30.11.2021
  255


Автор: Ахмет Кендірбекұлы

Жылылық

Анық білем, жылылық бар көктемде,
Жылы жаңбыр себелеп бір төккенде.
Өн бойыңа жылылық боп тарайды,
Әке-шешең маңдайыңнан өпкенде.

Жылылық боп әлдилейді арманың,
Жылы бәрі: балаң, қара орманың.
Тас үйіңнің тас ошағын жылытқан,
Әрине, ыстық құшып-сүйіп алғаның.

Одан кейін жылылық бар Отанда,
Ыстық бар маң: көлің, тауың, жотаң да.
Маған ыстық ұшқан құс та аспаңда,
Қоңыр қозы, жәудіреген ботаң да.

Жылылық ол – қарт өмірдің сабағы,
Көзден жас та жылы болып тамады.
Мына өмірді суытады тек қана
Жүрегі мұз адамдардың қабағы.





Пікір жазу