30.11.2021
184
Уық
Тоқталып киіз үйдің уығына,
Көрейік мұны дағы біз ұғына.
Болса да жалғыз ағаш сырық сынды,
Көп мұның қиыны да, қызығы да.
Сайлайды үйші уыққа мықты ағашты
(Әлсізі ауыр салмақ ұстамас-ты).
Жақсылап жонып, өңдеп алғаннан соң,
Салады қоз бен тезге күш-талапты.
Сидаңдау ұзын ағаш өңделеді,
Иіліп түпкі тұсы өзгереді.
Кеудесін киіз үйдің көтеретін,
Уықтың иіні осы – ең керегі.
Енді үйші жонғыны іске жаратады,
Ағаштың түбін соған қаратады.
Жалпайтып жуан түпті жонып алар,
Біліп ал, бұл – уықтың алақаны.
Алақан ортасынан тесіледі,
Уықбау байлар тұсы – осы жері.
Бекітер керегеге бау болған соң,
Не қылдан, не шудадан есіледі.
Ендігі шаруалары шамалы боп,
Ұш жағы жіңішкеріп қалады көп.
Шаншылар шаңыраққа үшкір ұшы
Аталып кеткен уық қаламы деп.