасқаныңды!
98
* * *
Қара жамылған қап-қара қалпын
ағартайын деп,
Алматыны қар жапты.
Қара түнекке ақ сәуле оралтайын деп,
Әппақ ұшқындар зар қақты.
Қап-қара жерге төгілген қанды
жасырайын деп,
Алматыны қар басты.
Әділеттен күшімді асырайын деп,
Асыр салды ақ шашты албасты.
Оққа ұшқан бауырларымның бейітін
жылытайын деп,
Алматыға қар жауды.
Ұлы бабалар ерлігін ұмытайын деп,
Үйрендім бе үнсіз қарғауды?
Оқталған мылтықтың оталдырғышын
дымдағысы кеп,
Алматыға қар құйды.
Сорлы тірлікті жырлағысы кеп,
Сормаңдай қиял қаңғиды.
Мамықтарындай құсқанат жырдың
жапалақтайды,
Алматыда қар әппақ.
Осылай әр қыс босаға аттайды
Біздің ел үшін қонақ бақ...





Пікір жазу