Алашқа айбын Аңырақай
Аңырақай, Аңырақай – Ар мен Анттың тоғысы,
Аңырақай – алау атқан жүректердің соғысы.
Аңыраған ана уанған,
Абдыраған ел қуанған,
Алашымның аруақты қонысы,
Ата тарих – қымбат бізге сонысы.
Аңырақай, Аңырақай – шайқастың шын иесі,
Ақ сауытты ер – арпалысқа тиесі.
Андыздап бір соғып еткен,
Аждаһаның есі кеткен,
Аңырады босап буын-жүйесі,
Атып ұрды хақ Алланың киесі.
Аңырақай, Аңырақай – Абыз аңыз шертеді,
Ақбереңдер атқа мінген өрт еді.
Алдаспанын Айға жанып,
Адырнасын Күнге малып,
Азаланған арда елінің ертеңін
Азат ету – Көкбөрінің серті еді.
Аңырақай, Аңырақай – Азаттықтың алауы,
Алты Алаштың Тәңірінен қалауы.
«Абылайлап» ер ұмтылды,
Ақындарым керім тілді,
Арғымақтай келіскен бір жарауы,
Аспан асты – Жеңіс-жырдың жалауы.
Аңырақай, Аңырақай, атырапқа бар да үңіл,
Ақбоздардың арбақ ізі тасқа түсіп қалды бір.
Арада етті сан ғасырлар,
Ардақ тұтқан қандасың бар,
Аңырақай, Аңырақай – атауында бар ғұмыр,
Аңырақай – атойлаған әр жүректе Ар-дүбір!