30.11.2021
  274


Автор: Ахмет Кендірбекұлы

Аңсау

Таң атқанда ойнап жатса Әнұран,
Мен кішкентай Отанымды сағынам.
Туған елдің босағасы, жігіттер,
Артық екен ханның алтын тағынан.

Артық екен Сайқаны да, Ебісі,
Берекеге бөгіп жатқан ел іші.
Аман ба өзі ақ сақалды абыздар,
Аман бе екен тентегі мен телісі?!

Күніне ойға оралатын мың рет,
Орнында ма Алакөлім – құдірет?!
Жүрегімді сезім-күйге толтырып,
Өн-бойыма тарататын жылы леп.

Сол жылы леп күш дарытар адамға,
Сол жылы леп ғашық етті ғаламға.
Қашан көрсем, көңіл төрін ұсынған,
Аңсай күтер ағаларым аман ба?

Артық-кем де, өзің біл не десең де,
Алакөлмен өсемін мен өшем де.
Маған арнап сыбағасын сақтаған,
Апа, әпке, жеңгелерім есен бе?

Қалпында ма тауым, көлім, беткейім,
Аңсадым-ау, қалай жасты төкпейін...
Дәл қасында жүрген кезде білмедім,
Қадіріңді түсіндім-ау көп кейін!


 





Пікір жазу